- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Балаларға қосымша білім беру – үздіксіз білім берудің ажырамас бөлігі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жеке тұлғаны өздігінен дамытуға, шығармашыл, дарынды балаларды анықтауға, оларға қолдау көрсетуге және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған көп деңгейлі білім жүйесі. Бүгінгі қоғамда, оның ішінде білім саласында қосымша білім беруді дамыту кезек күттірмейтін шаралардың бірі. Осы мақсатта жұмыс жасап келе жатқан мектептердегі қосымша білім беру педагогтары қалалық адами капиталды дамыту бөлімі әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сай кезекті рет бас қосып, осы саланы дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Әдіс алмасу мақсатында өткізілген басқосу барысында тәрбиесі қиын (девиант) оқушылардың үйірмелерге тартылуы және қараша айында үйірме жұмыстары бойынша жүргізілген жұмыстар талқыланды. Басқосуда қалалық адами капиталды дамыту бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Гүлжазира Әметова ашып, жүргізіп отырды. Тәрбиенің ең алғашқы негізі отбасында қаланады. Педагог ғалымдарының тұжырымына сүйенсек, тұлғаны қалыптасу нәтижелілігі ең алдымен отбасындағы өнегеге байланысты. Отбасындағы ересектердің мінез-құлқына, әдебіне, іс-әрекетіне қарап өсіп, тәрбие көрген баланың да қандай екенін тану қиын емес. Осы бағыттағы тәлім-тәрбие сабақтаса, ұштаса жүргізілгенде ғана көздеген мақсат нәтижелі болмақ. Аталған мамандық иелерінің негізгі мақсаты тәрбиесі қиын оқушыларды үйірмелерге тартып, заман талабына сай жаңашыл, шығармашыл, мәдениетті, жан-жақты сауатты жеке тұлға тәрбиелеу екендігін басқосу барысында баяндама жасаған Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің қосымша білім беру педагогі Нұрғали Жұмантаев кеңінен баяндап өтті. Қосымша білім беру ұйымдары білімнің адам өмірі мен қоғамдағы рөлін балаларға түсіндіру арқылы олардың білімге, өнерге, мәдениетке деген қызығушылығын, ынтасын оятып, жеке қажеттіліктерін қанағаттандырады. Оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып, жалпы орта білім берудің типтік оқу бағдарламаларына сәйкес қашықтықтан үйірмелер өту мүмкіндіктерін қарастырып, ақысыз үйірмелердің жұмыс жоспары бойынша жұмысын бақылап, оқушылардың қатысу деңгейін қадағалау қажет. Үлгерімі төмен, тәртібі нашар, аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын және мүмкіндігі шектеулі балаларды үйірме жұмыстарына қызықтыру және қатысуын қамтамасыз ету де маңызды шаралардың бірі. Қараша айында жүргізілген үйірме жұмыстары бойынша баяндама жасаған Әмір Темір атындағы №3 жалпы орта мектептің қосымша білім беру педагогі Дариха Мүштаева атқарылған жұмыстармен қоса осындай мәліметтерімен бөлісті. Басқосу соңында әдіскер Гүлжазира Әметова қосымша білім беруді дамыту мақсатында жұмыс жасап жатқан әріптестеріне алғысын білдіріп, алдағы жоспарларын тиянақтады.
Түркістан қаласы Адами капиталды дамыту бөлімі.