Көне шаһардың жаршысы – «Түркістан» газетінің жарық көре бастағанына биыл – 90 жыл. Тоқсан жыл – ел алдына шығып салмақты сөз айтар қарияның жасы. Үнжария 1930 жылдан бері жарық көріп келе жатқан өңіріміздегі көне басылымдардың бірі. Өткен ғасырдың 30-жылдары елімізде ауыр бір кезең болғаны жасырын емес. Кеңес өкіметінің елді жаппай ұжымдастыру ісіне белсене кіріскен кезең еді, қоғам өміріндегі өзгерістің қазақтарға да оңай соқпағаны анық. Кең даланы ен жайлап өмір сүрген ел үшін бұл бір ауыр қасiрет болды. Осындай аласапыран кезеңде ауыл еңбеккерлерінің еңбегі ерен еді. Олардың егіс алқаптарындағы, не мал жайылымындағы жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыратын ауданның осы үнжариясы болды.
Орыс тілі ресми тіл болып тұрған кезеңде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. Газет қызметкерлері оқылуға жеңіл, мейiлінше қызықты қазақ тіліндегі материалдар жиі беріп тұрды. Шағын басылым талай жас тілшілердің қанатын қатайтқан алтын ұя мектебіне айналды.
Қазір жаңа басшы – Мәлік Дәулетов газет форматын өзгертіп, оқырман назарын аударту мақсатында материалдар дизайнын барынша тартымды, ойнақы, жеңіл әрі түсінікті етіп бере бастады. Оқиға орнынан берілетін фоторепортаждар, сараптамалар, журналистік талдама мақалаларының саны артты. Сонымен қатар, редакция мен оқырман арасындағы ақпараттық-насихаттық байланыс орнықты. Қоғамдағы ащы шындық пен шешімін күткен түйінді мәселелер журналистердің назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар, біраз уақыттан бері жарияланбай кеткен журналистік зерттеу жанрындағы топтамалар тұрақты беріле бастады. Газеттің мазмұндық құндылығын оқырман ұсынған ақпараттар, жедел хабарлар толықтыруда.
Газетте мемлекет қызметкерлерінің күнделікті қызмет барысын, қиындығы мен сырткөзге көріне бермейтін қыр-сырын, жұмысшы келбеті мен білікті кадр образын жан-жақты ашып беретін айдарлар пайда болды. Қоғамның кез келген құбылысына үн қатып, пікір тудыратын жарияланымдар артты. Соңғы бір-екі жыл көлемінде басылымның безендірілуі, өңделуі, сонымен қатар тақырыптық тұрғыдан саналуан үлгімен құбылуы біраз өзгеріске ие болды. Газеттің мазмұндық құндылығын облыс орталығындағы ресми, саяси, мәдени ақпараттар толықтырды. Қалада өткізілген халықаралық маңызды кездесулерге, туризм мамандарымен тәжірибе алмасуларға, мәслихатта талқыланған заңнамаларға, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы-қарарларға қатысты талдамалы-сараптама материалдардың көлемі артты. Басылымның оқылым жүйесін, жарияланған мақалалардың тақырыптық сипатын сақтай отырып, түрлі саланы қамтуға ерекше мән бере бастағаны аңғарылады. Бүгінгі таңда газет бетінде жарияланып жүрген материалдар қала әкімдігінің ақпараттық-насихаттық жұмысының ажырамас бір бөлігіне айналды. Жабырқаған жандарға медет болған, қиналған жандарға қорған болған журналистердің еңбегі, қалай болғанда да, мақтауға лайық.
Редакцияда сақталған газет тігінділері, шындап келгенде, қала тарихының топтамасы. Себебі, басылым беттерінде қала тұрғындары туралы маңызды ақпараттар бар: қала халқының қиындық пен қызыққа толы қызметі, өмірі, жетістіктері мен кемшіліктері, мәселелері мен ой-пікірі, аға буынның айтары мен жас маманның алғашқы қадамы – мұның барлығы кешегі тарих. «Түркістанның» ақпарат мінберінен сөз сөйлеп, көпке ой тастар ардагерлер мен қым-қуыт қызметтерінің қыр-сырымен бөлісер білікті мамандар арасындағы берік байланыстың да үзілмей келе жатқаны заңды.
Қаламы қарымды журналистердің басым бөлігі қазақ журналистикасының қара шаңырағы – ҚазМУ-де білім алған. Ал өндірістік тәжірибесін жергілікті газеттерде өткен. Біз де сол дәстүрден жаңылмай, осы мектептен тәжірибе алған қазақпыз.
1982 жылы, 1-курсты тәмәмдап қалғанмын, курстық жұмыс жазбақ боп Алматы қаласындағы Пушкин кітапханасына бардым. Ойда-жоқта «Қызыл Түркістан» газетінің 30-жылдардағы нөмірі қолыма түсті. Сарғыш беттерді парақтай отырып, Түркістан қаласының тарихына қатысты бұрын-соңды айтылмаған қызықты деректерге тап болдым. Қызыққаным соншалық, жетекшімнен басқа тапсырма алсам да, курстық жұмысымды осы тақырыпта жазбаққа бекіндім. Үш күн шұқшиып отырып, «Қызыл Түркістан» газетінде жарық көрген жарияланымдарға шолу жасаған курстық жұмысымды бітірдім де, сыртын безендіріп, Қапан Қамбаров ағама көрсеттім. «Мынауың біз білмейтін бір дерек екен. Жарайсың, тәуір зерттепсің. Енді осыныңды Түркістандағы газеттің өзіне апарып бастырсаң қайтеді?», – деген ұсыныс айтты. Өзім де жазғы оқу-танысу тәжірибемді «Коммунистік еңбектен» бастағалы жүргем, бұл ұсыныс көкейіме қона кетті де, ойланбастан Түркістанға тартып кеттім.
Жас практикантпын. «Редактор» деп жазылған қара есіктің тұтқасын жүрексіне әзер қайырған мені босағадан редактор Тұрабай Мырзахметовтың өзі қарсы алғанда, қанат байлап ұша жаздағаным есімде. «Практикант екеніңді білдік. Нең бар, немен келдің?», – болды алғашқы сауалы. Шиыршықталған курстық жұмысымды ұсындым. Сыртқы бетіне қарап мырс етіп күлді (курстық жұмысыңды неге ұсынып тұрсың дегені болуы керек). Сосын ішкі беттеріне көз жүгірте бастады. Отырды. Өңі манағыдай емес, сәл өзгерді. Бас алмай ұзақ оқыды. Сосын қоңырау тетігін басып, Тілеуқабыл Мыңжасаровты шақырды. «Мынаны тез нөмірге дайында! Ал оның авторын қарамағыңа ал. Жетекші боласың!», – деді. Кейін редакция лездемесінде мақалам жақсы аталып өтті. Сыйақы төленді.
Бұрын да мектепте жүріп газетке қысқа хабарлар жазып түратынмын. Өздерін енді көрсем де, тілшілердің аттарына қанықпын. Жатсынғам жоқ, газет тірлігіне етене араласып кеттім. Сол кездегі редактор орынбасары Сырым Дағмырзаевпен, тілшілер Балтабай Нұржановпен, Асан Оспановпен, Амангелді Досжановпен, Мария Мерешовамен бірге талай журналистік іс-сапарларға шығып, проблемалық мақалалар жаздым.
Тәжірибесіздіктен ұятқа қалған сәттерім де кездесті. Бірде Тұрағаң «Коммуна» колхозына жұмсады. Сондағы бір озат механизатор жайлы очерк жазуыма тапсырма берді. Бардым. Қырсыққанда әлгі механизаторым не үйде жоқ, не түзде жоқ болып шықты. Ал тапсырманы орындау керек. Оның үстіне секретариаттың газет бетінен екі жүз жол запас орын алып қойғанын естіп кеткем. Не істеу керек? «Болашақ журналист емеспін бе? Жағдайдан шықпасам несіне тілші болып жүрмін?» деген ой келді басыма. Сөйттім де өзім көріп-білмеген механизатор жайлы әлім келгенше суреттеп, Тауман Амандосов ағайымның үйреткеніндей портреттік очерк жазып шықтым.
Ертесіне таң атпай редактор шақырады. Жүрегім зырқ ете қалды. Бірдеңе болғанын сездім. Бірақ қайтіп ақталарымды білмеймін. «Тәп-тәуір очерк жазыпсың, – деп бастады редактор қуақылана. Қасында жетекшім Тілекең отыр. – Кейіпкерің риза болатын шығар. Қалай кездестіңдер өзі? Толығырақ айтып берші?», – дейді кеудесін күлкі қысып. Мен сасам ба, албырт студент емеспін бе, солай да солай деп сарнай жөнелдім. Қарасам, екеуі кеңкілдеп күліп отыр. «Айналайын-ау, – дейді Тұрекең күлкісін баса алмай, – сен «ұзынтұра ат жақты сары жігіт» деп суреттеп отырған кейіпкерің тәпелтек, құшиған қара шал ғой», – деп бір күледі, бір күледі. Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Содан бері мақала жазсам әр фактіге шұқшия қарап, әр цифрды мың қайтара тексеретін болдым. Бұл өміріме үлкен сабақ болған жағдай-тын.
Міне, біздің журналистік балаң қадамымыз осылай, бүгінде 90 жасқа толып отырған қара шаңырақта – Түркістан журналистерінің ұстаханасында басталған болатын. Қазір газет өзінің бағыт-бағдарын айқындап алған осы өңірдегі бірден-бір оқылымды ақпарат көзі. Асыға күтеміз. Бір нөмірі кешігіп қалса алаңдаймыз, тәуір мақала жарық көрсе мақтанамыз. Редакция қызметкерлері де бізбен жиі хабарласып тұрады. Биікке шықсақ қуанады, адассақ қамығады.
Жазар көбейсін! «Түркістан», менің төл газетім, тәжірибе мектебім!
Бекжігіт СЕРДӘЛІ,
Түркістан қаласының Құрметті азаматы.
