Еліміздегі білім беру саласындағы алдыңғы қатарларда тұратын Жетісай қаласындағы «Б.Момышұлы» атындағы мектеп-гимназиясының тарихы 1986 жылдан басталады.
2003 – 2004 оқу жылында енгізілілген жаңа форматтағы ҰБТ енгізілгелі бері ұстаздарға жүктелер үлкен жауапкершіліктің жүгін сезіндіре білген Жүндібайұлы жұмысты ширатып, ҰБТ-ға дайындықты күшейте түседі. Әртүрлі оқулықтар мен білім беру орталықтарынан оқушыларды тестке дайындаудың үлгілерін, әдіс-тәсілдерін алып, тынымсыз жұмыс жасады. Төккен тер, еткен еңбек еш кетпеді. Мектепті бітіруші түлектер жылда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырды. Нақтырақ айтар болсақ, 2004 – 2020 жылдар аралығында мектеп бітірген түлектердің 374 «Алтын белгі» иеленсе, 198 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған.

1988 жылы мектеп басшылығына Өмірхан Жүндібайұлы келді. Білімі мен біліктілігі кемелденген педагог өзінің, ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесінде бірнеше рет Елбасынан «Алғыс хат» алып, Елорда төрінде «Құрмет» орденін төсіне таққан.
Міне, осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, ұжымын ұлттың болашағын қалыптастыруға жұмылдыра білген Омірхан Қозыбақ ағамыздың еселі еңбегі ескеріліп шығарылған «Парасат тұнған тұлға» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Өзі еңбек ететін мектепте өткен шараға ардагер ұстаздар мен кітап сүйер қауым қатысты.
«Парасат тұнған тұлға» кітабының редакция алқасының құрамында «Б.Момышұлы» атындағы мектеп-гимназиясы директорының инновация жөніндегі орынбасары Малика Лесбекова, «Б.Момышұлы» атындағы мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Жұмахов, аталмыш мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Жарқынай Молдабекова, Гауһар Барлыбаева, Алтынай Айтбаева және Нұргүл Жақсыбаева сынды ұстаздар бар.
Кітап 4 бөлімнен тұратын кітаптың І бөлімі «Өмірхан жайлы сыр шертеді» деп аталады.
Бұл бөлімде 57 жылдық еңбек өтілінің 50 жылында үздіксіз ұстаздық еткен Өмірхан Жүндібайұлының жолдас-жарандары, сонымен қатар, әріптестері білікті педагог басшы жайлы өз ой-пікірлерін білдірген. Атап айтар болсақ, Мархабат Байғұттың «Алтын белгі аралы», Әбдіманап Байдуллаевтың «Қайраткері», Сайлау Құлжановтың «Алтын өндіретін мектеп – зауыты», Айтбай Махамбеттің «Мырзашөлдің Ыбырай Алтынсарині» секілді жазбалары оқырмандардың жүрек төрінен табылып, жоғары бағасын алып отыр.
ІІ бөлім «Мектеп және ұстаздар туралы» деп аталады. Бұл бөлімде мектеп тарихы мен мектеп ұжымының атқарған жұмыстары жайындағы мақалалар жинағы келтірілген болса, «Жақсылар жайлы лебіздер» деп аталатын ІІІ бөлімде Өмірхан Жүндібайұлының шығармашылығынан туындылар алынған. Бұл бөлімге енгізілген «Ер Қосай – ер де болған, пір де болған», «Мәңгі жарқырар жұлдыз», «Ұлы Абай – жаңа Қазақстанның бренді» және «Қарапайым теміржолшы – майдангер туралы естелік» атты ұстаздың қаламынан туған кереметтей шығармалары оқырмандарға жол тартқан.
Ал, IV бөлім «Ұстаздар шығармашылығы» деп аталады. Аталмыш бөлімде ауданның абыройын республика көлемінде асқақтатып жүрген Карима Сәрсенова, Галина Канева, Нұрзада Әлметова, Айсұлу Жақсылықова, Жақсылық Жұмахов, Ұлжалғас Бердишева секіллі ұстаздардың еңбектері, озық тәжірибелері мен ҰБТ-ға дайындаудағы әдіс-тәсілдері топтастырылған.
Айта кетейік, кітаптың құрылымын жасауда кезіндегі «Мақтарал», қазіргі «Жаңа Жетісай» газетінің тілшісі болған, журналистика саласының ардагері Ақылбек Төребековтың еңбегі орасан болды.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
