Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Алайда, өнімнің сапалы және мол болуы ағын суға тікелей байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Таяуда «Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихатқа кандидаттар осы мәселеге орай шаруа қожалық иелерімен, фермерлермен, кооператив басшыларымен кездесу өткізді.
Жиында алғаш сөз алған кандидат, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы Е.Иса өзі басқарып отырған мекеменің 2020 жылы атқарған жұмыстарына тоқталды. Аудандағы магистралды каналдарды ретке келтіру, дамбаларды қалпына келтіру, қашыртқыларды тазалау және ағын су арналарының жүйесін дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған үміткер ағын су тарифінің көтерілуін және ондағы өзгерістер тұрғысында сараптама жасап, толыққанды түсіндіріп өтті.
–Ағымдағы жылы ауданда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 428 млн м3 су босатылып, шаруалар еккен ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алды. Аудан диқандары басқа өңірлерде орын алған ағын су тапшылығын көрмеді. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейтін боламыз,-дейді Е.Иса.
Аталмыш тақырып төңірегінде сала мамандары мен шаруалар арасында біршама өзекті талқылаулар орын алды. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы мекемесінің сала мамандары жиында туындаған өзекті сұрақтарға жауап беріп, бірқатар мәселелердің шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.
«Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалының баспасөз қызметі.
«Nur Otan» партиясы Шардара аудандық филиалы сайлауалды штабының қорынан төленді.
