ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ: МЕКТЕПТЕР ІНДЕТТІ ҚАУІП САНАП ОТЫРҒАН ЖОҚ
Өткен жылдан бері елді алаңдатқан індеттің салдары көпшілікті әрі-сәрі күйге түсірді. Барлық саланың жоспары жұмысында тосыннан өзгерістер орын алып жұмыс бағыты өзгерді. Бұл карантин талаптарының салдары еді. Осындай шектеулер бірінші білім саласына тиесілі болғанын да білеміз. Ол заңдылық. Себебі, мұнда жас ұрпақ күндерінің негізгі бөлігін сарп етіп, білім нәрімен сусындап жатыр. Міне, оқушылар өткен оқу жылының төртінші тоқсанында сабақ кестесін онлайн жүйеге ауыстырып еді. Содан бері қауіптің беті аса сейіле қоймаса да ата-аналардың рұқсатымен оқушылар мектеп табалдырығын аттай бастады. Қазір Түркістан қаласында оқушылардың 85 пайыз шамасында білім ұясына келіп оқуын жалғастыруда. Себебі, біздің облыс жасыл аймақта. Сонда да “сақтықта қорлық жоқ” деген емес пе. Мектептерге салалық органдардан санитарлық талаптарды барынша қатаң сақтай отырып, жұмыс жүргізу пысықталған еді. Осыған байланысты Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерді аралап, індетке байланысты санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларының барысымен танысып едік. Індеттің ауылы алыстай түскендей күй кештік. Лайым солай болсын. Тарқатып айтайық.
Шаһардағы білім ордаларының 80 пайызына дене қызуымызды өлшетпей, тексерусіз-ақ кіре алдық. Біз табалдырығын аттағанда шаң басып жатқан мектептің басшысына кіріп шыққаннан кейін әр жерде жарыса еден жуып жүрген санитарлық қызметкерлерді көз көрді. Тіпті кейбірінен аяқ алып жүру де қиын. Санитарлық талап бойынша әр ғимаратқа келген адам антисептикпен қолын тазалап кіруі міндеттелген. Алайда, кейбір мектептердің кіреберісінен антисептик байқамадық. Одан бөлек, сыныптарды аралағанда антисептиктің бос тұрған ыдыстарын да таспамызға түсірдік.
Мектеп ішінде жүрген соң балалардың ыстық тамақпен қамтылуы бойынша асханалардың да жұмысымен таныстық. Нәтижесінде мемлекеттен рұқсат етілмеген тағамдар мен қуырылған бәліш (пирожки) секілді тағамдардың сатылымда тұрғанына куә болдық. Алайда, жауаптылар бізге мектеп басшысы мен ұстаздардың сұранысы бойынша пісіріледі деген уәж айтты. Демек мектепте бұл бағыттағы санитарлық талап екінші орында деп түйдік.
Өткен жылдары мектептің сыртында орналасқан әжетханаларда зорлық-зомбылық жағдайлары тіркелген соң, салалық министрліктің өкімімен мектептің ішкі әжетханалары толығымен жұмыс жасауы міндеттелген болатын. Танысу барысында барлық қабаттарда әжетханалар істеп тұрғанымен тек бір ғана әжетхананы қолданысқа берген мектептерді байқадық. Басқаларына қара құлып салынған. Мектеп ауласына кіргенде топтасып алысып жүрген балалар мен мектеп ішінде арнайы жүру белгілерінсіз арақашықтығы сақталмаған оқушыларды да көп кезіктірдік. Қоңырау кезінде әр қабатта бекітілген кезекші мұғалімдер болатыны белгілі. Бірақ, біздер ондай кезекшілікті көрмеген мектептер де кездесіп жатты.
Бір қызығы мектепке кірген кезде есік аузында арнайы орында болмаған термометр мен антисептиктер білім ұясынан шығар кезімізде орнында тұрды. Көкейімізді «сонда мектепке кірген адамның қызуын өлшеу тек арнайы сол құрылғыны сұрап келген адамға ғана қажет пе?» деген сұрақ мазалайды. Әрине, барлық мектептерді санитарлық талапқа сай емес деп айта алмаймыз. Мектепке кіргеннен қолымызды антисептикпен шайып, қызуымызды өлшеп табалдырығын аттатқанын былай қойғанда, балалардың мектеп ішінде жүру бағыттарымен арақашықтықты сақтап жүргенін көргенде іштей сүйсіндік.
Сонымен мектепті аралап болып, қайтуға қам жасағанда кем-кетістігін жазбауын сұраған басшылық та болды. Десе де, мұндай олқылықтарға назар салып ұқыптылық танытпасақ оқушылардың денсаулығы не болмақ? Бәлкім осындай жауапсыздықтың салдарынан болар, қазіргі таңда Түркістан қаласындағы ең үлкен мектептің бірінде оқушылар толықтай онлайн оқу жүйесіне көшті. Қысқасы карантинге жабылды. Оқушылардан індет белгілері анықталған. Егер білім ұяларындағы сақтық шаралары бұлай жалғаса берсе бұл салада төртінші тоқсан аяқталғанша біраз мәселенің беті ашылғалы тұр. Айтылған сынның нәтижесі болады деп сенеміз.
P.S. Түркістан қаласына қарасты барлық мектептерді аралап шықтық. Танысу барысында сөзіміз дәлелді болуы үшін таспалай жүрдік. Атын атап, түсін түстемесек те, айтылған мәселелердің кімге яғни, қай білім ұясына тиесілі екені мектеп басшыларына белгілі болар.
М.ХАЛИЛАЕВА.