ОРАЗАҢЫЗ ҚАБЫЛ БОЛСЫН ҰСТАҒАН ЖАН

2  604 көрілім

Әлемдердің Раббысы ұлы жаратушы Алла Тағалаға мақтаулармен мадақтаулар, хамдылар мен шүкірлер және адамзаттың асылы сүйікті Мұхаммед (с.а.у) Пайғамбарымызға Алланың игілігімен сәлемі болсын. Барша мұсылман қауымына Алла тағаланың қайыры мен берекесі нәсіп болғай. Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан мерекесі құтты болсын, ағайын!

Хақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) үмбеттеріне мирас етіп қалдырған өсиеттерінде былай баян етеді: «Рамазан айының кіруімен жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктеріне құлып салынып, бүкіл жын шайтандар шынжырлармен бұғауланады» деген.

Бұл айдың мүмкіндігі мен артықшылығы сондай, бұл айда ораза ұстап, ішіп жеуден тыйылып қана қоймай, сонымен қатар барлық жаман (харам) іс әрекеттерден, қызғанушылықпен көре алмаушылықтан, іш тарлықпен тәкәппарлықтан және нәпсі құмарлықтан толықтай арылып тәніміз бен жанымызды тазартып руханиятымызды ләзаттандырып жаратушымыз Алла Тағалаға жақындайтын үлкен мүмкіндік айы. Қасиетті Құранда Алла Тағала Бақара сүресінің 183. аятында былай әмір етеді: «Аса қамқор ерекше мейірімді Алла атымен бастаймын. Уа иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де Ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» деп бұйырған. Сондықтан да ақыреттік азығымызды жинап, қиямет күнінде махшар алаңында жарық жүзімізбен Алла тағаланың сүйікті құлы Пайғамбарымызға ұнамды үмбет болуға қамданып харекет етейік ағайын. Бұл ай сондай ай Алла Тағаланың рахымы мен кешіріміне сонымен қатар пенденің тозақ отынан құтқарылып азат етілуіне мүмкіндік алатын ай.

Бірде сахабалар! Уа Алланың елшісі Алла Тағала разылығымен сауабынан үміт етіп ұстаған оразамыздың сауабы қалай болмақ?-деп сұрағанда, оған Алланың игілігімен сәлемі болсын былай деп жауап берді: «Бүкіл жер бетіндегі (Көл, теңіз, мұхит) суларды сия етіп, бүкіл өсімдік атаулыны (тал, ағаштарды) қалам етіп алып жазсаңыздар да оның есебі жетпейді» деген екен.

Әбу Харайра (Алла оған разы болсын) жеткізген мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген. Алла Тағала: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзі үшін, ал (ораза тұту) мен үшін, оның сиын өзім беремін»,-деп айтты. Шын мәнінде ораза мұсылман баласы үшін қалқан болып саналады. Рамазан айының қасиеттерінің бірі – теңдік айы болып саналады. Мүбәрәк Рамазан айында ораза ұстаушы ауқатты адамдар аштықты сезініп, Алла тағаланың сансыз нығметтеріне шүкіршілік етеді, ал аш адамдар қуанышқа кенеліп, осылайша бай мен кедейдің теңесетін мәртебелі айы. Егер де бұл айда басшылардың қол астындағыларға жұмыстарын жеңілдетіп, қызметкерлердің ғибадат құлшылықтарына жағдай жасаса, олардың күнәләрі кешіріліп, мол сауапқа қол жеткізіп және қиямет күні тозақ отынан азат болып зор қуанышқа бөленетін үлкен мүмкіндік. Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір өсиетінде былай дейді: «Менің үмбеттерім үшін үлкен екі қуаныш бар. Оның бірі ауыз ашқанда, екіншісі қиямет күні махшар алаңында» деп өсиет еткен. Осы себепті бұл мәртебелі Рамазан айында мүмкіншіліктерді кеңінен пайдалана отырып, қайырымды да ізгілікті істерді жалғастырып, ғибадат құлшылықтарымызды жасағанымыз жөн. Және де осы қасиетті Рамазан айында мұң-мұқтаждар мен жоқ-жітіктердің қажетін шығарып, қуанышқа бөлеп, Алла Тағала разы болған амалдарды орындасақ нұр үстіне нұр болары хақ деп білеміз. Алла Тағала елімізді сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтасын. Бұл дүниеде және ақыретте бақытын нәсіп етсін!

Мұхамеджан ЖҰМАДУЛЛАЕВ

ҚМДБ Түркістан облысы “Түркістан – Ахмет Ясауи” орталық мешітінің наиб имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы