Жақында республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қорының шешімімен Асхангүл Сайдуллаева «Ерен еңбегі үшін» «Алтын ана» медалімен марапатталды. Аталмыш марапатты салтанатты түрде тапсыру рәсіміне қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен оның орынбасары Пернетай Досыбеков және БАҚ өкілдері қатысты.
Осы бір даңқ пен құрметтің көрсетілуі ұзақ жылдар бойы төгілген тердің жемісі десек болады. Олай болатыны марапат иесі Асхангүл Сайдуллаева ең әуелі көп балалы ана, содан кейін көп жақсылықтың жаршысы болып, құрметке бөленген кәсіпкер ана. Ол кісі 1957 жылдың 26-желтоқсанда Түлкібас ауданы, Ерсу ауылында өмірге келген. Ел қатарлы білім алып акушер-гинеколог мамандығын тәмамдаған. Өмірлік жолда Жуаныш Сайдуллаевпен шаңырақ көтергеніне отыз жылдың жүзі болған. Екеуі бірлесе отырып кәсіп ашып, оны өз деңгейінде жүргізген. Былайша айтқанда 2001 жылы Түркиядан арнаулы үлкен дейрменді алдырып, осы шаһарда он жыл бойы ұн шығарып, 30-40 адамды жұмыспен қамтып отырған. Міне, қиын кездерде осындай іс атқарып, көптеген отбасының жақсы өмір сүруіне ұйытқы болған.

Осылайша Асхангүл апайдың еңбегін тілге тиек ете берсек көп дүние айтып, біраз сырды ашуға болады. Замандастарының ішінде суырылып шығып, ел құрметіне бөленгендердің санаулысы екені жасырын емес. Оның дәлелі ретінде «Қазақстан әйелдері», «Алтын ана», «Алтын алқа» медальдарының иегері атанып, жеңісті еңбегінің жемісін көріп отырғанын айта кеткен жөн.
Асхангүл апай өзінің іскерлігінің арқасында 2010 жылы 4 топтық «Қамар апа» бала-бақшасын ашса, бүгінгі таңда онда 14 топта 400-ге жуық бала тәрбиеленіп келеді. Бұдан бөлек, оқу корпусын кеңейтіп, 2016 жылы 4 сыныпқа дейінгі «Нұр-Болашақ» бастауыш мектебін іске қосады. Қазіргі таңда мектепте 1-4 сынып аралығында 600-ден аса бала білім алуда. Қыздары Сайдуллаева Жанар «Қамар апа» бала-бақшасын басқарса, Сайдуллаева Әлия «Нұр-Болашақ» бастауыш мектебін директоры қызметін атқарып келеді. Бүгінде аталмыш білім беру салаларында 150-ден аса отбасы тұрақты жұмыспен қамтылып, 1000-нан аса бала тәрбиеленуде.

Өмірлік тәжірибеге бай Асхангүл Қолдашбекқызының тәрбиесін көрген ұл-қыздары да түрлі салада жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Олардан тараған 33 немересі бар. Тіпті үлкен немересі шөбере сыйлап та үлгірді. Қорыта айтқанда осы бір әулеттің кәсіпкерлік бойынша атқарған жұмыстары қала жұртшылығына үлгі боларлық екен. Содан да атаулы марапат Асхангүл Қолдашбекқызының еңбегіне толық лайықты деп айтуға болады.
Қуаныш ТАСЫБАЕВ.
