Түркістан қаласында орналасқан «Қан орталығына» Жастар ресурстық орталығы”КММ-сі, Түркістан қалалық пробация қызметімен бірлесіп есепте тұрған 18-29 жас аралығындағы азаматтар келіп ерікті түрде қан тапсырды. Қатерлі дертке шалдыққан жандарға өмір сыйлау үшін 10-нан аса адам белсенділік танытты. Оларды алдымен толық тексеруден өткізді. Осылайша қан беріп, донор болуға денсаулығы жарамды жастарға ғана мүмкіндік берілді. Одан соң қан қысымын өлшетіп, қай топқа жататындары анықталды. Дәрігерлер егер қысым қалыпты болмаса немесе гемоглобин деңгейі төмен, жақында ота жасалған, бір кездері гепатитпен ауырған адамдарға қан тапсыруға болмайтындығын ескертті. Акция аясында донор болуға ниет білдірген жандардан 5 литрден аса қан жиналды.
– Қан тапсырушы азамат бірнеше талаптарға сай болуы керек. Мәселен қан тапсыруға дейін 48 сағат бұрын дәрі дәрмектер мен алкогольді өнімдерді қабылдамау және мүмкіндігінше шылым шекпегені дұрыс. Дәрігерлердің айтуынша, дені сау адам үшін 450 мл қан беру – қауіпсіз, денсаулыққа да пайдалы көрінеді,- дейді Түркістан қалалық Пробация қызметі бөлімінің бастығы Нұрбол Мамырханов.
Ал «Қан орталығы» Түркістан филиалының жауапты дәрігері Талғат Бекназаровтың айтуынша дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, мың адамның кем дегенде қырық елуі қан тапсырса, әлемде қан жетіспеушілігі туындамайды екен. Ұйымдастырушылар акцияға қатысушыларға алғыстарын білдіріп, қан тапсыру акциясы мыңдаған науқастардың өмірін аман алып қалуға сеп болатындығын да тілге тиек етті. Ендеше алдағы уақыттарда да адам өміріне араша түсем деуші азаматтарға Түркістандағы «Қан орталығына» келіп, жақсылыққа себепші болуына әбден болады.
Түркістан-ақпарат.
