Қанат ЖОЛДЫҚАРАЕВ, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «МАҚСАТЫМЫЗ – ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫНЫҢ САНЫН АРТТЫРУ»

3  014 көрілім

Биыл еліміздің Тәуелсіздік таңының атқанына 30 жыл толады. Осы айтулы оқиға қарсаңында еліміздегі қолға алынған шаралардың барлығы аталмыш күнмен орайластырылып өткізілуде. Сол сияқты елімізде жоспарға сай өткізілетін спорт жарыстары да ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қолға алынуда. Осы орайда Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жарылқапұлымен сұхбаттасқан едік.

– Қанат аға, аталмыш басқармаға тағайындалғаныңызға 6 айдан асыпты. Өңір спортын дамыту бағытындағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Оңтүстік өңірі ел спортының дамуына өзінің ерекше үлесін қосып келеді. Өңір дарынды спортшыларды дайындауда алдыңғы қатарда десек артық айтқандық емес. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, түркістандық саңлақтарды дайындау бағытында бар күш-жігерімізді жұмылдыра береміз. Жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында салынған жаңа спорт нысандары спортшыларымыздың жан-жақты жаттығуына қызмет ететін болады. Сондай-ақ, аталмыш нысандар республикалық және халықаралық жарыстарды, бұқаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Күнтізбелік жоспар бойынша осы жылға бекітілген спорт жарыстарын өткізудеміз. Атап айтсақ, жақында Отырар ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир, Түркістан қаласында Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов пен қазақ боксының қара нары Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған Халықаралық жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Қазығұрт ауданында Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор С.Рахымовты еске алуға арналған Халықаралық турнир, ұлттық спорт түрлерінен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері А.Асқаровты еске алуға арналған Халықаралық турнир, Келес ауданында қазақ күресінен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған 60-шы дәстүрлі жарыс және басқа да ірі спорттық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру жоспарланған.

– Облыс тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануларына қандай жағдайлар жасалған? Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері спорт саласының дамуы қай деңгейде?

– Бүгінгі таңда өңір тұрғындары бұқаралық спортпен шұғылдануларына, салауатты өмір салтын ұстануларына ерекше көңіл бөлінген. Түркістан қаласында жаңадан салынған Олимпиада резервін дайындау Орталығының спорт кешені, «Түркістан-Арена» стадионы, бассейні бар спорт сарайы секілді жаңа спорт нысандары алдағы уақытта облыс орталығы тұрғындарына жоғары деңгейде қызмет етіп, осы спорт нысандарынан Олимпиада, әлем чемпиондары шығуына сеніміміз мол. Сондай-ақ, Түркістанның төл перзенті, даңқты боксшы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің жобасы әзірленіп, құрылысы қолға алынуда.

– Токио Олимпиадасына Түркістан облысынан спортшылардың қатысу мүмкіндігі қай деңгейде, параолимпиада ойындарына қатысатын ойыншылар бар ма?

– Ия, қазақстандық спортшылар үшін биыл жауапты жыл десек қателеспейтін боламыз. Өйткені, Жапонияның астанасы Токио қаласында 21 шілде мен 8 тамыз аралығында ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Өздеріңізге белгілі, әлемде орын алған эпидемиологиялық ахуалға байланысты олимп ойындары ХОК-тің (Халықаралық Олимпиада комитеті) шешімімен бір жылға, яғни биылға қалдырылған еді. Осы ретте, Қазақстан ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсететін Түркістан облысының спортшылары да бар. Бүгінгі таңға дейін 52 келі салмақта қазақстандық талантты былғары қолғап шебері, бокстан ұлттық құраманың мүшесі, әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Сондай-ақ, байдарка мен каноэ есу бойынша Наталья Сергеева, академиялық есу бойынша Владислав Яковлев, параканоэ бойынша Бибарыс Спатайлар Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, төртжылдықтың басты додасына қатысуға үміткер талантты жерлестеріміздің қатарында дзюдошы Дидар Хамза мен таеквандошы Нұрлан Мырзабаев бар. Сондай-ақ, əйелдер күресі бойынша Токио Олимпиадасының жолдамасы үшін Дариға Əбен мен Нулифар Раймова да күш сынасады. Жүзу спорты бойынша бақтарын сынайтын Түркістан облысының дарынды қос спортшысы Қаракөз Даниэль мен Дарья Марасанова да лицензиялық жарыстарға қатысады деп жоспарлануда. Токио Олимпиадасына санаулы күндер қалды. Алдағы кезде түрлі спорт түрлерінен бірқатар лицензиялық турнирлер құрлық елдері арасында тағы да өтеді. Ел мерейін үстем етер жауапты Токио Олимпиадасы ойындарының жолдамасын сарапқа салатын барлық турнирлерде көптеп медальдарды жеңіп алу басты мақсатымыз саналады.

– Бекзат Саттархановтан кейін облысымыздан Олимпиада чемпионы шықпағанына 20 жылдан асты. Жалпы өңірде боксты дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ия, дұрыс айтасыз. 2000 жылы Сидней төрінде көк туымызды желбіретіп, Олимпиада чемпионы атанған Бекзат Саттарханов – тек Түркістанның ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы. Осы қуанышты оқиғаның болғанына да міне 20 жылдан асты. Ер Бекзат чемпион болғалы бері оның ізбасары болатын жеткіншектер өсіп келеді. Бекзат ағасындай чемпион болғысы келетін жастар қатары көбейді. Бүгінде қазақ боксы өрлеу үстінде. Сондықтан алдағы жылдары Құдай бұйыртса Түркістан облысынан Олимпиада чемпионы шығады деген үміттеміз. Бүгінгі таңда бұған толықтай мүмкіндіктер бар.

– Жаңадан құрылған «Тұран» футбол командасы жайлы жан-жақты тоқталып өтсеңіз?

– Футболдан Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған «Тұран» футбол командасы бүгінгі таңға дейін 12 ойыннан кейін 12 ұпай жинап, турнир кестесінің 11 сатысында тұр. Команда алғашқы ойындарында қарсыластарына тең ойнап немесе есе жіберіп келсе, міне қатарынан 3 ойын болды жеңіске жетіп жанкүйерлерін қуантуда. Команда бірте-бірте өз ойын өрнегін табуда. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жергілікті футболшыларға әрдайым қолдау білдіріп, жанкүйерлік танытып келеді. Сондықтан болар, бас бапкер Абдухалық Бөрібаевтың шәкірттері соңғы кездесулерде өздерінің дұрыс ойын тактикаларын жүзеге асырып жеңіске жетуде. Облыс орталығында жаңадан салынған «Түркістан-Арена» стадионында жанкүйерлерін қуантып, бұйыртса жоғары лигада өз орнын сақтап қалады деген ниеттеміз.

– Түркістанда өтіп жатқан Қазақстан Республикасынның ХІ жазғы Универсиадасы туралы кеңінен мәлімет берсеңіз?

– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ХІ жазғы Универсиадасы «Түркістан-Арена» стадионында салтанатты түрде ашылды. Аталған шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ХҚТУ-нің 30 жылдығы, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып бекітілуіне орай ұйымдастырылуда. ХІ жазғы Универсиада – 30 спорт түрінен 37 жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба. Универсиада аясындағы жарыстар Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай, Өскемен қалаларында өтуде. Қазіргі таңда 20 университеттің студенттері өзара сайысқа түсуде.

Алматы қаласында 2 мамырда бадминтон спортынан бастау алған сайыстар маусымның 10-жұлдызында Түркістанда әйелдер күресімен аяқталады. Биылғы жеңімпаздар 2022 жылы Қытайда өтетін Дүниежүзілік жазғы Универсиадаға Қазақстан Республикасы студенттер құрама командасы сапында қатысып, ел намысын қорғайды деп жоспарланып отыр. Бүгінгі таңға дейін самбо күресі мен бокстан жарыстар өз мәресіне жетіп, спортшылар университеттерінің намысын қорғады. Командалық есеп бойынша самбо күресі мен бокс спорт түрінен 1-орынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті иеленіп отыр. Қазіргі таңда волейбол мен қазақ күресінен тартысты ойындар түрлі салмақтар бойынша өтуде. ХІ жазғы Универсиада ойындары кезінде карантин талаптары сақталуда. Спортшылар ПЦР тест сынамалары арқылы қабылданып, жарыстарға жіберілуде.

– Көзі қарақты оқырмандарға, ел туын жоғары көтеретін спортшыларға айтар тілегіңіз?

– Киелі өңірдің қарашаңырақ басылымының оқырмандар санының артуына, еліміздің намысын абыроймен қорғайтын спортшыларымыздың дүбірлі додаларда жеңіс тұғырының жоғары сатысынан көрінулеріне шын жүректен тілектеспін. Жеңісті күндеріміз көп болсын, ағайын!

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы