Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов алдын-ала кезекке жазылған 20-ға жуық тұрғынның мәселесіне құлақ түру үшін кері байланыс жасады. 109 – Бірыңғай байланыс орталығы арқылы жеке нөмірлеріне хабарласа отырып, телефон көтерген 10-ға тарта адаммен сөйлесті.
“Мүмкіндігімізге сай карантинге байланысты жеке қабылдауды жан-жақты қарастырып жатырмыз. ZOOM арқылы да, кездесіп те, осылай тікелей хабарласып та. Барынша шешімін табу – басты мақсатымыз”, – деген Рашид Абатұлы кезегімен қоңырау шалды. Тұрғындар жерді мемлекет мұқтаждығына алу, кітапханаларды заманауи жүйеге сай ету, Т. Бокин көшесіндегі екіқабатты үйлер аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізу сынды сауалдарын қойды.
Шаhар басшысы Т. Бокин көшесі аумағына арнайы барып, жағдаймен танысатынын айтты. Ол жерді анықтай сала, балалар ойын алаңшалары, үйлердің қасбеттерін жөндеу, көгал, қоқыс жәшіктерін орнату жоспарлану мүмкіндігін айтты.
Сондай-ақ, А. Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі мен “Гүлдер саябағы” жанындағы Мәдениет үйінің ғимараты жайлы да сауал қойылды. Шаhар басшысы ғимарат орнына театр филиалы салынатынын және Мәдениет үйі ғимараты Кентау қаласынан Түркістанға кіре-берістегі “Парасат” саябағы аумағында қалалық “Жастар орталығымен” бірге құрылысы жүретінін айтты. Мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстары биыл басталып, келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Тұрғындар өз өтініштерімен қатар, қала дамуында атқарылып жатқан жұмыстар үшін де алғыстарын білдірді. Жалпы, қазіргі таңда 100-ден аса қала тұрғыны шаhар басшысының жеке қабылдауына жазылған. Еліміздегі карантин режиміне байланысты шектеулі санымен және әр мөлтек ауданға жақын орналасқан мектептерде сақтық шараларын сақтай өтуде. Айта кетейік, қала әкімінің жеке қабылдауына жазылу Ғ. Мүсірепов көшесінде орналасқан №17 ғимаратта жүзеге асуда.