ЕРІКТІ БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ ІСІ

1  306 көрілім

Қазақстанда 2020 жыл ҚР Президентінің жарлығымен – «Волонтерлер жылы» деп жарияланды. Сондай-ақ, ерікті ретінде қызмет көрсететін студенттердің стипендиясы 30 пайызға өсетіні айтылған болатын. Волонтер жылы аясында Түркістан облысында сабақтастық, саулық, асыл мұра, таза әлем, қамқор, білім, үміт бағыттары бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстан волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Біз осы жолы Түркістан облысындағы еріктілер қозғалысының аяқ алысы мен бағыт-бағдары, жоба-жоспарлары, атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен әңгіме ететін боламыз. Ендеше…

Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, вирустық инфекцияның таралуын тежеу мақсатында облыс жастары мен еріктілер аудан, қалалардағы көмекке мұқтаж топтарға көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен волонтер жастар бірлесе отырып, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларындағы және Сайрам, Төле би аудандарындағы отбасылық үлгідегі балалар үйлері мен мектеп-интернаттарға барды. Онда жастар COVID-19 вирусынан қорғану шаралары жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалар үйіне медициналық залалсыздандыру сұйықтықтары және тазартқыш құралдарын, сондай-ақ қорғаныс бетперделері мен дәрі-дәрумендер сияқты қазіргі жағдайда аса қажетті заттарды таратты.

Бұдан бөлек, «Сабақтастық» жобасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жүректен -жүрекке!» шарасы өткізілген. Түркістан қаласындағы көмекші мектеп-интернатының ерекше оқытуды қажет ететін тәрбиеленушілеріне арналған шараға Р. Сейтметов атындағы сазды драма театрының «Тарлан» вокалды инструменталды ансамблі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Актерлік өнер» мамандығының белсенді мүшелері және облыстық «NGL» еріктілер мектебінің жастары қатысып, жанды дауыста концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер, пародия, қуыршақ персонаждарының қатысуымен көңілді кештер ұйымдастырды. Сондай-ақ, белсенді жастар тәрбиеленушілер денсаулығына пайдалы жеміс-жидектер мен тәтті бәліштер тарту етті.Еріктілер қолға алған «Саулық» бағыты бойынша да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылған. Әсіресе, облысымызда медициналық волонтерлік жаңа қарқынға ие болды. Мәселен, осы ретте Түркістан қаласында «Мен – донормын, өзгеге үміт сыйлаймын!» атты акция жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» МКК мен «Jas Otan» жастар қанатының бірлесе ұйытқы болуымен өткен шараға 100-ге жуық адам қатысты. Жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін ұғындыру, донор болу арқылы өзгеге үміт сыйлау мақсатында ұйымдастырылған акцияда жастар қан орталығын безендіріп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қоса білді. Қанға зәру науқастарға қолдау көрсетуді қолға алған орталық алдағы уақытта да іс-шараны жалғастыруды жоспарлап отыр.

Түркістандық еріктілердің тағы бір қолға алған жобаларының бірі – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» жобасы. Жоба аясында биыл Түркістан қаласында «Мейірім шуағы» акциясы ұйымдастырылды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен ерікті жастар коммуналдық және құрылысшы жұмысшыларға қамқорлық акциясын өткізді. «Таза әлем» жобасы аясында ұйымдастырылған акцияда еріктілер Түркістанда еңбек ететін жұмысшыларға, құрылысшыларға тәтті бәліштер мен ыстық кофе тарту етіп, күндеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жастар орталығының қызметкерлері мен волонтер жастар көше сыпырып, қоқыс теріп, қар күреп жұмысшыларға қолқанат болды. «Таза әлем» акция арқылы жастардың үлкендерге деген құрметі мен қалаға деген сүйіспеншілігін ұғындыру көзделген. Аталмыш шара, дәстүрлі түрде жыл сайын әр түрлі мезгілде, аудан, қалаларда тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұдан бөлек, волонтерлардың қатысуымен «Жастар таза қала үшін!» плоггинг өткізілді. Осы жылдың қазан айында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Түркістан жастары «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында «EcoSana» сенбілік акциясы ұйымдастырылды. Сенбілік акциясына орталық мамандары, «Туризм және меймандостық» университеті мен «Ашық жүрек» волонтерлары қатысты.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында «ЭКО әлем» атты үстел ойындары ұйымдастырылды. «Асыл мұра» бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тарта білді. Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығында «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасының Түркістан облысындағы арнайы фронт-кеңсесі ашылды. Алдағы уақытта бұл кеңседе, жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған зерттеу, жобалық жұмыстары мен шынайы волонтерлық бастамаларының жарқын ошағына айналатынына сенімдіміз. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әлемге құшақ ашқан Түркістан» атты жаңа жоба басталды. Ондағы мақсат – Түркістан қаласын ғаламдық ірі туризм орталығына айналдыру және қызмет көрсету сапасын жақсартуда еріктілердің көмегімен жаңа тәсілдерді қалыптастыру. Іс-шара барысында туристтер көп келетін қоғамдық орындар мен көрнекі жерлерге «Алтын қағидалар» енгізілді. Еріктілер қаладағы дәмханалар мен мейрамханаларды және өзге де қоғамдық тамақтану орындарын аралап, арнайы жадынамаларды таратып шықты. Онда қалаға келген қонақтарға сапалы қызмет көрсету, жол сілтеу, қонақжайлылық таныту секілді кеңестер жазылған. Жаңа жоба аясында қолданысқа түскен «Алтын қағидалар» алдағы уақытта әрбір түркістандықтың ұстанар басты қағидатына айналатындығына ерікті жастар сенімді.
Жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі РМҚК директоры Н.Ахметжанов пен Түркістан облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы А.Өміртай және Түркістан қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ералы Қамбар өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Басты мақсат – біріккен бағдарламаларды іске асыру барысында нәтижелі ынтымақтастықты реттеуге басымдық беру, еріктілердің тәжірибе алмасуын жолға қою және бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру. Меморандум жастардың туризм бағытында қызметтер атқаруына, Түркістан қаласының тарихын жетік меңгере отырып, туристтерге сапалы қызметтер көрсетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, еріктілерге еңбек өтілі жүреді, туризм бағытында қызметтер атқарғанын растайтын арнайы сертификат беріледі.
Түркістандық ерікті жастар «Судың да сұрауы бар» атты жаңа жобаны жүзеге асырды. Басты мақсат – көпшілікті ауыз суды үнемді қолдануға шақыру. Жоба аясында жастар мемлекеттік мекемелерге, орта арнаулы оқу орындарына, жоғары оқу орындарына және халық тығыз шоғырланған жерлерде суды үнемдеу жолдары жазылған арнайы брошуралар таратты. Мейрамханалар мен дәмханалардағы қол жуатын, су тұтынатын жерлерге арнайы жадынамаларды жабыстырды.

Еріктілер жылына орай, Түркістан қаласында «OPEN ENGLISH» жобасы бастау алып, белсенді өтуде. Қоғамдық даму басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы қолға алған жобаның аясында жастар ағылшын тілін тегін үйренетін болады. Тіл үйрететін ұстаз да ерікті ретінде жұмыс істеп жатыр. Жақында «Birgemiz: Úmit» жобасы аясында Түркістан қаласында алғашқы медициналық көмек көрсету сабағы өтті. Волонтерлар алғашқы көмек көрсету және жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен адамның өмірін құтқару үшін білім мен практикалық дағдыларды алу мақсатында оқытылды.
Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» көпшіліктің басқосуымен өтетін іс-шараларды кейінге шегеріп, төтенше жағдай аясында волонтерлардың іс-қимылы бойынша жоспар бекітіліп, жұмыстар атқарылуда. «Saýlyq», «Qamqor» бағыттары бойынша ауқымды 50-ге жуық жоба мен түрлі акциялар ел игілігі үшін жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында 1 257 түрлі акциялық іс-шара ұйымдастырылып, жалпы 8885 волонтер аталған бағыттарға тартылған болатын. Олардың ішінде 102 635 дана арнайы медициналық қорғаныс бетперделері және жағдайы төмен және көпбалалы 5 241 отбасыға 6068 азық-түлік себеті таратылды. Сонымен қатар, волонтерлардың көмегімен халық көп шоғырланатын орындарда халыққа 30 000-нан астам дана ақпараттандыру парақшалары таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осы деректерден өңірде еріктілер қозғалысы жоғары деңгейде дамып келе жатқанын аңғарамыз. Ізгілік шамын жаққан, мейірімді насихаттаған Қожа Ахмет Ясауидей баба кемеңгер дүниеге келген өңірде басқаша болуы мүмкін емес. Себебі, Түркістан өңірі – қайырым мен мейірімнің, қазақы дархандық пен жомарттықтың ордасы.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы