ЕЛ ҮШІН ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН

1  499 көрілім

Халқымыздың аяулы азаматы, елдің мұңы мен жоғын жоқтап, көп істің алғашқы бастаушысы болған, ұлтына қалтқысыз еңбек еткен қадірлі тұлға, қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өмір жолын үлгі ету, оны жас ұрпаққа насихаттау баршамыздың міндетіміз. Нұртас Оңдасынов өзінің өмір жолында бүтін бір ұрпақтың жүрегінде өшпестей із қалдырған, өз халқына қызмет етуде барлық жаңалықтар мен жақсылықтар үшін үлгі болған тұлға. Ол ерен істердің басында жүрген, қытымыр саясат қысқан кезеңде ел мүддесі үшін ағысқа қарсы жүзген батыл азамат, ғалым, тілші, елім деп тыным таппаған тұлға. Ол қандай жоғары қызметте жүрсе де, ел мүддесін бәрінен де жоғары қойды. Өйткені ол халықтың арманын, еліміздің тәуелсіздігін, өз байлығына өзі ие болу, тілімізді, ұмытуға айналған салт-дәстүрімізді қайта тірілту секілді халықтың мұң-мұқтажын жоғары бағалады. Рас, елі мен халқы асыл перзентін танып-біле қоймаған, тиісінше баға­лай алмай жатқан бүгінгі таңда: «Ол кім еді?» деушілер де табылып қалуы мүмкін. Айтайын.

Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы (1904-1989) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрыңғы Түркістан ауданында туған. Балалық шағында ауыл молдасы Керімқұлдан арабша төте жазудан дәріс алып, «Батырлар жырын», қисса, дастандар оқып, ұлттық рухта тәрбиеленген. Жастық шағы 1917 жылғы қос төңкеріс, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысының аласапыран уақытына тап келген. Жастай әкесі мен шешесінен айырылып, 1920 жылы Ташкенттегі №14 мектеп-интернатында 1922 жылға дейін тәрбиеленуге қамқорлыққа алынған. Онда Алаш зиялысы Сәдуақас Оспанов басшылық жасаған. Орыс тілінен Ғани Мұратбаев, араб тілінен Әмин Жүсіпов (Мәшһүр Жүсіптің ұлы) дәріс берген. Алаш қайраткері Сәдуақас Оспанов жастардың мықты және рухты болып өсуі үшін Нұртас Оңдасынов, Бейсембай Кенжебаев және Өтеубай Тұрманжанов сияқты талантты жастарды тәрбиелеген. Түркістан орман техникумын бітірген. Ташкент ирригация институтында меңгеруші, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашалығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халық комиссариаты басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, Атырау облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. 1962 жылы зейнет демалысына шығып, Мәскеуде ғылыми жұмыспен айналысқан. Әрине, ерен еңбегі лайықты бағаланған. Үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін де бос жатпаған. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін» құрастырып, оқырман ықыласына бөленеді.

Осы тарихи деректерден-ақ оның өмірі тағылымды, сан қырлы азамат бол­ғанын, өз өмір жолында талай қыз­меттің тізгінін ұстап, елі үшін, халқы үшін ұлан-ғайыр істер тындыр­ғанын аң­ғару қиын емес. Десе де, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов сияқ­ты толағай тұлға­­ны тарихтың төріне шығарған шаруа­шы­лықтың әр саласында төгілген тері, атқарған лауазымды қыз­меттері емес, оның өз ұлтына деген сүйіс­пен­шілігі болды. Жиырмасыншы ғасыр­дың басында ұлт ретінде ұйыса бастаған қазаққа қызмет етуді, қайда болмасын оның мүд­десі үшін табан­дылықпен күресуді өмір мұ-ратына айналдыруы десек қателес­пей­міз. Оның бағы да, соры да – өз ұлтын жан-тәнімен сүйгендігі. Нұртас Дәнді-байұлы – тарихи тұлғалардың бірі емес, бірегейі және ісімен өнеге болған тұлға.

Сондықтан, оның өнегелі өмірі мен халқына жасаған қалтқысыз қызметін халыққа насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі күнде де өзекті мәселе.

Салтанат СЫБАНОВА,

Н.Оңдасынов музейінің экскурсовод қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы