ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

1  371 көрілім

Орталық Азиядағы тұрмыстық техника мен электроника тауарларын өндіру саласындағы көшбасшылардың бірі – Artel компаниясы елімізде ас үй плиталарын және басқа да көптеген техника түрлерін экспорттайды. Енді аталмыш компанияның Түркістан облысында да жаңа өндірісі іске қосылмақ.

Бірлесе жұмыс жасау мақсатында Өзбекстанның тұрмыстық техникалар өндіретін «Artel» өндірістік зауытын Түркістан қаласынан ашу жоспарлануда. «Artel» брендімен шығарылған тұрмыстық техника мен электроника Өзбекстан Республикасының ішкі нарығында ғана емес, сонымен қатар сыртқы нарықтағы күшті бәсекелестік жағдайында да өз орны мен тұтынушысына ие. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Artel экспорттық географиясында стратегиялық маңызды рөл атқаратын ел болып табылады. Елімізге импорт көлемі 2019 жылы 21 миллионға жетсе, 2020 жылы 31 млн. долларды құрады, бұл компанияның экспорттық көрсеткішінің 30 пайызын құрайды.

Ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолында өнімнің экспортын дамыту бойынша «Artel» ком-паниясының өкілдерінен құралған жұмыс тобы ар-найы шақырумен өткен жылдың соңында облысы-мызға жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар ба-рысында қос тараптың жауапты тұлғалары арасын-да келіссөздер жүргізілді. Компания өкілдері өңір-дің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкін-діктері және индустриалдық аймақтағы инвестор-лар үшін жасалған мүмкіндіктермен танысқан.

Айта кетерлігі, Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы екі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Елдер арасындағы тығыз байланыстарды екі мемлекет басшылары бастап берді. Енді достық қатынастарға негізделген осы ынтымақтастықты лайықты жалғастыру билік тармақтарының міндеті. Сол мақсатта осы жылдың қаңтар айында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстан Республикасына арнайы сапар шекті. Өңір басшысының Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен өткен кездесуінде Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келді. Бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған осы сапардың жемісі екенін еске сала кетейік.

Екі жақты келісім бойынша бұл жоспарлар 2021-2023 жылдары жүзеге асады деп жоспарлануда. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде (2021 жыл) жыл сайын 500 мың тұрмыстық техника, яғни ас үй плиталарын шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Екінші кезеңде, (2022 жыл) электр су жылытқыштарын өндіру қолға алынады.

Билік өкілдері өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы несие, жер учаскелері және жобаның салық төлемдері бойынша түсініктемелер берді. Жоба толық көлемде Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы көмегімен Қазақстан Республикасының коммерциялық банк-тері жеңілдікті шарттармен берген несиелері есебі-нен жүзеге асырылмақ. Техника бағасы да тұтыну-шы үшін қолжетімді болмақ. Түркістан облысының әкімі жобаны жүзеге асыру барысында әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтты. Ас үй плиталары мен электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт қуаттылығы – жылына 1 млн. бірлік техника. Жоспарланған инвестиция көлемі – 36 млрд. теңге. Кәсіпорын 2100 жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күні «Artel» өнімдері «Sulpak» дүкендері және Қазақстан Республикасындағы электрлік өнімдердің ірі сатушылары болып табылатын «Technodom» интернет-дүкендері арқылы сатылады. Сонымен қатар, «Аrtel» компаниясының арнайы дүкендері де бар. Дүкен басшыларының айтуы бойынша, Өзбекстан өнімдеріне алғашында сұраныс аз болатын. Дегенмен, соңғы жылдары оның сапасына көзі жеткен тұрғындар көбейді. «Artel» өнімдерінің ішінде газ плиталары мен су жылытқыш құрылғыларына тапсырыс көп түседі, әрі әрбір өніміне 3 жыл тегін кепілдік беріледі. Дүкен басшылығы «Artel» компаниясының Қазақстаннан, соның ішінде Түркістан қаласынан ашылатынына дән риза.

«Қаламызда фабрикалар мен зауыттардың ашыла бастағаны мені қатты қуантты. Жан-жақта ақша табу үшін отбасын тастап жүрген азаматтар қаншама. Енді барлығы қаламызға оралып, осы ашылып жатқан зауыттарда жұмыс істейді деп ойлаймын. Ал Artel-ге келсек, бұған дейін компания өнімдерін өз қаражатымыздан әкеліп, дүкенге сатылымға шығаратынбыз. Өнімді алған бағамыздың үстіне жолақысын қоса есептегенде, әрине, өнім қымбаттау шығады. Егер тауар өз қаламызда болса, біріншіден бағасы жағынан тиімді, екіншіден тауардың жеткізілу уақытынан ұтамыз. Біздің дүкенде Artel-дің әрбір заты өтімді, соның ішінде газ плитасына сұраныс көп. Қаламызға газ келгелі сұраныс екі есеге артты. Тағы бір қуанарлық жағдай, техника бұзылса оны жөндеу, қажетті қосалқы бөлшек табу қиынға соғатын. Енді оның әрбір бөлшегі өз қаламызда шығады», – дейді жеке кәсіпкер Батыр Анарбаев.

Қос мемлекет Түркістан облысы бойынша бірлесе жұмыс жасауды өткен жылы «Turkіstan Textile» тігін фабрикасынан бастаған болатын. Түркістан қаласының индустриялық аймағында 2 га аумақта орналасқан «Turkіstan Textile» тігін фабрикасының жұмысы жандана түскен. Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының бірлескен кәсіпорнының құрылысы 3 айға жуық мерзімде аяқталды. Зауыт толық іске қосылғанда 1000 адамға дейін жұмыс орны ашылатын болады. Тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған болатын. Бүгінде кәсіпорын өз өнімін өндіруге кірісті. Тұрмысы төмен отбасы мүшелерін жұмыспен қамту мақсатында іске қосылған әлеуметтік жоба барысында бүгінгі күні 72 адам тұрақты жұмыс тапты. 180 адам осы жерге жұмысқа орналасу үшін тігіншіліктің қыр-сырын меңгеруде.

Айта кетерлігі, бұл жобалар қаламыздағы индустриалды аймақта бой көтеруде. Мұнда өндіріс ашамын деушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Тарқатып өтсек, Түркістан индустриалды аймағы болашағынан зор үміт күттіретін жобалардың бірі. Индустриалды аймақты жобалауда үздік халықаралық тәжірибе қолданылуда. Аймақтың әлеуеті ескеріліп, бастапқыда бекітілген 40 гектар жердің көлемі 7 есеге ұлғайтылып, 350 гектарды құрап отыр. Бұл жерде 7 мың шаршы метр болатын «БРАУНФИЛД» үлгісіндегі өндірістік ғимарат салынады. Оның басты артықшылығы шетелдік инвесторлар ғимарат салып әуре болмайды. Олар дайын ғимаратты жалға алып, әкелген технологияларын орналастырып, жұмысын бастайды. Индустриалды аймаққа 9 миллиардтан астам инвестиция тартылады деп жоспарланып, 23 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Онда 9326 жаңа жұмыс орны ашылады.

Алыс сапарға туысын шығарып тұрып өзбектер: «Досың қазақ болсын» деп бата береді екен. Бұл қазақ халқының адалдығын, досын жауға бермейтін жаугерлігін, қонағына деген кең пейілдігін аңғартса керек. Түбі бір түркі жұртында өзбекті қазақ «өз-ағам» деп сыйлайды. Бауырлас, көршілес халықтар арасындағы тарихи достықтың тамыры тереңде. Қазақстан – Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсетін әлі талай келелі істер атқарылады деп сенеміз.

Айнұр ШАРАСУЛОВА,

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы