Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Тәуелсіздіктің 29 жылдығына орай облыс орталығында түрлі салада қызмет етіп жүрген 29 азаматқа Мемлекеттік Ту табыстап, айтулы мерекемен құттықтады.
Рашид Абатұлы табыс еткен Мемлекеттік Тулар қала дамуы мен тыныс-тіршілігінде орасан-зор еңбек етіп, қызмет көрсетіп жатқан азаматтарға берілді. Атап айтсақ, қатарында “Түркістан жарық-тазалық”, “Жылу”, “Түркістан-Су” мекемелерінде сантехник, от жағушы, жүк артушы, сыпырушы, күзетші болып қызмет етіп жүрген азаматтарға шаһар басшысы өз қолымен арнайы хатты қоса берді. Одан өзге, әкімдіктің дербес бөлім басшылары білім, дәріхана, наубайхана, жедел медициналық жәрдем сынды мекеме мамандарына табыстады.
Айта кетейік, жуық арада Мемлекеттік туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтілген еді. Ең алдымен Мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады. Дегенмен, адамға немесе затқа деген құрмет ретінде Ту төмен түсірілмеуі және қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі, тудың сабы көлденеңінен көтерілмеуі қажет. Туға жазу жазуға, сурет салуға, киім немесе төсек, шымылдық ретінде пайдалануға болмайды.
Түркістан-ақпарат.
