- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Шаһар келбетін Наурыз мейрамы қарсаңынан бастап жолға шыққан жаңа автобустар тіпті де ажарландыра түсті.
Анықтап айтқанда қалаға SAZ LЕ-60 маркалы 20 жаңа қоғамдық көлік әкелінді. Екі есікті 25 жолаушыға лайықталған қоғамдық көліктерде жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылған. Сонымен қатар, желдеткіш, арнайы қажеттілігі бар жандардың арбасына арналған арнайы орын (пандус), электронды билет беру құрылғысы, үш бейнебақылау құрылғысымен жасақталған.
Аталған автобустар «ТехПрофАвто» ЖШС тапсырысымен арнайы «Самарқанд» автомобиль зауытынан жеткізілген. Жоспар бойынша көлік қатары ай соңына дейін тағы 10 автобуспен толығады деп күтілуде.
«Қазіргі таңда қалада 20 автобус жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін қаланың ішіне 100 машина алып келуді жоспарлаудамыз», -дейді жоба жетекшісі Дінмұхаммед Абибулла.
Жаңа үлгідегі атаулы 20 автобус бүгінде №14 және №15 жол бағыты бойынша шаһар тұрғындарына қызмет етуде. Нақтылап айтар болсақ, №14 жол бағытына 10 қоғамдық көлік жұмылдырылып, әр қайсысының ара қашықтығы 10-12 минут сақтай отырып, жаңа автовокзалдан түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» зауытына дейін жүреді. Ал №15 жол бағытындағы 10 автобус 10-12 минут сайын жаңа автовокзалдан теміржол вокзалына дейін барады.
Сонымен бірге бірдей үлгіде безендірілген жаңа таксилер жұмысын бастады. Заңды автотасымалдаушылардың санын арттыру арқылы халықтың жүріп – тұруы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін елімізде жасалған жаңа да жайлы 20 автокөлік «Уassy taxi» брендімен сапалы қызмет көрсетуде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қалада 21 бағыт бойынша 270 қоғамдық көлік жолаушыларға қызмет көрсетеді.