ТҮРКІСТАНДА СУАРУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

3  681 көрілім

Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру үшін ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру керек. Мәселені шешу – басты назарда. Осы мақсатта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауымен, Түркістанда жан-жақты зерттеліп, зерделенген кешенді жоба бойынша ауқымды істер атқарылып келеді.
Ең алдымен, қаланың бірнеше бағытынан келетін кіші каналдар күрделі жөндеуден өткізіліп, қалаға су тартылды. Түркістан аумағында жүздеген су арналары пайда болды. Рухани-мәдени орталық пен Әкімшілік-іскерлік орталықта және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына жобамен 100 шақырым арықшалар орнатылды. Бұл – Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар.
«Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы, «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасын салу, «Машиналық әдіспен су беру», «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жұмыстары басталды. Түркістан қаласы Бас жоспарының жобасына сәйкес, қала айналасынан 8 мыңға жуық гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспары жыл соңына дейін толық жүзеге асады. Бұл жазы ыстық Түркістанның жасыл желекке орануына сеп болады.


Суландыру жұмыстарын жүргізу арқылы қала ішіндегі және айналма жол бойында отырғызылған ағаш көшеттері мен жасыл желекті суғаруға толық мүмкіндіктер болады. Және осы арықшалардан келген су Кесене аумағында орналасқан Тұңғыш Президент саябағындағы жасанды көлге келіп құятын болады. Түркістан әуежайының аумағында 140 мың жасыл желек, 200 мың қара өрік отырғызылды. Бұл да шаһардың жасыл желекке орануына сеп болмақ.
Қаладағы құрылыс алаңдарын аралған Өмірзақ Естайұлы жаңадан бой көтерген «Дендро саябақ» пен ондағы жасанды көлдің құрылыс барысымен танысты. Жасанды су айдынының құрылысы аяқталуға жақын. Жақын күндері мұнда су келеді.
Түркістан сәулетшілері облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа су арнасының жобасын дайындады. Жоба жүзеге асқан жағдайда, ұзындығы 9 шақырымды құрайтын жаңа канал пайда болады. Осылайша «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан келетін ағын су
Ясауи кесенесінің аумағындағы Тұңғыш Президент саябағы мен қала іргесінде орналасқан аттракциондар паркіне дейін созылады.
Айта кетейік, Түркістан қаласын сумен қамтамасыз етуде жер беті суларымен қатар, жер асты суларының да маңызы зор. Жарамсыз болып қалған 150 тік ұңғымаларды қайта қалпына келтіру арқылы жылына қосымша 190 млн. м3 ағын су тапшылығын шешуге қол жеткізіледі

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары