Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен облыстық Азаматтық Альянсы және “Береке” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы үкіметтік емес ұйымдардың облыстық IX Азаматтық онлайн форумы болып өтті.
Аталмыш шара азаматтық бастамаларды дамыту және азаматтық сананы арттыру арқылы белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру, коммерциялық емес сектор, бизнес-қауымдастық, мемлекеттік органдар өкілдерінің күштерін біріктіру мақсатында ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, “Қазақстанның Азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева және мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйым көшбасшылары қатысты. Сондай-ақ онлайн форматта “Zoom” платформасы арқылы облыстың аудан, қалаларындағы үкіметтік емес ұйым өкілдері және мемлекеттік орган басшылары да қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Шара барысында азаматтық қоғамды дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешу саласында облыстағы ҮЕҰ-дың қол жеткізген негізгі нәтижелері және жетістіктері, сондай-ақ, ауылдық коммерциялық емес сектордың жағдайы туралы аса өзекті мәселелер, олардың даму перспективалары жан-жақты талқыланды. Форум аясында әріптестік қатынасты нығайту мақсатында “Nur Otan” партиясының Түркістан облыстық филиалы мен облыстық Азаматтар Альянсы арасында екі жақты, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Азаматтар Альянсы және Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.
Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: “Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде мүмкіндіктері артып келеді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, гендерлік теңдік, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, азаматтардың рухани деңгейін көтеру мәселелері сіздердің қолдауларыңызбен қарқынды жүзеге асуда” – деп өңірдегі қоғамдық ұйымдардың жұмысына оң бағасын берді.
“Түркістан облысының потенциалы, қазіргі кезде атқарылып жатқан жұмыстар өте зор. Тарих пен тағлым ұштасқан киелі мекен. Азаматтық институттардың бұдан да жоғары деңгейде дамитындығына сенімім кәміл”, – деген “Қазақстанның Азаматтық Альянсы” заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева алдағы уақытта туристтік бағытты дамытатын жобаларды қолға алу керектігін айтты.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 256 қоғамдық бірлестік тіркелген. Аудан, қалалардағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, қаржылай қолдау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қоғамдық бірлестіктер өңірдегі барлық деңгейдегі маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне оң ықпалын тигізіп келеді. Сонымен қатар, форум аясында ҮЕҰ-дың әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өткізіліп, үздік шыққан жобалар марапатталды.
Ақберен АМАНГЕЛДІ.
