Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов инстаграм әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы тікелей эфирге кіріп, қалада жүргізілген газдандыру жұмысы барысы бойынша кеңінен айтып өтті.
Түркістан қаласында 1185 км газ құбыры жүргізілді. Ол дегеніміз қаладағы жалпы саны 875 көшеде құбыр тартылғанын айғақтайды. Одан өзге, үлкен екі магистральді құбыр да іске асқан. Бұл туралы тікелей эфирде мәлім еткен Рашид Абатұлы газға қосылу тұрғындар тарапынан күнделікті жүзеге асып, көбейіп жатқандығын да айта өтті.
Ол үшін “ҚазТрансГаз Аймақ” мекемесінен мамандар толығып жатыр. Дүйсенбіде Нұр-Сұлтан қаласынан келетін 35 қызметкердің 5-і “Халықтық кеңсе” арқылы тұрғындардың өтінімі мен құжаттарын қабылдап, 30 қызметкер қауіпсіздік пен қажетті құжаттар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғастырмақ.
Эфир барысында Рашид Абатұлы “Ортақ” аумағы мен бірнеше көшелерде орнатылған құбырларды тексеру қажеттігі болғандықтан, уақытша газ беру тоқтатылғанын және қазірде газ беру қайта іске қосылғанын айтып өтті. Сондай-ақ, жерді мемлекет мұқтаждығына алу бойынша, құдықшалар мен қала бойынша жиі ұрланатын жарықшамдар бойынша да түскен сауалнамаларды назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте, қазіргі уақытта Б. Саттарханов даңғылы бойындағы үйлер бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын ал, өзге аумақтар әзірге жоспарда жоқ екендігін айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің барлығы көгілдір отынға өткенімен, жекеменшік мекемелер мен моншалардың әлі де қатты отын түрін қолданып келе жатқанын баса айтып, экологияға әсер етер газ жүйесіне қосылуға шақырды.
Шаһар басшысы қала бойынша қамтылған көгілдір отында жалпы саны 4800 адамның еңбек еткенін хабардар етті. Сондай-ақ, газ жүргізген сәтте құжаттары толық болмаған 380 үй бойынша да қазірде жоба жасалып, ол бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын да айтты. Жалпы, жарты сағаттық тілдесу кезінде бір мезетте қатысушылардың саны 500-ге жуықтады.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
