Қаламызда белгілі әнші, «МузАРТ» тобының белді мүшесі Сәкен Майғазиевтің «SMart» өнер мектебі ашылды. Бұл бастау жас өрендерге ашылған жарқын бағыт, жаңа өрлеу деуімізге болады. Халқымыздың бойында өнерге деген құштарлық пен әнге деген сүйіспеншілік ежелден бар екеніне тарих дәлел. Сол себепті қаламызда шаңырақ көтерген өнер мектебі осы жолда жас талантты да талапты бүлдіршіндердің қанатын қатайтуға мұрындық болады деп күтілуде. Лайым солай болсын.
Атаулы мектеп танымал жұлдыздардың шаһарымызда ашылған өнер ордаларының алғашқы легін бастап тұр. Қаламыздың облыс орталығы болуымен мұндай жағымды жаңалықтардың жалғасы әлі де болады деп ойлаймыз.
Алматы қаласында Сәкен Майғазиевтің екі «SMart» өнер мектебі бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырса, Қызылорда қаласында орналасқан мектеп те жас таланттардың буынын қатайтуда. Енді бұл қатарға Түркістан қаласы қосылды.

ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ
«Smart» өнер мектебінің ашылу салтанатына келген халықтың қарасы қалың болды. Көбісі балаларын кастингке қатысуға алып келген ата-аналар. Түрлі-түсті киінген бүлдіршіндердің көздерінен таудай талапты байқауға болады. Жас таланттарға арналған мектептің лентасын өнер ордасының директоры Сәкен Майғазиев пен атаулы мектептің шығармашылық арт директоры Әлия Шаймерденова қиды. Сәкен Майғазиев ашылу салтанатына келген жұртшылыққа рахметін айтып, мектептің болашағына табыс тіледі.
– Алдымен сіздерге өз алғысымды білдіргім келеді. Біздің еліміздің болашағы – өскелең жас ұрпақтың қолында екені даусыз. Сондықтан біз қазірден талапты жастардың басын қосып, болашағына бағдар жасауымыз қажет. «SMart» өнер мектебі осы жолда аянбай қызмет етуді мақсат етіп ашылып отыр. «SMart» атауының мағынасын түсіндіріп өтсем, бастапқы қос әріпі менің есімім мен тегімнен алынса, «Art» сөзінің өнер екені баршамызға белгілі. Мұнда балаларды талантына қарап қабылдайтын боламыз. Ал келіп тұрған бүлдіршіндердің барлығы бірдей талантты екеніне сенімдімін,- деді Сәкен Майғазиев құттықтау сөзінде. Ашылу салтанатынан соң жас бүлдіршіндерді мектепке қабылдау кастингі басталды.
БАЛАЛАРДЫҢ БАҒДАРШАМЫ
Білім ордасының басты мақсаты – жас бүлдіршіндердің өнерге қабілетін шыңдау, қоғамда өз орнын қалыптастыруға ықпал жасау. Солардың ішіндегі ең бастысы – тәрбие. Үйде алған тәрбиенің орны бір төбе болса, мектепте берілген тәрбиенің де өзіндік орны болады. Тәрбиемен қатар жас бүлдіршіндерді елін сүюге, патриоттыққа баулу да жас мектептің бірден бір мүддесі.
Жоғарыда айтқанымыздай мектепке балаларды талантына қарап қабылдайды. Сол себепті де кастинг ұйымдастырылып отыр. Кастингке қала төңірегінен барлығы 260-тан астам жас бүлдіршіндер келген. Барлығының мақсаты бір, талабы айқын. Бәрінің арманы Сәкен Майғазиев секілді жұлдыз, халықтың қалаулысы болғысы келеді. Алайда, ол үшін талмай еңбек ету керек. Үлкен жетістіктің артында қажырлы еңбек тұрғанын ұмытпау қажет. Бұл жөнінде өнер мектебінің шығармашылық арт директоры Әлия Шаймерденова да солай дейді.

– Бізге келген балалардың ата-аналары баласы оқуды аяқтаған соң бірден жұлдыз болып кетеді деп ойлайды. Біз оқыту барысында бүлдіршінге бағыт-бағдар береміз. Талантына қарай жұмыс атқарамыз. Барынша қабілетті, жан-жақты, өз маманының шебері әрі кәсіби сауатты маман тәрбиелеп шығаруда жұмыс атқарамыз,- деген Әлия Сапарқызы кастинг талаптарымен түсіндіріп өтті. Өнер мектебіне қабылдануға 6-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Оларды эстрадалық вокал, домбыра, дәстүрлі ән, актерлік шеберлік, би өнері секілді талаптарға сай қабылдайды.
Таңертең басталған кастинг, кеш түсе аяқталды. Бірі ән шырқап, бірі би билеп, бірі домбыраны күмбірлеткен жас бүлдіршіндер кешке дейін өз өнерлерін көрсетті. Қабылдау аяқталған соң, Әлия Сапарқызына тағы да бірнеше сұрақтарымызды қойдық.
– Кастингке өте көп балалар қатысты. 260 үміткердің ішінен 170-ін қабылдап алдық. Барлығын бірдей қабылдау мүмкін емес, сондықтан бізге де оңай болған жоқ. Себебі, көздері жанып тұрған жас бүлдіршіндерге жоқ деп айту қиынның қиыны. Алайда, бұл әлі бірінші қабылдау. Алдағы уақытта да қабылдау жүретін болады.
Енді мектебіміз жайлы ақпаратты толықтырып өтсем. Қазіргі уақытта Алматы қаласында екі мектеп және Қызылорда қаласында бір мектепте шәкірттеріміз тәрбиеленіп жатыр. Барлық қаладағы мектептеріміз бір жүйемен жұмыс атқарады. Мұғалімдеріміздің барлығы жас, білімді. Біздің жаңа жүйе бойынша әр қаладағы мұғалімдеріміз ауысып келіп сабақ өтіп тұратын болады. Бұл кәсіби шеберлікті де арттырады,- деді Әлия Шаймерденова. Жаңашылдық бағытта құрылған өнер ордасының бағасы да қолжетімді. Айына бір сабағы он мың теңге болса, көпбалалы отбасылар мен тұрмысы төмен жанұяларға жеңілдіктер қарастырылған.
ЖАҢА ТҮРКІСТАНҒА ЖАРҚЫН ҮМІТ
Халқымыздың өнер десе өресі бөлек екенін жоғарыда айтып өттік. Осы себепті жас талантты жастарымыздың басын қосатын осындай білім ордаларының көптеп ашылғаны нұр үстіне нұр болмақ. Жаңа өнер ордасының қаламыздан ашылуының өзі де біздің шаһарымыздың жастарына артылған үлкен үміт екені анық. Бұл жайында Сәкен Майғазиевтің өзі де айтып өтті.

– Түркістан қаласы Мағжан Жұмабаев атамыздың айтқанындай:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой – демекші қасиетті қалаға назар да, тілек те әрқашан бөлек. Жалпы «SMart» өнер мектебінің ашылып, жұмыс істеп келе жатқанына 3 жыл болды. Бізге демеушілер тарапынан бірге жұмыс жасауға ұсыныс түсіп, осы киелі қалада шаңырақ көтеруді дұрыс деп санадық. Қазір түсіп жатқан ұсыныстар өте көп. Солардың ішінде келесі кезекте Шымкент шаһары тұр. Түркістан қаласында өнерлі жастар өте көп екенін білеміз. Сонымен қатар, білімді ұстаздардың да қатары күн санап артуда. Сондықтан оқу оқып білім аламын деген шәкірттерге және шәкірт тәрбиелеймін деген ұстаздарға біздің мектебіміздің есігі ашық,- деді танымал жұлдыз. Сәкен Майғазиев киелі қаламызға деген тілегін де айтып өтті:
– Бірінші Алла тағаланың, екінші Елбасымыздың Түркістанды түлетуді қолға алуы ең үлкен бастама деп санаймын. Киелі қаламыз күллі түркі жұртының астанасы болса да барлық жағынан лайық. Сонау жақтан менмұндалап тұрған ғимараттарды қоспағанда, бұл шаһарда күллі қазақ халқының тарихы жатыр, жәдігерлері сақтаулы тұр. Алдағы уақыттарда біздің Түркістанымыз дами түседі деп сенемін. Әсіресе, туризмді жолға қойып, Ахмет Ясауи мешітінің атын күллі әлемге паш етіп, қаламызға туристер легі ағылып жатса бұдан асқан қуаныш жоқ шығар деп ойлаймын,- деп ақжарма лебізін жеткізді. Біз де «SMart» өнер мектебінің алдағы жолына шығармашылық табыс айтып, өнер мектебінің ұжымына ақ жол тіледік.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.
