ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ КҮН САНАП КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

3  712 көрілім

Түркістан – бір кездері басына бақ қонып, сән-салтанаты тасып түрік жұртына атамекен болған қасиетті орда. Күллі Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Заманында екі жүз жылға жуық уақыт Қазақ хандығының астанасы болғаны тарихтан белгілі. Нақтылап айтқанда, ұлт тағдырының ұлы шешімдері осында жасалып, ел келешегі сан мәрте талқыланған құтты топырақ.

Барша түркі халықтарының ата қонысы саналатын шаһарда рухани ілімнің бабасы болған Қожа Ахмет Ясауи жатыр. Содан да жеті ғасыр ілгері Ақсақ Темір бас болып салдырған күмбезі көк тіреген кесенеде қазақтың даңқты хандары, батырлары, билерінің 130-дан астамы жатыр. Олардың 21-і хандар. Киелі шаһардың 1500 жылдық тойында Елбасы «он бес ғасыр тарихы бар бұл қаланың мерейтойы – тек Түркістанның ғана емес, Қазақстан Республикасының, бүкіл түркі тілдес халықтардың да мерейін үстем ететін игілікті шара. Ендігі басты мақсат – Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани-ғылыми және сауда экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыра беру болып табылады» деп айтқан болатын. Елбасымыздың осы сөзі бүгінде шындыққа айналды.

2018 жылдың 19 маусымы шаһар үшін тарихи күн. Дәл осы күні Елбасы Жарлық шығарып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» заңының 3-бабы 1-бөліміне сай қазақ елінде жаңа облыс орталығы ашылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Жарлық шықты да, іске кірісу де уақытында жүріп кетті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облысының әкімі болып Жансейіт Түймебаев, Түркістан қаласының әкімі болып Әліпбек Өсербаев тағайындалды.

Жаңа облыс орталығының тарихы 2018 жылдың 17 тамызында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастауымен жаңа орталық – Түркістанға қоныс тебуінен басталды.

Үкімет деңгейінде шаһарды біртұтас дамытуға, жаһандық деңгейде өркендетуге, сонымен бірге облыстың аяғынан тұрып, өз келбетін шегендеуі үшін заң мен 5 бірдей қаулы қабылданды. Сондай-ақ, енді шаңырақ көтеріп, уығын қадаған облысты өркендетудің 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сай 5 жылға 1 трлн. 236 млрд. теңге бөлінді. Онда Түркістан облысы негізінен аграрлық өңір болып табылатындығы анық көрсетілген.

Осылайша жоспары мен келешегі талқыланған, әрі бекітілген шаһарды дамытудың жұмыстары қарқынды жүріп кетті. Ауқымды құрылыс жұмыстары басталып қазірге дейін салынып жатыр. Елбасы баяғы бабалар жолымен «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады», – деген сөздерді тасқа қашатып жаздырып көк тастан белгі орнатты. Өзі ашылуына қатысып, шаһардың жарқын болашағының басталуындағы мәңгілік мұра дейтін ұғым қалыптастырды. Сондай-ақ, 2018 жылы Түркістан облыс орталығына айналғаннан кейінгі бірінші сапарында арыдан сөйлеп, ағынан ақтарылды.

«Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның орны еліміз үшін үлкен маңызға ие. Ол – Орталық Азиядағы ең көне де қасиетті қалалардың бірегейі. 3000 жылы біз Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы тарихи деректерде Күлтөбеден табылған жәдігерлер оның кемінде 2000 жылдық тарихы бар екенін көрсетіп отыр. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен қырықтан астам іс-шара өткізілді. Осының барлығы бүгінгі біздің шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды», – деп толғады Елбасы.

Осы сапарда Елбасы «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Түркістан қаласында арнайы мәжіліс өткізіп, еліміздегі алпауыт компаниялар мен ел Үкіметіне Түркістанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берді. Облыс әкімдіктері мен ірі компанияларға 26 нысанды салу міндеті жүктелді. Ал, бүгінгі таңға дейін олардың басым көп бөлігі шынайы жүзеге асып үлгерді.

Шынында, 3 жылда көркі көз сүріндіретіндей болып құлпырып сала берді. Бұрын ат басын бірнеше рет бұрғандарды қойып, өмір бойы осында тіршілік етіп келе жатқан қала тұрғындарының өзі танымастай өзгерді. Апта сайын жаңарып, ай сайын танымайтындай дамып жатыр.

Қарап отырсақ, тарихи шешім жасалғалы Түркістан тек алға басып келеді. Айтарға аз уақыттай сезілгенімен атқарылған жұмыстар легі жетіп артылады. Небір таңғаларлық бағыттарда нақты әрі нәтижелі жұмыстар жасалынды. Осының барлығын ел тізгінін ұстаған президенттер мен өңір басшыларының еңбегінен, олардың көрегендігінен деп айтуға болады. Олай болатыны Түркістан облыс болған жылдарда екі президент, екі облыс әкімі, екі қала әкімі қызмет атқарыпты. Тарқатып айтар болсақ, тәуелсіздіктен бері ел басқарып келе жатқан Елбасымыз билікті өз қалауымен өткізіп Ұлттық Қауіпсіздік кеңесін басқаруға кірісті. Ал, 2019 жылдың 9 маусымындағы сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші Президенті болып таққа отырды. Жаңа облыс болғанда тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың орнына 2019 жылы 26 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарып келген Өмірзақ Шөкеев тағайындалды. Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың орнына 2019 жылдың 3 шілдесінде ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Рашид Аюпов тағайындалды.

Сонымен Елбасы бастаған Түркістанның дамуын кейінгі басшыларда өрелі атқарып жатқаны белгілі. Оны ел халқы болып көзбен көріп те, ақпарат құралдарынан оқып та отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде аймақтарға жасалатын алғашқы сапарын осы Түркістаннан бастады. Оның жайдан-жай болмағаны, үлкен мәнге ие екені айтпаса да белгілі.

Өңірдегі жұмыстар қарқынды жүріп, белгілі деңгейде өз нәтижесін беріп жатты. Облыс орталығына айналған шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, Түркістан қаласының идеологиялық негіздемесін қалыптастыру бойынша 4 бағыт айқындалған болатын. Олар: біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы. Екінші, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы. Үшінші, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы. Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға бағыттарына арналды. Бұл бойынша да жұмыстар жүйелі орындалып келеді.

Облыс отралығы болғалы індет жағдайына қарамастан сақтық шараларды негізге ала отырып, қала аумағындағы барша құрылыс жұмыстары іркіліссіз, әрі тоқтаусыз жүріп жатыр. Қала тұрғындары үшін де бәрі қуанышты жағдай болып жатқаны белгілі. Осы кезеңде шаһардың инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, ескі жолдар орнына жаңасы салынып, тар жолдар кеңейтіліп, жүргіншілер жолдары төселіп, көше бойындағы арықтар тазартылып, көше шырақтары жаңарып, барлығында өзгеріс болып жатыр. Бой көтеріп жатқан жаңа құрылыстардың көркі қала келбетін ажарландыра түсуде. Негізгі бас жоба бойынша 170-ке тарта жаңа нысан салу көзделген. Сол жобаларды орындау мақсатында 3 жыл бойы тынымсыз еңбектер атқарылып, бірқатары ел игілігіне беріліп үлгерді.

Шаһар құрылыс әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталық деп аталатын екі аймаққа бөлінген. Атаулы жоба бойынша аймақтарда қазіргі таңда 15 мәдени-әлеуметтік нысан, солардың ішінде «Әкімшілік-іскерлік орталықта» 8 нысан бар. Оларды атасақ: жабық бассейні бар спорт кешені, 7000 орындық «Түркістан-арена» стадионы, Оқушылар сарайы, Департаменттер үйі, Басқармалар үйі, Конгресс холл, Цифрлық кеңсе, Аттракциондар саябағы. Келесі «Рухани-мәдени орталықта» 7 нысан бар. Бұл қатарда Ясауи мұражайы, «Ұлы Дала» орталығы, Қолөнер шеберлері орталығын қайта жаңғырту, Ғылыми-әмбебап кітапханасы, Драма театры, Тұңғыш Президент саябағы, Арбат болып саналады.

Елбасының 2020 жылдың 28 қыркүйегіндегі Түркістанға сапарында ең әуелі Түркістан Халықаралық әуежайының ашылу рәсіміне қатысты. Сөйтіп, 2019 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен қолға алынған құрылыстың нүктесін қойып, өзі ашып берді. Әуежай құрылысына қатысты рекордтық көрсеткіш орнатқан бұл жоба шаһар үшін маңызы басым. Бүгінде тек ел ішінде ғана емес, әлемдік мегаполис Ыстамбұл мен Бішкек қалаларына ұшатын бағыттар өз жұмысын жалғауда. Жақын күндері Ташкент бағытына да рейс ашылатын болады. Сол сапарында Елбасы 7000 көрерменге арналып дайындалған «Түркістан-Арена» стадионында, «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залында болып қайтқан еді.

Қала сымбатын келтіріп, ерекше ажарландыра түскен. Әрқайсысы 120 бөлмеден тұратын жеке инвестициялар есебінен туристерге лайықты сервистік қызмет көрсететін «Rixos», «Нұр-Әлем», «Hampton by hilton» атты қонақ үй кешендері қала келешегінің көрінісі секілді.

2020 жылы 5 кәсіпорын іске қосылып, жалпы саны 46-ға жетіп, 192 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде «Turkistan Textile» тігін фабрикасының тұсауы кесіліп, біраз тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етті.

Спорт сүйер қауым үшін «Turkistan-arena» стадионы өз жұмысын бастаса, қаламызда «Тұран» футбол командасы құрылды.

Тағы бір ерекше құрылыс ретінде «Рухани-мәдени орталық» бағытына жататын «Керуен Сарай» көпфункциялы туристік кешенінің құрылысын айтпай кету мүмкін емес. 20,5 га аумақта орналасқан нысанның құрылысы 2019 жылы басталып, 4000 жұмысшы тартылып, бас-аяғы 2 жылда ел игілігіне берілді.

Осы жылдың наурыз айында ел тарихында қалатын «Turkistan» телеарнасы көрерменге жол тартты.

Түркістан қаласының Бас жоспары 3 кезең бойынша жүргізілетін болды. Бұл күнде қала тұрғындарының саны 176 мыңға дейін өскен. 2025 жылға қарай қала халқының саны 250 мыңға дейін, ал 2035 жылға қарай 350 мыңға дейін жететін көрінеді. Атаулы жобада жобаның келесі жобалық кезеңдер қабылданған болып, бастапқы жыл – 2018 жыл, бірінші кезең – 2025 жыл, екінші кезең – 2035 жыл, есептік мерзім – 2050 жыл болып табылады. Шаһардың климатын ескере отырып, қала сыртында көгалдандырудың үздіксіз жүйесін және Сырдария өзенінің табиғи өсімдіктер дүниесімен қосылуды қамтамасыз ететін жасыл белдеуді қалыптастыру жоспарланған. Көгалдандырудың жалпы ауданы 2035 жылға қарай 12 973,8 гектарды құрайды. Өткен жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 миллион шаршы метрді құраса, 2025 жылы 6,1 миллион шаршы метрге жетеді деп көзделген. Ал, 2035 жылы 9,8 миллион шаршы метрге дейін немесе бір адамға шаққанда 28 шаршы метрге дейін өседі деп күтілуде.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мамыр айының ортасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Түркістан қаласында 250-ден астам жобалар салынып, жалпы 445 млрд. теңге инвестиция тартылғанын мәлімдеді.

Бағыт-бағдары айқын шаһардың түлеуі көз ілестірмей жатқаны ақиқат. Бір жаңалығын жеткізіп болғанша, енді бір жаңалығы жарқ етіп жатқаны жасанды емес. Оның куәсі осы қаланың тұрғындары мен қонақтары болып отыр. Шаһардағы сәулеті бөлек ғимараттар, саябақтар, ағаштар, шым жатқызылған алаңдар, субұрқақтар, аллеялар сұлулықтың үлгісі болғандай. Бүгінде күллі түркі дүниесінің, тіпті әлемнің назарына іліккен көне шаһардың экономикалық-мәдени дамуы өз биігінде қалыптасып жатыр. Ажары ашылып, базары кірген, түрленіп, қайта түлеген қаланың бақыты алда. Жергілікті тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы жақсарған үстіне жақсара бермек.

P.S: Бет қатталып жатқанда ақжолтай хабар келіп жетті. Кешегі күннен бастап Түркістан қаласының тізгіні Н.Тұрашбековке сеніп тапсырылды. Енді дамудың даңғыл жолындағы Түркістанның келбетін көріктендіру ісінде жаңа басшы білек сыбана қызмет етеді деп сенеміз. Ел басқарудағы тәжірибесі толысқан әкімнің Түркістанды түлететініне күмәніміз жоқ.

Ләззат САРЫБАЕВА,

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары