БІРЛЕСТІКТІҢ МАҚСАТЫ – КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНІҢ МҮДДЕЛЕРІН ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ҚОРҒАУ

892 көрілім

Белгілі ұстаз, ғалым Айдос Кенжеханұлы Абпазов облысымызда жаңадан құрылған, кеңсесі Түркістан қаласында орналасқан «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы жұмысын қоғамдық негізде атқарады.

Жақында осынау қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары Жандос Шайдуллаұлымен сұхбат барысында облыс көлемінде жұмыс бастаған ауқымды бірлестіктің тыныс-тіршілігі, мақсат, міндеттері туралы әңгіме өрбіді.

– Жандос Шайдуллаұлы, сіздер басқаратын кәсіподақ қоғамдық бірлестігі қашан құрылған, атқарған, атқарылатын жұмыстар туралы айтып берсеңіз?

– Қоғамдық бірлестіктің ресми жұмысын бастаған кезі 2020 жылдың 13 қарашасы. Аты айтып тұрғандай мақсатымыз Түркістан облысындағы білім, ғылым, тәрбие саласындағы ұстаздарды кәсіподақ қоғамдық бірлестігінде біріктіру және олардың мүдделерін қорғау. Яғни, жалпы орта мектеп, колледж, балабақша ұстаз, тәлімгер қызметкерлері қоғамдық бірлестіктің негізгі мүшелеріміз. Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақ қоғамдық бірлестік мүшелерінің саны 13 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта көбейеді. Басты мақсатымыз кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін заң шеңберінде қорғау, әлеуметтік қолдау, еңбек қарым-қатынастарын тәртіпке келтіру. Айта кету керек, өткен жылдың наурызында пандемия індетіне байланысты басталған карантин жұмыс берушілер мен жұмыс алушылар арасында көптеген және күтілмеген, бұған дейін болмаған жағдайларға әкеп соқты. Мысалы, қашықтықтан оқыту жағдайында мұғалімдердің, ұстаз тәлімгерлердің жалақысын жөн есептеу. Екіншіден, мемлекет деңгейінде барлық ұстаз мұғалімдер жалақысы көбейтілді, бірақ кітапхана мен есеп қызметкерлері (бухгалтер) айлығы асқан жоқ. Облыс көлемінде алып қарайтын болсақ кітапхана және есеп мамандары көпшілік. Оларға көмек көрсетуіміз керек. Ұсыныс, тілек, пікірлеріміз жоғары мекемелерге жолданды. Сондай-ақ, қашықтықтан оқытатын мектеп мейірбикелері мәселесі де бар. Өткен мерзім аралығында біз жоғары республикалық мекемелерге ұстаз, тәлімгер, жалпы білім беру саласына қатысты 42 нақты сұрақ және ұсыныстар жолдадық. Біздің қоғамдық бірлестігіміздің бір ерекшелігі ҚР Білім министірлігімен, сондай-ақ республикалық салалық Кәсіподақ ұйымымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Республикалық ұйым төрайымы Айгүл Мақсатқызы Мукашева жоғарыда айтылған барлық мәселе, ұсыныстардан жақсы хабары бар. Тағы бір айтатыным, Түркістан өңірінде өз мамандығын терең меңгерген, өте білікті ұстаздар көп. Біз Білім министрлігі тарапынан Түркістан облысындағы, орталығы Түркістан қаласындағы осындай еңбегімен танылған лайықты ұстаз мұғалімдерді жоғары наградаға ұсынып, еңбектерінің дұрыс бағалануына ықпал көрсетсек,- деген игі ниетіміз бар.

Осы және үш жылға арналған жоспарларымыз Рахым Жолаев басқаратын «Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы» ММ-і мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» ҚБ-і арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы құжатта өз көрінісін тапқан. Айтайын дегенім, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар өте көп. Біз бастауыш кәсіподақ ұйымдарына көбірек материалдық қолдау көрсетуді ниеттендік.

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

– Мен мамандығым бойынша заңгер құқық қорғаушымын. Тараз және Түркістан қалаларындағы университеттерде жоғары білім алып бітіргенмін. Құқық қорғау органдарында қызмет еттім. Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласында еңбек еттім.

– Іске сәттілік, деніңізге саулық тілейміз.

Ш.МАДАЛИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы