Күні кешеге дейін көп адам үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының «отқа оранған он жылы» тарих қойнауының парақтарында қара таңба болып қала береді. Жарияланбаған соғыс Қазақстан үшін өте қайғылы жағдайдың бірі болды. Биыл 10 жылға созылған сұрапыл соғыстың аяқталғанына 32 жыл толды. Осыған орай Түркістан қаласының «Жеңіс» саябағында соғыста құрбан болған қандастарымызды еске алу мақсатында іс-шара өтіп, арнайы гүл шоқтары қойылды. «Ерлік-ұрпаққа үлгі болатын қасиет» деп білеміз. Жауқазындай жастық шағының бір бөлігін оқ пен от арасында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-есен оралған ардагерлеріміз Ауған соғысында қаза болғандар мен қайтыс болған қандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиында Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Жәнібек Наушабай мен қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Тұрғынбай Бегимов сөз сөйледі. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай ардагерлерімізді мерекесімен құттықтап, халқымызға жасаған қызметі мен өнеге-тәрбиесіне алғысын білдіре отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.
Елімізден 22 мыңнан астам адам қатысып, мыңға жуық адам ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде 10 мыңға жуық ардагеріміз бар болса, олардың 3 мыңы мүгедектер қатарында. Өзіміздің Түркістан қаласында да 250-ге жуық жерлесіміз соғысты көзімен көріп, 10 жерлесіміз ерлікпен қаза тауып, 1-еуі хабарсыз жоғалып кетті. Алайда араға 29 жыл салып, оның да мүрдесін тауып туған жерге алып келіп жерленген.
Ия, соғыс кім-кімге болсын оңай тимесі анық. Соғысты көзімен көрген әрбір ардагер ағаларымыз ондай күнді ұрпағының басына бермесе екен дейді. Бейбітшілік заман болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.
Мөлдір ХАЛИЛАЕВА
