Менің мамандығым –бастауыш сынып мұғалімі. Жұмыс атқарып жатқаныма міне, бір жылдың төңірегі болып қалды. Бұл, әрине, әлі жаңа ғана тәй-тәй басып келе жатқан сәбидің жасымен парапар. Бірақ не дегенмен, қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы қатар жүретін педагогикалық саладағы ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу.
Бүгінгі әлемде білім беру ісіндегі жоспарлаудың маңыздылығын айта келіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білімінің көрсеткішімен белгіленеді». Сондықтан да бастауыш сынып -мұғалімі болу, мен үшін жай ғана мамандық емес, ол – адам бағдарын жасаушы деп білемін.Себебі, менің ата-анам да, аға-әпкелерім де ұстаз жолында. Біздің отбасымызды педагогтар әулеті деп атауға болады. Әрбір оқушы өзгерістерге толы қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам болып, өмірге үлкен мақсаттар қойып, өзінің бойындағы барлық қабілеттерін толықтай пайдалана біліп, жоғары белестерден көрініп жатса, әрине, ол мен үшін ғана емес баланың ата-анасы, достары, ұстаздар қауымы үшін де қуаныш сыйлайды деп санаймын.
Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы оқушылар үшін тек жол сілтеушісі ғана емес, сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы «Ұстаз – ұлық емес ұлы қызмет» деген керемет дана сөзін әрқашан көкейімде ұстай, бізге артылған жауапкерлікті сезіне отыра, үнемі өзіме деген талапты күшейтуге тырысамын. Әрине, өз ісіңнің нағыз шебер маманы болу үшін жоғары оқу орнын бітірумен ғана шектелмеу керек, ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқу керексің деп ойлаймын.
Бастауыш сынып мұғалімі маманы ретінде менің ұғымымда, біріншіден алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, яғни бастауыш мамандарының басты борышы деп білемін.
Екіншіден, ең бастысы, қай мұғалім болмасын шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана баланың бойында адами қасиеттерді қалыптастыра білім шыңына жетелеп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету қажет деп ойлаймын. Қолдау тек ұстаздар тарапынан ғана емес, ең бастысы ата-ана, жақын достары тарапынан қолдау болған жағдайда ғана бала өзін қорғалған болып сезінеді. Төртіншіден, бастауыш маманы ретінде әр оқушының мінез-құлқын, көз қарасын, талғамы мен әдет – дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын әр түрлі амал-тәсілдер арқылы қадағалап отыруымыз қажет.
Осындай жан-жақты болу, әр баламен қалай жұмыс жасау, баланың жүрегінен орын алуды мен өз отбасымды үлгі тұтып ата-анамның берген тәрбиесі, ұстаздық жолының арқасында бойыма сіңірдім. Анам беделді ұстаз болғандықтан көп үйретті, тоқытты. Анам менің ақылшым, дара, қайталанбас ұстазым. Осылайша анамның жолын берсін дегім келеді.
Толқын ОРЫНБАЕВА,
«Керемет» бастауыш мектеп-балабақаша кешенінің жетекшісі.
