ДӘУІРДІҢ ДАРА ҚАЛАМГЕРІ

1  310 көрілім

Нәзір Төреқұлов есімі қазақ, өзбек баспасөзі тарихының алдыңғы қатарынан орын алатыны сөзсіз. Оның екі ел баспасөзіне сіңірген еңбегі елеулі екендігі белгілі.

Нәзір Төреқұловтың журналистік қадамы 1918 жылдан басталды десек қателеспейміз. Өйткені, осы жылы Орынбор қаласында Торғай облыстық кеңестерінің бірінші съезі өтіп, сонда «Қазақ» газеті жабылады да, оның орнына «Қазақ мұңы» газеті шығарылады. Осы газетке Торғай облыстық кеңесінің шешімімен Нәзір Төреқұлов редакторлыққа тағайындалады.

Нәзір газет тізгінін қолға ала салысымен маңайына білікті, білімді журналистерді топтастырады. Бірақ, Нәзір бұл газетте көп істемейді. Ол өзінің революциялық идеяларын жүзеге асыру үшін Өзбекстанға қайта оралады. Нәзір өзі өскен Қоқан қаласына келіп, бірқатар лауазымды қызметтер атқарды. Осы сәттен бастап Н.Төреқұловтың революциялық және партиялық өсу жолы басталды. Ол Қоқан совдепінде қызмет атқарып жүріп «Халық сөзі» газетін құрып, редакторлық қызмет атқарады. Түркістан компартиясының орталық органы – «Инқилоб» (Революция) журналының алғашқы санын шығарып, басқа да басылымдардың редколлегия мүшесі болып, редакторлық қызмет етеді. Осында шығып тұрған өзге де газет журналдарға үзбей мақалалар жариялап отырады.

Нәзір Төреқұловтың журналистік қызметінің жарқырап көрінуі 1920 жылдардың іші. Осы жылдары Нәзірдің «Иштирокиюн», «Қызыл байроқ», «Туркистон» газеттерімен қатар «Шарқ», «Инқилоб» секілді журналдарда саяси мақалалары мен әңгімелері, әлем әдебиетінен тәржіма еткен аударма мақалалары жарияланып отырды.

Нәзір Төреқұлов «Инқилоб» журналын шығарушы редактор емес, терең білімді журналист және публицист қаламгер ретінде танылды. Ол осы журналға өзекті де терең мазмұнды публицистикалық мақалалар жазып отырды. Журналда жарық көрген «Бір сөз туралы», «Араб әлемі туралы» деген мақалалары ой тереңдігімен және отты тілімен өзімен қатарлас қаламгерлердің талайларын тамсандырды. Журналға Түркістан аймағына танымал болған таланттар – Айни, Кадыри, Чулпан сияқты атақтары әлемді шарлаған ақын, жазушылардың туындыларын жариялады. Н.Төреқұлов журнал оқырмандарына қазақ, өзбек, түрік, үнді және орыс классиктерінің танымал туындыларын таныстыруды мақсат етті. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі ұлы қазақ даласының ұлы перзенті Абай, Тоқай, Науаи, Тагор, Блок секілді ақын-жазушылардың шығармаларын үзбей жариялап отырды.

Нәзір жергілікті баспасөзге бірқатар ғылыми-публицистикалық, саяси және әдеби мақалалар беріп отырды. Оның жарық көрген «Шығыс және жалпы келісім-шарт», «Ұлт мәселесі және мектеп», «Түрік тілі» сынды мақалалары журналист Нәзірдің қаламының қарымды жүйрік мақалаларының терең де мазмұнды екенін аңғартады. Өзінің «Түркістан Автономиялық Республикасы» атты очеркінде: «Елу жылда ел жаңа» дейді халық даналығы. Бірақ революцияға дейінгі ұғыммен таныссақ, елу жыл дегеніміз өсіп-жетілудің кәдуілгі қарқыны. Ал Түркістан тарихының соңғы бес жылы өсу қарқыны, мән-мазмұны жағынан ақ патшаның қол астында болған алдыңғы елу жылға қарағанда анағұрлым артық болды деп батыл тұжыра аламыз. Патшалы Ресей үшін Түркістан небәрі отар ел ғана еді. Мұның саяси және экономикалық салдары бесенеден белгілі. Елді ешкім қолына қақпаған «Ташкенттік мырзалар» әскери басқару жолымен емін-еркін билеп-төстеді. Жұмыртқадан жүн қырыққан бұл қулар құдайдың қар желін де жергілікті халыққа ақшаға пұлдағысы келді. (Адам сенбестей мұндай оғаштық Жетісу облысының Нарын жерінде болғанын жұрт растайды) – деп ашына жазады Нәзір.

Иә, Нәзір жергілікті шенділердің теріс пиғылдағы бір бөлігін өздерінің саяси кеудемсоқтық мақсаты үшін басмашылар қолымен ел экономикасын мүлдем тұралатқысы келеді деп те сынға алады. Журналист Нәзір Төреқұловты 1920 жылдары Түркістандағы ұлттық тілдер тағдыры қатты толғандырды. Нәзір тіл үшін аянбай күресті. Сол күресі нәтижесін берді. Ол жергілікті этностардың тілдеріне мемлекеттік мәртебе берілгеніне, іс-қағаздардың жергілікті халық тіліне көшкені, ұлттық мектептер мен кітап өнімдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өскеніне шын жүрегімен қуанды.

Нәзір Төреқұлов 1920 жылдары өзінің ұлттық әдебиеті мен мәдениетін оқумен, терең білумен шектелмеді, ол өзге де әлем халықтарының әдебиетінің озық үлгілерімен жете танысып, терең білім бұлағымен сусынданады. Оған «Ержүрек» атты мақаласы дәлел. Жалпы, журналист Нәзірдің сол кездегі жазған мақалалары елдің саяси-әлеуметтік мәселелері бүгінгі таңда әлі де маңызын жоғалта қойған жоқ. Сондықтан тарихтың асыл қазынасы болып зердеге құйылары анық.

Бақытжан ЖОРАБЕКОВ,

Нәзір Төреқұлов музейінің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы