Дүниежүзі қазақтарының І-ші Құрылтайы Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен еді. Құрылтайда Елбасымыз, Тұңғыш Президент «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Қытай, Иран, Пәкістан, Түрік елдеріне және көптеген Еуропа мемлекеттеріне сонау жылдары «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетіп, тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың бірсыпыра өкілдері аталмыш алқалы жиыннан туған жерге, атажұртқа деген сағынышының мауқын баса алмай қимай қоштасқан еді…
Ендеше, біздің бүгінгі мақаламыз Қазақстанның егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің арайлап атқан ақ таңында атажұртын аңсап келген қандастарымыз жайлы болмақ.
БАУЫРЛАРҒА БАУЫРМАЛДЫҚ ТАНЫТҚАН ЖЫЛДАР
«Түркістан» газетінің сарғайған парақтарын ақтарып отырып, оралман бауырларымыздың сонау 1993 жылы Түркістан қаласына көшіп келгеніне куә болдық. Еңбек ардагері С.Тастанбекұлының «Қамқор қолымызды созайық» атты мақаласында «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы деп намысын бәрінен биік қойған халықтың ұрпағымыз ғой, ағайын. Біз бүгінімізді емес ертеңімізді, жағалы ел болып, еңсе көтеруімізді, ол үшін бірігіп, санымызды да, санатымызды да толықтыруды естен шығармауымыз қажет» десе, Шорнақ ауылынан Батыр ана Ш.Жақсылықова «Қасиетті Түркістан топырағына келетін бауырларымыз да үй-жайын, жиған-тергенін, малын тастап жетіскеннен келе жатқан жоқ. Олар қазақтың қарашаңырағы іспеттес жерімізге бауырластарының ашық қабағын, кең пейілін аңсап оралып отыр. Шетелден қағажу көрген, соғыстың зардабын тартқан қамкөңіл бауырларымызға қамқор пейілмен жәрдем қолымызды созу әрбірімізге үлкен сын» деп барша түркістандықтарға үндеу жасаған екен.
Сол жылы «Түркістан» газетінің №67 (7918) 17 тамыз күнгі санында бір бет шамасында көлемді мақалалар жарық көрген-ді. Мұнда бауырларымызды Түркістан қаласында ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қарсы алған сәттер баяндалған. «Қадамдарыңыз құтты болсын, бауырлар!» атты мақалада «Өткен сәрсенбі, тамыздың 14 жұлдызы күні бесін мезгілінде Түркістан стансасы теміржол вокзалының маңына аудан мен қала жұртшылығы көптеп жиналды. Олардың жүзінен қуаныш сезімі көмейінен қуаныш лебізі атойлап тұрғандай. Уақыт мезгілі ымырт әлетіне тақағанда «Алматы-Қызыл арват» поезы стансаға келіп тоқтады. Ағайындарды асыға күткен аудан, қала жұртшылығы осы сәт «сағыныш» демін алып, вагондарға қарай жылжыды. Аудан әкімі А.Мелдебеков Ираннан туған топыраққа атбасын тіреген ағайындардың қадамына сәттілік тілеп, оларға жасалар жағдайларды сөз етті. Ираннан келген қандастар атынан Ибрагим Қажы сөз алып, өздерін жылы жүз, ыстық ықыласпен қарсы алған аудан әкімі, аудан мен қала жұртшылығына рахметін айтты. Жат жерде жүріп, өмірдің тауқыметін көп көрген ағайындарының елге оралуына қамқорлық жасаған Нұрсұлтандай Елбасыға Құдай өмір берсін» деген жолдар кездеседі. Сондай-ақ, «Қуаныштан көңіліміз шалқиды», «Туған жер құшағын жаяды», «Азаматтығымызға сын, ағайын!» тақырыбындағы мақалаларда ата жұртын аңсап келген қандастарымызға көмек қолын созу, жылы пейіл таныту, бауырластарымыздың бауыр басып кетуіне жол ашу сияқты пікірлерге орын берілген.
Сонымен қатар, айтулы айтыскер ақын Әбдікерім Манапов арнауында:
Ән-жырдың жарқылдатып алдаспанын,
Құттықтап алдарыңда ән бастадым.
Екінші Мекке атанған Түркістанға,
Қадамың құтты болсын қандастарым.
Сағыныш жасын көл ғып төктіңдер ме?
Елді ойлап қабырғаны сөктіңдер ме?
Айрылған тар заманда бауырларым,
Арымай туған жерге жеттіңдер ме?
Жан қалмас сірә бүгін қуанбаған,
Түбіміз бір қазақпыз ұрандаған.
Тербеліп қуаныштан Түркістаным,
Шалқыды шаттығыңнан Тұран далаң.
Ақтабан, зар заманда бостыңдар ма?
Көз жасты Елім-айға қостыңдар ма?
Арқаның ақ самалын сағынғанда,
Кеудені өкпек желге тостыңдар ма?
Ойға алған орындалып мүдделерің,
Тапқандай асыл көңіл шын керегін.
Өздеріңе қақпасын айқара ашты,
Егеменді Қазақстан іргелі елің, – деп өлең жолдарын арнаған екен.
Негізінен тамыз айы қандас бауырларымыз үшін өмірінде мәңгі ұмытылмас ай болып қалары анық. Бұл күндерді олар қаншама жылдардан бері армандағаны жасырын емес, сірә. Келген күннен бастап оларға барлық жағдайлар жасалынғаны жайлы «Түркістан» газетінің №68 (7919) 20 тамыз күнгі санынан да кезіктіруге болады. Мысалы «Қандастарымызбен қауыштық» атты мақалада «Бұл күндері қандастарымыз үшін бой көтеріп жатқан «Достық» ауылындағы екі тұрғын үйді уақытылы пайдалануға беруге нұртастықтар лайықты үлес қосуда» деп айтылса, «Туыстық сезімді аямайық» атты мақалада «Елім, жерім деп жеткен қандастарымыз өздерінің елінде, жұртында өгейлік көрмей, тез бауыр басып кетуі үшін баршамыз да өз үлесімізді қосайық, ағайын. Қанша дегенмен туыстың жөні бір бөлек қой» деген жолдар жазылған. Ираннан келген Әбділбақы Қажы Айтмұратұлы «Ағайындарға, рахмет!» мақаласында «Туған елдің топырағын басып, оның кәусар ауасын жұтып ағайын ішінде ата-баба жұртында жүруден асқан бақыт та жоқ екен. Аптаға жуық уақыттың өзінде елдегі қандастарымызбен бауырласып, тез араласып кеттік. Ағайындардың бауырмалдық құшағына, ыстық ниетіне ерекше алғыс айтамыз» деп шын ниетін арнаған екен.
Өмірін журналистика саласына арнаған марқұм Нұралы Дүйсекеевтің №69 (7920) 24 тамыз күнгі санында қызықты фактіге толы «Бауырлармен қауыштырған жол» мақаласы жарық көріпті. Онда Ираннан келетін бауырларды қарсы алу сол кездегі аудан әкімі А.Мелдебековтің Өкімі бойынша аудан әкімшілігінен өкіл болып барған Сұлтанхан Әбдірахмановтың мына естелігіне тоқталып өтуді жөн деп санадым. «Облыс әкімшілігінің еңбек басқармасының көшіп келу жөніндегі бас маманы Үшкен Шоқыбаевпен бірге үстіміздегі жылдың 6 тамызында жолға шықтым. Тәшкенттен Ашғабадқа дейін ұшақпен ұшып, одан әрі қарай 250 шақырымдай жол жүріп автобуспен Қызыл Арватқа келдік. Ұзақ жол, ыстық ауа әбден қалжыратып, титықтатты. Сонымен біз түрікмен даласымен тағы да 230 шақырымдай жол жүріп Қызыл Атрекке жеттік. Осы жерден бауырларды күтіп алдық. Оның да машақаты аз болған жоқ. 11 тамыз күні 30 отбасы, 12 тамыз күні 74 отбасы өтті. Барлығы 590 адам болатын. Жолда бір бауырымыздан – 1918 жылы туылған Қосай Молласабыр деген ақсақалдан айрылып қалдық. «Туған жерге жетсем» деген асыл арманына енді ғана қолы жеткендей болғанда, сұм ажал оны мәңгі бақи түрікмен топырағында қалдырды. Әттеген-ай, тағдыр туған жердің топырағын бұйыртпады-ау қартайғанда деп іштей күйзелдім» деп айтқан әсерлі әңгімесі оқырманды бей-жай қалдырмайтыны анық.
«ДОСТЫҚ» АУЫЛЫ – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ
«Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» дегендей сонау қызыл империяның қолдан жасаған қыспағынан шет елдерге бас сауғалап кеткен қандастарымызды құшағын кең жайып қарсы алған қала мен аудан басшылары, ынтымағы жарасқан халқы енді олардың отбасыларына тұрғын үй салып беруді қолға алған еді. Осы бір сауапты істі қолға алған халқымыздың игі жақсылары ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етіп, «Достық» ауылының бой түзеуіне көп күш жұмсағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы тұста №77 (№7928) 21 қыркүйек күні шыққан «Күн суытып келеді, ал «Достық» ауылының жай-күйі қалай?» атты мақала көзі қарақты оқырмандардың назарын бірден өзіне аударады. Атап айтсақ, мақала авторы Н.Дүйсекеев «Кешегі жапан дала төсінде бұл күндері 30 шақты үй бой көтеріп қалыпты. Нақтылай айтсақ, бірінің шатыры жабылған, ал кейбіреулерінің іргетасы, қабырғалары қаланған 39 үйдің (біткендерін қосқанда) құрылысы салынып жатыр екен. Бас жоспарда қарастырылған қалған үйдің қадалары қағылған күйі тұр» деп аудан шаруашылықтары мен кәсіпорындары, мекемелердің 2 айдың көлемінде атқарған жұмыстарына сараптама жүргізген. Сонымен қатар, автор «Қылышын сүйреткен қыстың хабаршысындай күн суытып келеді, сондықтан жоғарыда аталған кемшіліктерді шұғыл түзетіп, тұрғын үйлерді бітіруге күш салу керек. Бұл бауырластарымыздың алдындағы баршамыздың абзал борышымыз болмақ» деп мақаласын түйіндеген екен. №78 (7929) 24 қыркүйектегі санда «Бауырларымызға – аялы алақан», «Құрылысшылар шарапаты» сынды мақалаларда Ираннан келген бауырымыз Меңлік Мұхамад Омар өзінің отбасы жайлы әңгіме қозғап, бала-шағасының Ынтымақ колхозындағы мектептің бастауыш сыныптарында оқып жүргенін, жалпы мейірбан, қонақжай қазақ еліне алғысын айтады. Бұдан бөлек, «Достық» ауылында қызу жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарындағы озат құрылысшылардың ерен еңбегі жайлы әңгіме өрбіген.
ӨРКЕН ЖАЙҒАН ЕЛДІ МЕКЕН
«Түркістан» газетінің 90 жылдығына орай, қаламыздың кешегісі мен бүгіні жайлы мақала әзірлеу мақсатында 27 жыл бұрын киелі қалаға атажұртын аңсап келген бауырларымыздың хал-жағдайымен танысу мақсатында бұрынғы «Достық» ауылы, қазіргі «Достық» елді мекеніне жол тарттық. Алдымен Ескі Иқан ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Абдусаттар Расуловке жолығып, ол бізге аталмыш елді мекенге бекітілген жауапты маман Толқын Абдухаллаковты қосып берді. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік автожолы бойында орналасқан, ауыл орталығынан 20 шақырым ұзақтағы «Достық» елді мекені алыстан менмұндалап тұр. Қоңыр күздің жаймашуақ күнінде осы ауылдың ақсақалы Пірназар Ерғалиұлының шаңырағында болып, өткені мен бүгіні, тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп беруді сұрадық:

– Отбасымызбен туған топыраққа, түркі жұртының түп мекені қасиетті Түркістан қаласына оралғанымызды үлкен бақыт санаймын. Біз сонау жылдары шетел асып алдымен Ауғанстанда тұрдық. Онда біз күн кешу үшін мал бақтық, егін ектік, қолдан келген барлық жұмысты жасадық. Кейін Ауғанстанда соғыс басталғанда бас сауғалап Иранға ауып кетуге мәжбүр болдық. 14 жыл Иранда өмір сүрдік, олар бізге бар жақсылығын аямады, көмегін берді. Сол жақта жүріп Қазақстанның амандығын, егеменді ел болуын тіледік, ұланғайыр еліміз бар екендігін мақтан тұттық.
Құдайға шүкір, Қазақстан Тәуелсіздік алды, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тұңғыш Президент болды. Бізге барлық қамқорлығын жасап, қолдау көрсетті. Түркістанға көшіп келген 1993 жылы қыс қатты суық болды. 1 үйде 3-4 отбасы отырғанымыз тағы бар, алғашында осындай қиын күндерді бастан өткергеніміз рас. Ендігі жылы бізге 50 гектaр жер бөлініп, сонда қауын ектік. Сол жылы өніміміз мол болды, содан тұрмысымызды біршама түзедік. Үкіметімізге рахмет, балаларға жәрдемақы, мен сияқты қарттарға зейнетақы беріп отыр. Құдайға шүкір, балалар өз кәсібімен айналысып, жұмысын дөңгелетіп отыр, – дейді бізбен сұхбатта Пірназар қария.
Мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа 2010 жылы барып келген ауылдың батагөй ақсақал әйелі, бүгінде Батыр ана атанып отырған Қалназарқызы Базараймен 9 ұл-қызды дүниеге әкелген бақытты шаңырақ иелері. Олар лайым егемендігіміз мәңгі болсын, көк байрағымыз көкте желбірей берсін деп тілейді.
Біздің кейінгі бағытымыз осы ауылдағы 220 орындық «Достық» жалпы орта мектебі болды. Бүгінде 30 мұғалім, 25 мектеп алды тобы жұмыс істейтін білім ордасына Оспан Алибаев басшылық жасап келеді. Әңгіме барысында Оспан Ахатұлы ауылдың бірнеше ерекшеліктерін жайып салды. Айтуынша бұл ауылда мүлде ұрыс-керіс атымен жоқ екен. Дүкендерде арақ-шарап сатылмайды, жастардың барлығы тәрбиелі, инабатты. Мешітке барып Аллаға құлшылық жасайды. Тіпті есікті құлыптамай кететін үйлер де кездесетінін жасырмады. Мектеп директоры оралман бауырларымыздың ұл-қыздарының алғашқы көшіп келген жылдардағыдан сабақ үлгерімдері біршама түзелгенін, дегенмен әлі де оқуға ынталандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу қажеттілігін сөз етті.
Деректерге сүйенетін болсақ, 1993 жылы «Достық» елді мекенінде аудан шаруашылықтары мен кәсіпорындар, мекемелердің көмегімен 100 тұрғын үй салынса, бүгінде олардың саны 150-ге жеткен. Сол жылдары мұнда 600-ден астам адам тұрақтаса, бүгінде 1280 адам тұрмыс кешуде. Елді мекенде 6 көше, 1 мектеп, 1 ФАП бар. Таза ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді. Тұрғындардың қора-жайында 2200 ұсақ мал, 185 ірі мал бар. Мұнда қазір 1995-1996 жылдары ауыл тұрғындарының ынтымағы, бірлігі арқасында салынған мешіт 200-ге жуық мұсылманның тәу ететін қасиетті орнына айналған.
Сонымен қатар, 2001 жылы Түркістан қаласынан Кентауға шыға берісте «Оралмандар» ауылы бой түзеп, бұл аймақта 2 пәтерлі 50 тұрғын үй мен 240 орындық мектеп пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға келген арнайы сапарында жаңа үй алған оралмандарға пәтер кілтін тапсырды. «Шаңырақ» акциясы аясында бұл ауылда 100 тұрғын үй салынса, олардың көпшілігі құрылтай қарсаңында қоныс тойын тойлады.
Иә, бүгінде шетте жүрген қандастарымыз өз Отанына оралып, бақытты ғұмыр кешуде. Олар бүгінгідей бейбіт, тыныш өмірдің қадірі мен қасиетін біліп, өз тіршіліктерін жасап, еліміздің болашағы жолында аянбай еңбек етуде. Оралман бауырларымызға құшағын кең жайған ынтымағы жарасқан киелі мекеніміз өркендеп, ұлағатты тарихымен даңққа бөлене берсін.
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
Райымжан ӘЛІБАЕВ.
