ЖЕҢІСТІҢ АУЫЛЫ АЛЫСТАП БАРАДЫ

1  023 көрілім

Аптаның сәрсенбі күні «Тұран» футбол клубы «Түркістан-аренадағы» үшінші матчын Жамбылдың «Тараз» командасымен өткізді. Өкінішке орай, «Тұран» жанкүйерлерін тағы да қуанта алмады. «Тараз» шабуылда белсенді өнер көрсетіп, 79-минутта ұрымтал сәтті мүлт жібермей есепті ашты. Голдың авторы Педро Эуженио. Одан кейін қос команда алма кезек шабуылдағанымен таблодағы есеп өзгермеді. Осылайша Әбдіхалық Бөрібаев шәкірттері кезекті жеңілістің ащы дәмін татты. Сонымен Қазақстан Премьер-лигасының 5-туры артта қалды. Осы ретте «Тұран» командасының ойындарына тоқталып өтсек.

Бірінші турда «Астанамен» тең ойнаған түркістандықтар ешкім күтпеген нәтижеге қол жеткізді. Өйткені қарсылас Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы еді. Өз алаңында нөсер жауын астында ойнаған тұрандықтар азулы қарсыласының шабуылдарына төтеп беріп, астаналықтардың қақпасына екі гол соқты. Ойынның қорытындысынан бұрын жасыл алаңның жағдайы көбірек сынға ұшыраған алғашқы тур осылайша күтпеген жайттармен басталды.

Екінші турда қонаққа барған «Тұран» командасы «Жетісумен» бақ сынасып, 3:0 есебімен ойсырай ұтылды. Әбдіхалық Бөрібаев шәкірттері талдықорғандықтармен өткен ойында мардымсыз ойын көрсетті. Қорытынды есеп 3:0. Сөйтіп, «Тұран» алғашқы жеңіліске ұшырады.

«Тұран» футбол клубы «Түркістан-аренадағы» екінші матчын Қызылорданың «Қайсар» командасымен өткізді. Жауын астында өткен ойынның алғашқы минуттарынан бастап, «Тұран» ойын тізгінін қолына алып, жанкүйерлердің қызу қолдауымен қонақтар қақпасына лап қойды. Әсіресе, «Тұран» шабуылшысы нигериялық Стенли Нкобидің алаңдағы белсенділігі ерекше көзге түсті. Командаға жаңадан қосылған ойыншылар да тәп-тәуір өнер көрсетті. Ойын соңында Темірлан Әміров нигериялық шабуылшыны бекер ауыстырылмағанын 90-шы минутта дәлелдеді. Әміров қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп «Тұранды» алға шығарса, «Қайсар» ойыншылары қайсарлық танытып тез арада есепті теңестіріп үлгерді. 93-минутта Арман Кеңесов шабуылды сәтті аяқтады. Осылайша, «Тұран» өз алаңында «Қайсармен» тең түсті. Ойыннан кейін команданың бас бапкері Әбдіхалық Бөрібаев ойынның қорытындысы бойынша былай деді: «Біздің командаға концентрация жетіспеді. Яғни, соңғы секундқа дейін əр футболшы ойында болуы керек. Қойған мақсаттарды, талаптарды дұрыс орындай алмағандығынан болуы керек, біз үш ұпайға қол жеткізе алмадық. Тіпті, ойынға тыңнан қосылған футболшылар да қойған міндетті орындай алмады. Ойынды толық сараптап, содан нəтиже шығарамыз».

Қазақстан Премьер-лигасының 4-турында «Тұран» Алматыға қонаққа барды. Өткен жылы ел чемпионы атанған «Қайрат» пен өтетін ойынды футбол жанкүйерлері кімнің мықты екендігін алдын ала болжап та қойған еді. Дәл солай да болды. Есеп 5:1. Ойын басталуымен «Тұран» қақпасына лап қойған алматылықтар көздеген мақсатына 2-ші минутта-ақ жетті. «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен Андрей Пасенченко қорғаған қақпаға саңлау тауып есепті ашса, араға 3 минут салып алматылықтар есепті еселеді. «Тұран» командасының қорғанысы сыр берген бұл ойында «Қайрат» ойыншылары 30-шы, 43-ші минуттарда тағы да «Тұран» қақпасына гол соғып бірінші таймның өзінде-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Екінші кезеңнің 90-ші минутында «Тұран» футболшысы Қасымхан Тайыпов есеп айырмасын қысқартып, командасына қуаныш сыйлады. Әттең, бұл қуаныш та ұзаққа созылмады, көп ұзамай «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеола ойынның нүктесін қойды. Сөйтіп, «Тұран» «Қайрат»-тан ойсырай ұтылып қайтты.

Дегенмен, «Тұран» командасының жеңісті күндері алда деп сенейік. Жергілікті ойыншылармен қоса командаға шақырылған Стефан Живкович, Милан Стоянович, Бранислав Янкович, Андрей Залеский, Лайонел Адамс, Александр Чиж, Павел Деобальд, Нкоби Чисом Стэнли, Адамс Лайонел, Бочаров Никита сияқты легионерлердің «Тұран» командасын алдағы кездесулерде жеңіске жетелейтініне сенімдеміз. Әзірге «Тұран» командасы 5- турдан кейін 2 ұпай жинап, турнир кестесінің он бірінші сатысында тұр. «Тұран» 19 сәуірде «Түркістан-аренада» Ақтаудың «Каспий» командасын қабылдайды. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары