Үстіміздегі жылдың 13 қарашасы күні білім беру ұйымдарындағы БКҰ төрағаларымен „Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастыру мәселелері“ тақырыбында оқу-семинары ұйымдастырылды. Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткен семинарда білім беру ұйымдарындағы жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларын ұйым туралы ережемен таныстыру, жұмыс бағытары мен мақсат-міндеттері туралы түсіндіру, белсенділіктерін арттыру және кәсіподақ ұйымының іс-қағаздарын жүргізу бойынша әдістемелік көмек беру жұмыстары атқарылды.
Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымына төраға болып сайланғанына 3 жылға дейінгі мерзім болған 39 кәсіподақ белсенділері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Жиында кәсіподақ ұйымыныың қоғамдағы рөлі, оның негізгі жұмыс бағыттары, ұжым мүшелерінің құқығын қорғау мен әлеуметтік жағдайлары бойынша атқарылатын жұмыстары жөнінен кеңінен әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымында жүргізілетін іс-құжаттардың үлгілерімен таныстырылым жасалып, ұйым мүшелерінің құқығын қорғау барысында қолданылатын Заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер тізбесі туралы түсінік берілді. Сондай-ақ, білім мекемелерінде жұмыс берушімен бірлесе құрылып, кәсіподақ ұйымы тарапынан қадағаланатын Келісу комисиясы, Әлеуметтік әріптестік комиссиясы және Өндірістік кеңес комисиясы сияқты арнайы комиссиялардың жұмыстары, оларды құру тәртібі мен жұмысын алып бару заңдылықтыры туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылармен сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, кәсіподақ белсенділері қоғамдық ұйым жұмысы туралы өздерін толғандырған сұрақтарға лайықты жауап ала отырып, өзара тәжірибе алмасты. Іс-шараны қорытындылау барысында кәсіподақ төрағалары оқу-семинарының барысы, оның сапасы мен мазмұны туралы пікірлерін білдіріп, алдағы өтетін семинар-кеңестер бойынша ұсыныстарын көрсете отырып берілген сауалдарға жауап беріп, анкеталар толтырды. Жиын қатысушылары мұндай оқу-семинарларының сала мәртебесін ізгілендіруге, өзара тәжірибе алмаса отырып, қоғамдық ұйымның жұмысын жандандыруға қосатын үлесі көп екенін тілге тиек етіп, іс-шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
