Тосыннан келген дертімен әлем халқын әбігерге салған 2020 жылды да аман-есен шығарып салдық. Аман-есен дейтініміз, аты жаман аурудан бүкіл елде ол қатарда біздің ел де бар, халықтың денсаулығы нашарлап, мезгілсіз өмірмен қоштасқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатты. Тіпті ол санның күннен күнге азаюдың орнына артып жатқаны көңілге қаяумен қоса үрей де сыйлағанын жасырудың реті жоқ шығар. Бүкіләлемдік пандемияның салдарынан жер шарының тіршілігі тоқтап қалғандай әсер қалдырып, барлық барыс-келіске, алыс-беріске шектеу қойылып, жер шары халқы өз-өзін қамап ұстауға мәжбүр болды. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, мұның барлығын ересек қауым түсіністікпен, ортақ шешіммен қабылдаған болса, екінші жағының кесірін біздің жас бүлдіршіндер тартты. Еліміздің болашағы һәм ертеңі – жастардың алғашында оқу ордасына барулары шектелсе, кейіннен ол қашықтықтан оқу жүйесіне бірақ өзгертілді. Осылайша, жастық шақтың ең қызықты шақтарының бірі мектеп уақыты төрт қабырға мен бір монитордың алдында өтуге еріксіз мәжбүр болды.
Алайда, біз ел болып елдікте, бір болып бірлікте әрекет етуіміздің арқасында бұл қиыншылықты да бірге еңсеріп шықтық. Алғашында барлығымызға оңай соқпағанымен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың уақытында қабылдаған шешімі мен санитариялық қаулылардың арқасында азулы аурудың алдын орап отырдық десек жаңылыспаймыз. Осылайша, қайғы мен қуанышы қатар келген 2020-шы жыл біздің бірлік пен берекемізді одан сайын бекітіп кетті.

2020 жылды қорытындылау аясында, сонымен бірге мектеп оқушыларына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында дәстүрлі қала әкімінің шыршасы қалалық әкімдік ғимаратында «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атауымен онлайн форматта аталып өтті. Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №46 Қаулысына сәйкес, 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 каңтарға дейін барлық ұйымдар мен мекемелерде жаңа жылдық ic-шараларды өткізуге, сондай-ақ, аниматорларды (жаңа жылдық кейіпкерлер Аяз Ата, Ақшақар және басқалар) үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынған болатын. COVID-19-ға байланысты шектеу шараларына сәйкес жаппай салтанатты іс-шараларды өткізу тоқтатылған. Бұл шешім COVID-19 екінші толқынының алдын алуға және халық арасында аурудың таралмауы мақсатында қабылданған болатын.
Онлайн іс-шара барысында қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов шәкірттерге арнап құттықтау сөз сөйлесе, қалалық Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова өткен жылдың оқушыларға оңай болмағанын тілге тиек етіп, алдағы оқу жылдарында зейіндерінің ашық болуын тіледі. Мұнымен қоса, іс-шараға «Zoom» бағдарламасы арқылы онлайн қатысқан оқушылар да экранның ар жағынан өз өнерлерін көрсетіп, мерекенің көркін кіргізді.

Онлайн іс-шараның соңында 9-13 жас аралығындағы балаларға, оның ішінде жетім, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан – барлығы 40 бүлдіршінге қала әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.
