Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қалалық білім ошақтарының тарапынан үлкен қолдауға ие. Осындай үлкен маңызы бар мақаланы насихаттау мақсатында тарихи-мәдени этнографиялық орталық қызметкерлері Р.Есетов атындағы №20 жалпы орта мектебінің оқушыларымен бірлесе отырып «Ер қанаты – ат» атты тәрбие сағатын өткізді. Ұлы Дала өркениетінің алғашқы тарихи жетістігіндегі адамдардың жылқы мініп, оған үйренуін насихаттау, жеті қазынаның біріне бағаланғанын түсіндіру, көрме арқылы оқушыларға жылқының ерекше қасиеттерін таныстыру – іс-шараның басты ерекшелігі болды.
Ұлтымызда ат әбзелдерінің алуан түрі бар. Көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан музей қорындағы ат әбзелдерінен көрме жасақталды. Оны орталықтың маманы А.Ахан жүргізіп, ерекше күтімді қажет ететін ер-тұрмандар және оған қатысты ырым-тыйымдар жайлы айтып өтті. Көздің жауын алатын жәдігерлерімізге оқушылар ерекше таңданыстарын білдірді.
Бұл ретте, ұлттық рухымызды насихаттайтын Тұңғыш Президентіміз Н.Әбішұлының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы алдағы өтілетін шараларымызға да арқау болатыны сөзсіз.
