ТҮРКІСТАН 100 ПАЙЫЗ ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ

880 көрілім

Бүгін Түркі бағында 2019-2020 жылдар аралығында Түркістан қаласын газдандыру жұмыстарының 100%-ға аяқталғандығы қала тұрғындарына таныстырылды.

Атаулы шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, қала әкімі Рашид Аюпов, газдандыру жұмыстарын жүргізген мердігер компания мамандары мен шаһар тұрғындары, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Өте бір жақсы күн, жақсы белес болып отыр. Елбасы Түркістанға ерекше мәртебеге бергеннен кейін қаланы газдандыру жұмысы шұғыл жүргізілді. Нәтижесінде облыстың елу пайызы газбен қамтамасыз етілді. Бұрындары көмір жағып, күл шығарып жүрген отбасылар ауылда да қаладағыдай өмір сүріп жатыр. Түркістан қаласының жөні тіпті де бөлек. Кеше ғана аспанын түтін торлап жатқан болса, енді ол жағдай өзгерді. Халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру жолында көмір жағу дейтін заманға хош айттық. Бір жылдың өзінде 11 газдандыру жобасы іске асты. Қалаға жүз пайыз газ жеткізілді. Барлық көшелерде дайын. Әрбір отбасының мүмкіндігі бар. Үйге кіргізу өз қолдарында. Қазірге дейін 62% жеке тұлғалар, үйлер, мекемелер, түрлі нсандар газға қосылып болды. Блтыр үйге газ кіргізуге екі жүз елу мың теңге керек болса, «Қаз ТрансГаз» АҚ облыстық филиалымен сөйлесіп бағаны 85 мың теңгеге дейін түсірірдік»,- деді Өмірзақ Естайұлы.

Қаланы газдандыру жобасының 11 кезеңінде құны 20,2 млрд болатын құрылыстың жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 52 037 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Осылайша 26 200 отбасы өз үйлерінде табиғи газды пайдалануда. Шаһарға газ тарту үшін халықаралық маңызы бар Бейнеу-Бозой магистарльды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылған еді. Нәтижесінде 1180 км газ құбыры тартылды. 4 800 адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде жеке тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары жалғасуда.

Жалпы, Түркістанда демалыс орындары көбейіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда. Қаланың толық табиғи газға қосылуы – қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді жолы еді. Осы тұста Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7700 га аумаққа жасыл белдеу құру және толықтай газдандыру жоспарланды. Қазіргі таңда 4700 га жерге әртүрлі ағаш көшеттері егілді. Қалған 3000 га жерді игеруді осы жылдың соңына дейін аяқтау күтілуде.

Облыстық экология департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша 2018 жылға атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты лимиті 4,5 мың тоннаны құраған. Ал, 2020 жылы Түркістан қаласын газдандыру арқылы 1,6 мың тоннаны құрады, оның ішінде барлық нысандарда отын түрін қатты отыннан (көмірден) газға ауыстыру есебінен 2018 жылмен салыстырғанда нақты лимит мөлшері 65 % немесе 2,6 мың тоннаға төмендеген. Сондай-ақ, «Жылу» қазандықтарда көмірден газға ауысуы салдарынан ластаушы заттар мөлшері 2 есе, атап айтқанда 381 тоннадан 150 тоннаға төмендеген.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы