Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құрметіне «Елін сүйген – Елбасы» көрмесі өтті.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, студенттер, мәдениет, білім салаларының қызметкерлері мен жастар және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шараны облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек құттықтау сөзбен шып берді.
-«Елбасының тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінде Қазақстан әлемге танылып, абыройы асқақтай түсті. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарих басталғаны, елімізді ата-бабамыз армандаған асқар биікке шығарғаны баршаға белгілі. Қазақ елінің жарқын болашаққа бастар жолын айқындап берген Елбасына халықтың да айтар алғысы мол. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихы тереңде жатқан Түркістанды әр уақытта назарына ұстап, оның экономикасының, мәдениетінің, сәулетінің тасуына қамқорлық жасап келгеніне халық дән риза. Кемел тұлға, кемеңгер басшы Қазақстан сияқты тарих аренасына қайта шыққан жап-жас мемлекетті бүкіл әлем танитын, дәлірек айтқанда батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік, тіпті мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдер де құрметтейтін мемлекетке айналдырды. Бүгінгі көрменің мән-мағынасы тереңде. Көрмедегі әрбір туынды түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласы мен Елбасы есімінің байланысынан сыр шертеді»,-деді басқарма басшысы Нұрдәулет Еркінұлы.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті, жас ақын Әйгерім Мұрат Елбасыға арнаған өлеңін оқып, жастарды елін, жерін сүйіп, Тәуелсіз елдің тірегіне айналған Тұңғыш Көшбасшының салып берген сара жолын патриоттық сезіммен жалғастыруға шақырды.
«Жеңіс» саябағында өткен көрмеге облыстық кітапханалардың 150-ге жуық кітаптары мен музейлердегі Елбасыға арналған 200-ден астам естелік мағлұматтар жиынтығы және жәдігерлер қойылды. Оның ішінде Елбасыға арналған кітаптар мен фотоматериалдар, жеке заттары мен бейнелеу өнерінің туындылары бар.
Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы




