- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Өңіріміздегі көпбалалы және тұрмысы төмен медицина қызметкерлеріне қайырымдылық жасалды. «Тұңғыш Президент» күні қарсаңында облыстық денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің кәсіподағы аудан-қалалардағы ауруханаларға барып, медицина қызметкерлеріне ең қажетті деген азық-түлік себеттерін таратты. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен «Densaulyq» медицина қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы бірлесіп ұйымдастырған қайырымдылық шара Түркістан қаласында өтті.
«Мен жалғызбасты анамын. Алимент те, үкіметтен көмек те алмаймын. Тек жұмыстан айлық аламын, ол айлықпен балаларымды асырау қиын маған. Үлкен қызым студент. Кәсіподаққа рахметімді айтамын. Мұның өзі бізге үлкен көмек. Мұны да алуға мүмкіндігіміз болмайтын кезіміз болады кейде», – дейді жалғызбасты ана Мөлдір Сәрсенбаева.
Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлері бұл күні Түркістан қаласындағы медицина колледжінің оқуда озат, белсенді студенттеріне арнайы шәкіртақы тағайындап, сертификаттарын табыстады. Айта кетейік, медицина саласында еңбек етіп жүрген әрбір қызметкердің тұрмыстық жағдайына бей-жай қарамайтын кәсіподақ ұйымы ағымдағы жылы баспанасы өртенген және өндірістік жарақат алған қызметкерлерге де материалдық көмек көрсеткен болатын. Ал, пандемия кезінде науқастарды емдеймін деп, өздері бақилық болған дәрігерлер мен медбикелердің, тазалық қызметкерлері мен жүргізушілердің отбасыларына 100 мың теңгеден материалдық көмек берілген еді.
«Медицина ұйымдарындағы мүшелеріміздің көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының жағдайы туралы мәліметтер жинап, оларға жыл сайын азық-түлік себеттерін таратып отырамыз. Одан бөлек, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп формаларын тарату мақсатында «Мектепке жол» акциясын да ұйымдастырып отырамыз»,- дейді «Densaulyg» медицина қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Сәкен Катбаев.
Еліміздегі карантиндік ахуалды ескере келе денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің кәсіподағы өңірдегі медицина қызметкерлеріне осылайша жан жақты қолдау көрсетіп келеді. Ақ халатты абзал жандардың шипажайларда демалып, денсаулықтарын жақсартуларына да көңіл бөлінуде.