ӘКІМ ЫСҚАҚТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

1  175 көрілім

24 қазан күні Бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, Қазақстанның 1997 жылының «Жыл адамы», ақын, сазгер Әкім Әбдіхайымұлы Ысқақ ағамыздың шығармашылық кездесуі өтті. Ж.Еділбаев атындағы орта мектепте басталған іс-шараға мұғалімдер қатысып, ары қарай Ата-түрік атындағы мектепте жалғасын тапты. Жиынның басты мақсаты – ұстаздар мен оқушылардың Әкім ағамыздың шығармашылығымен жақын таныса отырып, рухани азық алу. Ұстаздармен қатар іс-шараға онлайн жүйесінде оқушылар да қатысып, еркін форматта өткен кездесу барысында Әкім ағамыз жиналған қауыммен ашық сырласып, өзінің өмір жолы мен шығармашылығы туралы әсерлі де мәнді әңгіме өрбітті.

Шындығында Әкім ағамыз ауыз толтырып айтатындай керемет жетістіктерге ие болған тұлға. Қарапайым мұғалім болып жұмыс жасаған ол шығармашылық ізденісінің, өзін өзі тануының, қоғамдағы белсенді жұмысының арқасында отыздың ішіндегі жігіт шағында-ақ депутат болып сайланып, Парламенттің төрінен орын тапқан. Оның 1997 жылдың 13- желтоқсанында тұңғыш рет қазақ тілінде дайындаған жобасы қаншама кедергілерге қарамай, бір жылға жуық талқылаудан соң «Қазақстан Республикасының Халықтың көші-қон туралы» заңы ретінде қабылданды. Заңның құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуден бөлек ең басты ерекшелегі қазақ тілінде жазылғандығы, төл тілімізде талқыға салынуы еді. Осылайша Әкім ағамыздың арқасында қазақ тілінде заң жазуға болатынына жол ашылды.

Ағамыздың бойындағы өнерге деген сүйіспеншілігіне де бір төбе. Жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген «Көк тудың желбірегені», «Әдемі-ай», «Соңғы вальс», «Көңіл қымбат», «Іздеймін сені», «Жан әке» және т.б. әндердің авторы болып табылатыны соның жарқын мысалы.

Оның ұстаз ретіндегі мол мағынаға толы әсерлі әңгімелері ұстаздар ұжымына бағдар алуға, игі бастама жасауға оң әсерін берері сөзсіз.

Осынау елге сіңірген еселі еңбегі зор ағамыз кездесуден соң ұстаздарға ризашылығын білдіріп, бірнеше кітабын қолтаңбамен сыйға тартты. Жиынға қатысушыларға жақсы сөз арнап, игі тілегін білдірді. 

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы