Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды, жерлестер! Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті әлемдегі пандемия салдарынан бейнеконференция арқылы өтті. Біз бұл күнді ерекше күттік. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бауырлас елдер көк күмбезді облыс орталығына келуге өз ниеттерін білдіріп, қызығушылық танытқан болатын. Алайда, алдымен адам денсаулығының маңызын ескере, бейнеконференция ретінде өткізудің дұрыс шешім екенін бағамдадық.
Бейресми саммит аясында «Түркістан декларациясы» қабылданды. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кездесуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінің басшылары мен Мажарстанның Премьер-Министрі қатысып, рухани шаһардағы оң өзгерістер жайлы кеңінен талқылап, жоғары бағасын берді. Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары әлеуметтік-экономикалық даму және өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, сонымен қатар, құндылықтарымызды өңірлік және халықаралық аренада ілгерілету жолдарына назар салды.
Мемлекет басшылары ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Түркі кеңесінің атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қолдады. Нәтижесінде, Түркістан қаласына берілген мәртебе алдағы жылдары түркі әлемінің өзге де көне шаһарларында жалғасын тауып, күзде Түркияда өтетін Түркі кеңесінің 8-саммиті қарсаңында қабылдануы жоспарланды. Көлік, кеден, энергетика және инфрақұрылым саласындағы жобаларды қолға алуға және жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін экономикалық бағыттың да маңыздылығы осы Түркі кеңесі мемлекеттері басшыларының басқосуында өз шешімін тапты. Түркі әлемінің әдебиеті, өнері, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени өмірінің дамуына қосқан үлесін бағалай келе, Түркі кеңесі аясында Әлішер Науаидің, Жүсіп Баласағұнның, Жамбыл Жабаевтың және Әлихан Бөкейхан сынды қазақ ойшылдарының мерейтойлары атап өтілмек.
Бұл нәтиже аз уақыт ішінде назарын аудара білген шаһар үшін және қала жұртшылығы үшін – үлкен абырой деп білемін. Қолға алынған және жоспарланған әрбір бастаманың өз деңгейінде жүзеге асырылуы үшін бізді жауапты міндеттер күтіп тұр. Біз бұл міндеттерді жанашыр халқымыздың, данагөй ақсақалдарымыздың, жауапты қызметкерлеріміздің арқасында жүзеге асыратынымызға сенімдімін.
Р.АЮПОВ,