- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдаған тарихи шешімімен қасиетті Түркістан шаһары облыс орталығы болып, бүгінде көне қаланың келбеті айшықтала түсуде. Қай уақытта да болмасын қасиетті тарихи мекеннің өткені мен бүгініне, келешегіне Елбасымыз бастап, ел басқарған азаматтар ерекше назар аударып, мән беріп келеді.
Аз ғана уақыттың ішінде қаламыз айтарлықтай өзгеріп, алып құрылыс алаңына айналды. Биыл әуежайдың пайдалануға берілгенін көріп, енді Түркістанға келушілердің саны бұрынғыдан да артатын болды деген ойда отырмыз. Түркістан – Мекке бағыты бойынша тікелей рейстер ашылса, түбі бір түркі елдерімен байланыс күшейіп, Түркістанның әлемдік деңгейдегі абыройы одан сайын асқақтай түсері анық. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Түркістанның осылай гүлденгенін көрген бүгінгі біз, гүлденген Түркістанда өмір сүретін ертеңгі ұрпақ қандай бақытты десеңізші!
Осы орайда, қаланың көркіне көрік қосуына, ажарлана түсуіне қала әкімі Рашид Аюповтың қосқан үлесі бір төбе десек артық айтпағанымыз болар еді. Түркістанды түлету бағытында қала аумағы 32 секторға бөлініп, барлығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілгенін көрдік. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қала аумағы аудан-қала әкімдіктер мен мекемелерге бөлініп берілген де болатын. Осы оң шешімдердің арқасында киелі шаһарымыз ғажап қалаға айналып шыға келді.

Бүгінгі қала әкімі Рашид Абатұлының өткізген халыққа есеп беру жиынында біраз ақпараттар айтылып, ортаға салынды. Солардың ішіндегі абаттандыру және туризм саласына ерекше назар аударып өткім келеді. Себебі туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы қаламыздың ғана емес еліміздің де экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны белгілі. Ал туризмнің алғышарттары қаланы көркейтуден бастау алатыны даусыз. Қала әкімі өз есебінде 2020 жылы қала көлемінде 30-ға жуық абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілгенін сонымен қатар көп қабатты үйлер алдына балалар ойын алаңшалары салынып, жеткілікті абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Мұнымен қоса, аулалар мен гүлзарлар және ойын алаңдары салынып, жалпы 15 нысанға 327 адам жұмысқа тартылғанын және 26 көшеге көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 7810 түп ағаш отырғызылғанын баса айтып өтті.
Биылғы жыл өкінішке орай, індеттің әсерінен туристер легі тоқтап тұр. Алла амандық берсе бұл қиындықты да жеңерміз. Алдағы уақытта саяхатшыларға төрт қақпалы Түркістанның есігі қашанда ашық екенін айтқымыз келеді. Мәдениет министрлігі мен әкімдік таяу жылдары Түркістанды туристік хабқа айналдырымыз, саяхаттаушылардың санын 5 млн-ға жеткіземіз деген болатын, лайым солай болсын. Бұл сала бойынша әкім өз есебінде Түркістан қаласының даму шараларына қызығушылықтарын танытып, 2020 жылы 869 242 туристтер келген
2020 жылы туризм саласынан жергілікті қазынаға 5 399,8 млн теңге табыстар түскенін айтты. Өткен жылдың оңай болмағанын ескеретін болсақ, бұл нашар көрсеткіш емес. Дегенімен, уақытша қиындықтарға қарамастан, бизнес өкілдерінің Түркістан қаласында туризм саласының дамуында кызығушылық танытып, 2020 жылы 6 қонақ үй іске қосылып, жалпы қонақ үй, хостел саны 35 нысан құрап, тосек орын саны 1868 -ке жетіп, (2019 жылы -1213) 37,5% артқан көрінеді. Ағымдағы жылы тағы да 675 орындарын ұсынатын 6 қонақ үйді іске қосу жоспарда бар екен.

Әкім есебінен нақты шешімдер мен сүбелі жоспарларды түйіп алдық. Қаланың көркі халықтың айнасы екені рас. Сондықтан да қаланың барша тұрғындары, Түркістанның төрт қақпасынан келген қонақтарға жақсы пікір қалыптастыру үшін баршамыз қаланың көркі мен келбеті үшін бір кісідей атсалысуымыз керек.
Яғни қалада жасалған әрбір дүниеге көздің қарашығындай қарап, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті берік ұстап, мәдениеттіліктің жоғары сатысын қалыптастыру барша түркістандықтардың басты мақсаты мен мүддесіне айналса екен деген тілегіміз бар.
Ж.ҚҰЛБАЙЫМБЕТОВ,
қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.