- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Футболдан Қазақстан чемпионатының 10-турында «Тұран» командасы «Түркістан-Аренада» Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады. Өткен ойында «Ордабасы» футболшыларын тізе бүктіріп, жеңістің дәмін сезінген «Тұран» ойыншылары бұл жолы да жеңіске жету үшін алаңға шыққандарын алғашқы минуттардан байқатты. Десе де, «Тұран»-дықтар шабуылды тәп-тәуір бастағанымен оны голға айналдыратын ойыншылардың алаңда жетіспегені анық байқалды.
Қос команданың алма-кезек шабуылымен өткен бұл ойынның тағдыры қосымша минуттарда анықталды. Тартысты кездесудің 90+3 минутында қарсыластар өз айып алаңында ойынға тыңнан қосылған «Тұран»-ның жартылай қорғаушысы Асылжан Аббасты шалып құлатты. Нәтижесінде 11 метрлік айып добын орындауда мүлт кетпеген Стефан Живкович есепті ашты. Ойын қорытындысы бойынша «Тұран» командасы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
«Тұран» командасының бас бапкері Абдухалық Бөрібаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Қызылжар» мен өткен ойыннан алған әсерімен бөлісті:
– Бүгін əрине жоспарланған ойын болды. Қарсыластар қиын болды, əлбетте олардың жоғары дайындалғаны көрініп тұр. Олар бірінші таймда өз тактикалары бойынша шабуылда ойнады. Екінші тайм барысында Стэнлиді шығарып, шабуылды күшейту керек болды. Сөйтсек, ол ойынға дайын болмай шықты. Қозғалысына қарап, жаттығу кезінде дайын болғанымен матч кезінде дайын болмайтын ойыншылар болады. Сондықтан да оны ойын барысында ауыстыруға мəжбүр болдық. Ойыншылар кездесу кезінде күш-жігерлерін көрсетті. Жарақат алып жатқан футболшыларымыз бар. Біз алдағы уақытта әлі де болса көп жұмыс атқаруымыз керек. Сонда ғана жеңіс болады деген сенімдемін, – деді.
Енді футбол жанкүйерлері үшін жағымды жаңалықпен бөліссек. Жақында «Тұран» Түрікменстан құрамасының шабуылшысы Вахыт Оразсахедовпен келісім-шартқа отырды. 28 жастағы футболшы бұған дейін Түрікменстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан чемпионаттарында өнер көрсетіп, тәжірибелі шабуылшы ретінде танылған. Шабуылшы 2019 жылы Қырғызстан чемпионатының «Дордой» сапында 20 гол соғып, үздік сұрмерген атанған.
Бүгін «Тұран» командасы сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасымен кездеседі. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз. Алға, «Тұран»!
Райымжан ӘЛІБАЕВ,
«Түркістан».