ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРЫМЫЗДЫ ҚАДІРЛЕЙІК!

1  068 көрілім

Қазіргі таңда ақ самайлы аталар мен ақ жаулықты әжелерді қартайған шағында қарттар үйіне тапсырып, оларды сондағы темір қоршаудан сыртқа телміртіп, жәутеңдетіп, немересінің басынан бір иіскеуді аңсатқан безбүйрек адамдардың істері талай рет айтылғанымен әлі шешімін таппаған күрделі мәселелердің бірі де бірегейі болып отыр. Ұлы мен қызының бақыт пен қуанышқа толы шат-шадыман өмір сүруі, ештеңеден мұқтаждық көрмей алаңсыз өмір сүруі үшін қолындағы бары мен нарын берген, сүреңсіз өміріне нұр сыйлаған жандардың тағдыр тәлкегіне түсуі бей-жай қарайтын, елеусіз нәрсе еместігі хақ.

Ата – әжеміз біздің өміріміздің мәні мен сәнін кіргізіп тұрғандай емес пе? Олар балаларын мына жарық дүниеге әкеліп, материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен ғана шектелмей, жылағанда жұбатып, мұңайғанда жанына демеу бола отырып, алақанына салып әлпештеп, бетінен қақпай өсірді. Ол кісілердің қамқорлығы мен мейірім, қолдауы жайлы таңға дейін айтуға болатын шығар. Ендеше, адамдар неге ата-аналарын қарттар үйіне тапсырып жатыр?

Асыл дініміздегі қасиетті Құран Кәрімде «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» делінген. Демек, Алланың өзі балаға ата-анаға құрмет көрсетуді әмір еткен.

Осы орайда, халыққа белгілі бір кісінің идеясын назарларыңызға ұсынғым келіп отыр. Театр және кино актері Ұлан Болатбек өзінің инстаграм желісіндегі парақшасында: «Осы қарттар үйі мен жетімдер үйін біріктірсе қалай болар екен? Бұл дұрыс па әлде бұрыс па? Бір-біріне рухани серік болып, бір-біріне махаббаттарын бөлер ме еді. Жетім балаға ата мен әже тәрбиесін беріп, жабырқаған ата-әжеге балалық махаббат бөлінер ме еді? Сіздің ойыңыз не дейді?» – деген пост жариялаған болатын. Желі қолданушыларының бірнешеуі бұл ойды құптайтындығын және әлемнің бірнеше елі осындай тәсілмен жұмыс істеп тұрғандығын тілге тиек еткен екен. Мүмкін бұл идея да бір септігін тигізер, өз үлесін қосар деген кішкентай үміт сәулесі қылаң беріп тұр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз секілді көптеген ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасына сіңіріп жүрген қарияларға тиісті түрде құрмет көрсетейік. «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді» деген бар. Алды-артымызды ойлай жүрейік…

Гүлжан НИЯЗОВА,
ХҚТУ-дің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы