Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі қоғамның негізгі қолбайлау болып отырған өзекті мәселелерінің бірі. Онымен күресті жас буыннан, өскелең ұрпақтан бастаған тиімді болмақ.
Міне, осы мақсатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Түркістан Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Гүлзия Қарсыбай Жетісай ауданында кездесу өткізді. Басқосуға Жетісай ауданы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы істері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Жетісай Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрлыбек Мутаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Кездесу барысында Гүлзия Нұрғалиқызы елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, жемқорлық белгілері болып табылатын жағдаяттарға тоқталды. Қызметтік бабын асыра пайдаланып, жеке бас пайдасының табысын арттыруға жасалған қылмыстардың салдарымен, заңда белгіленген жауапкершіліктермен таныстырды. Жетісайлық жастармен еркін форматта өткен жиын барысында қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Біз, жастар – еліміздің болашағы, ата-анамыздың үмітіміз. Тәуелсіз Отанымызды әлемдік ареналарда мойындатуға, беделін сақтап қалуға тиісті тұлғалармыз. Сондықтан, бүгінгі қоғамды жегі құрттай жеп отырған дерт – сыбайлас жемқорлықпен бірігіп күресуіміз, жарқын болашағымызды бірге қалыптастыруымыз керек» деді өз сөзінде Гүлзия Нұрғалиқызы.
Басқосу соңында орталық басшысы Нұрлыбек Мутаев заңдық кеңестерін беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген Гүлзия Қарсыбайға алғысын білдірді.
Бауыржан НАЙМАНОВ.