Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры ұжымының Шахмет Құсайыновтың шығармасы бойынша дайындаған “Әбу Насыр Әл-Фараби”драмалық қойылымын көріп тамашаладым. Спектакль өте ұнады. Әсіресе, актерлердің ойнау шеберлігі таңқалдырды, еңбектері адал. Ең ішінде өте қиын рольді сомдаған Дәруіш – Талғат Қарынбаевтың еңбегі өте биік болды. Денесін қисық қылып, сөзін соншалықты мотивациялықпен ойнап, адамды жанашырлық кейіппен отыру сезіміне дейін жеткізді. Ерекше рақмет оған, ауыр рольді сомдаған.
Басты рольдегі Әл-Фараби – Айдар Наурызбаевтың да еңбегі ұшан теңіз, Дәруіш пен Датумен аса керемет сахналық үйлесім болды, сенімді шықты.
Қойылымның жарқ еткен жері Бурахан шыққан кезінде, бір сілкініс болып хан ролін сомдаған Мұрат Құрманбеков Әл-Фарабимен қарама-қарсылық шеберлігін өзгеше танытты. Бекайдар – Жандос Маханов күлудің, сөйлеудің сұмдық пиғылын көрсете білді. Ғұламқадыр – Аяз Илиясов та кері адамның ролін, Әбуғаппас – Ғалымжан Жақипов, Зұлық – Қанат Садықбеков, Иоганн – Жасұлан Тұрғанбаев, Гаухар ана – Жәудір Адырбековалар өз рольдерінде аз болса да саз ойнады, өйткені бұрын танитын актерлерді сахнада танымай қалдым, шеберліктері сонша сол оқиғаның адамдары екен деп қалдым.
Дату ханым – Гүлзада Айтбаева шеберлігінің биіктігі сонша махаббат сахнасында періштедей көрінді. Қарақас – Алмагүл Индемесова өз образын ашты, еңіреп, сөз сөйлеуде нағыз арудың ролін таза алып шықты.
Көпшілік сахнада бишілерде қимыл-қозғалысы оқиғаға лайықты болды, басқа да ұлттық аспапта ойнаушылар, жасауылдары да жақсы болды.
Режиссерлер еңбегін актерлер ақтады деймін. Музыка да, декорация, реквизиттер де үйлесіп тұрды. Жарық берушілер де өз қызметімен дұрыс жұмыс істеді. Бірақ, әттең көрермен аз, өйткені карантин шектеуі. Алда, бұл карантиннен құтылып, ашық жарқын көрермендер көп болып театр қойылымдарын көретін күн тезірек келсін деп тілеймін.
Сауле ШОМПИЕВА.