Мәдениет саласы өнердің қайнаған рухани ортасы. Небір таланттар мен дарын иелерінің өнерін кейінгі буынға үлгі ету сала мамандарының міндеті. Жуырда осы мақсатта сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Бекжігіт Сердәлінің 60 жылдық мерейтойына орай шығармашылық-кездесу кеші өтті. Онлайн форматта қолға алынған шараға ғалым-ұстаз, кеш иесі – Бекжігіт Кенжебекұлы мен бірнеше әндердің авторы, кейіпкердің үзеңгілес замандасы Қаламқас Өтеуова және шәкірті Ақмарал Ғаниқызы қонақта болып, емін-еркін сұқбат құрды. Кеш шымылдығы сазгердің әніне жазылған әнмен ашылса, мәдениет үйінің өнерпаздары ақынға арналған туындыларды тарту етті. Ортадан орын алған сазгерге Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры – Лиза Төлегенқызының құттықтау хаты табысталып, естелікке сыйлық ұсынылды.
“Өмірін өнерімен өрнектеген” осы тақырыпты қамтыған шараның басымдығы сұрақ-жауап ретінде өрбіген сұқбатқа берілді. Сазгердің бойынан туған тың әндердің тарихы мен бүгінгі эстрадалық бағытта белен алған өзекті тақырыптарға да тоқталды.
Шара барысында автордың әндері шырқалып, қонақта болған Қаламқас Өтеуова кештің маңыздылығын атап өтіп, өнер иесіне шығармашылық табыс тіледі. Бізде өз кезегімізде сырлы сазгерге толағай табыс пен сәтті туындылардың дүниеге келуіне тілектеспіз.
Ақмарал ҒАНИҚЫЗЫ.
