ДӘСТҮРЛІ ЖАРЫС ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

1  302 көрілім

Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде «Иассы» консорциумының президенті, үстел теннисінің дамуына үлесін қосып жүрген азамат Үмбет Әбілдаұлы Жүсіпбаевтың демеушілігімен дәстүрлі турнир жалғасын тапты. Қаңтар айының ортасында екі күнге созылған жарысқа Түркістан облысымен қоса көрші аймақтардан 170-ке тарта спортшылар қатысып, бақтарын сынады.

– Осы спорт түріне жастайымнан әуес болып, түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, жүлдегер атандым. Жерлестерімді жылдамдық пен шапшаңдықты талап ететін аталмыш спорт түрі арқылы денсаулықтарын шыңдауға шақырамын. Жарысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастарды салауатты өмір салтына баулу, өскелең ұрпақты отансүйгіш рухта тәрбиелеу,-дейді Үмбет Әбілдаұлы.

Жарысқа жоғары дайындықпен келген 12 жастағы Рамазан Назир Асық атаның намысын қорғауға бел буыпты.

– Үстел теннисімен айналысып жүргеніме 6 жыл болды. Қазақстан чемпионатына бірнеше рет қатысып жүлдегер атандым. Келешекте ел біріншілігі мен халықаралық жарыстарда чемпион атану,-дейді спорт шеберлігіне үміткер Рамазан Назир.

Айта кетейік, жылда халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған аталмыш спорт додасы биыл пандемияға байланысты ел спортшыларымен шектелуге тура келді. Жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздарды анықтаған дәстүрлі турнирде Нартай Төлбасиев, Ерзат Өтеубай, Абай Жұмағұл, Нұркелді Бимахан, Сұлтан Оразгелді, Марлен Жұмағұл, Мұхаммед Пулатов, Бабыр Бакаев, Фахриддин Бакаев, Алихан Абдираимов, Байболат Ұлдана, Ақжігіт Арайлым, Қарақат Бегайдар, Жания Абиддинова (жаттықтырушылары Оразбек Божбанбаев, Мұхтар Сыздықов, Асқар Пахрудинов) сынды түркістандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубок пен сыйлықтар табысталды.

Өз кезегінде аталмыш спорт жарысын жыл сайын ұйымдастырып, көптеген түркістандықтарды осы спорт түріне қызығушылығын оятқан Үмбет Әбілдаұлына игі істің ұйытқысы бола беруіне тілектеспіз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы