ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

1  043 көрілім

Түркістанда 1-6 сынып аралығындағы оқушыларға арналған жаңа бағытта білім беретін «А.Q. Orda» зияткерлік мектебі ашылды. Ұлттық құндылықтарды ту еткен білім ұясының оқу жүйесі де ерекше. Оқушылардың зейінін ашу мақсатында шахмат ойыны сабақ кестесіне енген.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов бастап, облыстық мәслихат депутаты Рахым Тәңірбергенов, Түркістан қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев және облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев қатысты. Алғашқы сөзді алған Сәкен Қалқаманов: «A.Q. Orda» зияткерлік мектебінің ашылуы біздің қаламыз үшін үлкен болашақтың бастауы деп білеміз. Еліміздің ертеңі жастар екенін ескеретін болсақ, жас ұрпақты білімді, ұтқыр, жан-жақты ақпараттандырылған етіп тәрбиелеу жолында мұндай мектептердің атқаратын жұмысы да, жауапкершілігі де аса зор», – деп мектептің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, қала халқы атынан үлкен сенім білдірді. Сонымен бірге, халық қалаулысы Рахым Тәңірбергенов білім беру жолында жаңашылдықтарға бейім құрылған, жаңа заманауи методикалық әдістермен оқу үйрететін осындай оқу ордалары арқылы еліміздегі білім деңгейін жаңа дәрежеге көтеруге болатынын тілге тиек етті.

Осылайша бастау алған білім ұясының ашылу салтанаты, зиялы қауымның лента қию шарасымен жалғасты. Оқу орны 300 оқушыға білім беруге жобаланған. Қазақ және орыс сыныптары бар. Бүгінде оның 70 пайызы толып үлгеріпті. Мектеп жекеменшік иелікте болғаннан кейін оқу ақылы болатынын да айта кету қажет.
Мектептің арнайы таныстырылымы барысында сөз алған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мектеп жасындағы балаларға озық үлгіде білім беру барысында осындай мектептердің атқаратын қызметі жоғары екенін және дәл осы мектептен еліміздегі көш бастап тұрған зияткерлік білім ұяларының нышанын байқағанын сондықтан болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.
Түркістан қаласының тұрғындары үшін аталмыш мектептің ашылуы үлкен жаңалық екені рас. Кей азаматтар перзенттерінің заманына сай білім алуы үшін өзге қалалардағы озық мектептерге қол созып жүргені белгілі. Енді баласының зейінін дамытамын деген жандарға алысқа әуре болудың қажеті шамалы.
Аталмыш мектеп басшысы Айгүл Исмайлованың айтуынша балаларды оқыту екі бағытта қарастырылған. Оқушылардың ғылыми зерттеу дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық тұрғыда дамыту. Оның ішінде Сингапур математикасы, робототехника, қаржылық сауаттылықты арттыру, ағылшын тілін тереңдетіп оқытумен қатар, қосымша мәдени-спорттық үйірмелер енгізілген.

«Түркістан-ақпарат».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы