БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ – КІТАПХАНА

1  989 көрілім

«ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп Елбасы атап өткен болатын. Бүгінгідей ғылым мен техника, технологияның қарыштап дамыған заманында да кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, оқырмандармен біте қайнасып, қызметін жаңартып, түрлендіріп жалғастырып келеді.

Соның бір дәлелі – Түркістан қалалық ОКЖ қарасты балалар кітапханасы. Бұл кітапхана 1960 жылы ашылып үздіксіз жұмыс жасап келеді. Кітапхана заманға сай жаңа материалдық-техникалық жабдықтармен, көркем әдебиеттермен, түрлі салаларға қатысты ғылыми әдебиеттермен, балалар әдебиеттерімен толықтырылып тұрады. Қазіргі таңда кітапханамыздың жалпы қоры -39840.

Оқырмандар саны –2696. Кітапханамызда оқырмандарға мерзімді басылымдардың бай қорын және интернет желісіне қосылған компьютерлерді кез-келген уақытта шектеусіз пайдалануына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ оқырмандар жылдам әрі уақытты тиімді пайдалану үшін алфавиттік және жүйелі каталогтарды сонымен қатар мерзімді басылымдар, тақырыптық, өлкетану картотекаларын пайдалана алады.

Кітапхананың жұмыс жоспарына сәйкес оқырмандарды кітапханаға тарту, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі тақырыптағы көрмелер ұйымдастырылған. Атап айтатын болсақ «Байтақ елім бәйтерегім Қазақстан», «Тіл ұлттың жаны», «Түркістан тұтас елдің тірегі», ақын –жазушылардың атаулы мерейтойларына орай «Ойлы әдебиет биік парасаттан, терең білімнен туады», Рухани жаңғыру аясында «Елдігіміз жасай берсін мәңгілік», ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл- Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы», қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай –мәңгі халқының жүрегінде», Қазақ хандығының 555 жылдығына орай «Дәуір баспалдақтары», Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Желбіре жеңіс жалауы», 100 кітап жобасы аясында «100 кітап оқы», «Өзің оқы, өзгемен бөліс» букроссинг, кітапханамыздың кішкентай оқырмандарына «Балбөбектер балалар болашағым- бақытым!», «Ертегілер елінде», «Табиғаттың сұлу мүсіні» атты кітап көрмелері жасалған.

Сонымен қатар, кітапханамызда атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерейтойларына арналып инновациялық- көпшілік іс-шаралар, тақырыптық көрмелер, ақпараттық хабарламалар, ақпарат сағаттар, танымдық сағаттар, әдеби – музыкалық композициялар, кездесу кештері, викториналар, жыл сайын жолданатын Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау жұмыстары өткізіліп тұрады. Балалар оқырмандарының жетекшілеріне, ұстаздарға әдістемелік құралдар ұсынылады.

Жыл сайын ең көп оқитын оқырмандар арасында өткізіліп тұратын «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауға және тағы да басқа түрлі байқауларға біздің оқырмандарымыз тұрақты түрде қатысып, өз өнерлерін және білімдерін көрсетіп, жүлделі орындарды иеленуде. Атап айтсақ, «Қазақ хандығын ұлықтау –тарихымызға құрмет» атты облыстық байқауында Ильяс Майра ІІ орын, Ұлы Отан соғысына 75 жыл, Тәуелсіздіктің 29 жылдығы аясында «Жадымызда жаңғыртайық» атты облыстық деректі очерктер байқауында Мұсаев Жанғали І орын, «Руханиятымыздың алып бәйтеректері» атты қалалық байқауында Жұман Қарақат бас жүлдені иеленсе, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқауында Қален Мағжан І орын, Пернебай Әлімхан ІІ орын, Қадырқары Нұрай бас жүлдені қанжығасына байласа, Қалбай Ырысбибі екінші орынды иеленді.

Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кітапханамызда 3 қызметкер оқырмандарға қызмет көрсетеді. 2007 жылдан бері кітапхана саласында еңбек етіп келемін. Абонемент бөлімінде Ақсұлу Жұмантаева 2018 жылдан бастап өз қызметін жалғастырып келеді. Әрбір баланың тілін таба білетін талғамы биік, ойы зерек, қиялы жүйрік өзінің кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап жүретін жан-жақты кітапханашы. Оқу залының кітапханашысы Райхан Рахимжанова кітапхана саласында 2010 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге және олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосып келуде.

Ынтымақ пен ырысы артқан елміз,
Жарасымды бірлікпен жатқан елміз.
Түменбаб Түркістаным облыс боп,
Рухани жаңғырып жатқан елміз.
Тарихтың ашатым бүгін ақ парағын,
Мен бүгін талай сырды ақтарамын.
Әр күн сайын ізденіп келіп жатқан,
Оқырманға ықыласпен қызметімді атқарамын.
Жастайымнан кітапты керек еттім,
Содан ұқтым барлығын кереметтің дей –келе оқырман мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана дейтін болсақ кітапханашылар бүгінгі заман ағымына ілесе отырып, оқырмандарды сұранысы мен талаптарына сай барынша толыққанды ақпараттармен қанағаттандырып, оқырмандардың оқуына қажетті жағдай жасап, келешек жас ұрпақтың өз Отанын, туған жерін шексіз сүйетін, елінің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосатын білімді, парасатты, жан-жақты дамыған, тілі мен дінін, салт-дәстүрлерін қадірлейтін, оқырмандардың тұлға болып қалыптасуына, рухани дамуына өз үлестерін қосуда. Бұған дәлел жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың мына сөзі деп ойлаймын «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын». Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек.

Нұргүл ӘЛМАХАН,
қалалық ОКЖ қарасты балалар кітапханасының меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы