Түркістан шаһары киелі қала. Елбасымыз, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» – деген болатын. Шаһардың тамыры тереңге жайылған тарихынан сыр шертетін еңселі ескерткіштерінің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Кесененің күмбезі
көктегі күн нұрымен шағылысып өлкеме өзгеше бір көрік беріп тұрғандай! Кесененің айналасындағы және қала ішіндегі барлық көшелер абаттандырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласы 2018 жылдың маусым айында Түркістан облысының әкімшілік орталығына айналғаннан бері қаламыз күннен-күнге даму үстінде. Қаланың өркендеуі жолында сол жылы бірқатар істер атқарылған болатын. Атап айтар болсақ, «шаһардың әкімшілік іскерлік аймағында жаңа әкімдік ғимараты, басқармалар және департаменттер, сондай-ақ 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы қызу қарқын алды» деп мәлімдеген болатын облыстың бұрынғы әкімі Жансейіт Түймебаев 2018 жылдың 21-ші желтоқсан күні 31-ші арнаға берген сұхбатында.
Сондай-ақ қалада жаңа әуежай жылдам салынып жатыр. 2019 жылдың наурыз айында түрік инвесторларының қатысуымен «Hazret Sultan Airport» әуежайының құрылысы басталған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өзінің Facebook парақшасында аталмыш ғимаратты дүние жүзіндегі ең тез салынып жатқан аэропорт ретінде гиннестің рекордтар кітабына енгізуге өтінім беруге болатынын жазды.
Айта кетейік, осы айдың соңында әуежай техникалық ұшуға дайындықты бастап, келер жылдың қаңтарынан бастап әлемнің түкпір-түкпірінен ұшақтар қабылдайтын болады. Қорытындылай келе, мен де туған қаламның нығайып-көркеюіне өз үлесімді қосқым келетінін айтқым келеді.
Гүлжан НИЯЗОВА,
ХҚТУ-дің студенті.
