Бүгінгі әңгімеміздің арқауы той туралы болмақ. Неге той туралы айтып отырмыз. Өйткені, «жалпақ жұртқа жан қайғы» болып отырған дәл қазіргі таңда елдің той тойлауға да, тойды ойлауға да шамасы келмей қалғаны рас. Ал, бірақ осындай халге жетулерінің сыры той тойлап, жиындарға көптеп барғандарынан болып отырғанын бірі түсінсе, бірі түсінбейді. Сондықтан, ауырмай тұрып, аурудың алдын алуымыз керек екенін айта бергеніміз дұрыс. Өйткені, карантин кезінде де жасырын той, жиын жасап жатқандар қаншама.
Осы арада елімізде орын алған карантинге дейінгі тойлар және карантин біткеннен кейін қалай өтетіндігі жайлы ой қозғап көрейікші. Расында, көпшілік қауым баласының қызығы үшін зәулім мейрамханада көл-көсір дастарқан жайып, оған асаба жалдап, әншілерді шақырып, сол үшін несие алып, той жасады. Алдағы уақытта да жасағысы келетіндер бар… Әрине, шама-шарқы жетіп жатса, солай жасай берсін. Алайда, «Анау солай жасапты, мен неге одан қалам?» деген жалған намысты тоқтату керек. Өйткені, сол жалған намыстың арқасында банктен алған қыруар несиемізді жыл санап, ирелеңдеп төлеп жүреміз. Тіптен, арамызда бүтін айлығын банктегі несиесіне төлеп жүргендер аз емес. Бұрынғы уақыт болса білінбес еді. Екі ай төтенше жағдай кезінде олардың әбден қиналғанын білеміз. Тіптен, үйлерінде ішерге ас болмай қалғандары бар. Екі жастың ажырасу себебі де күн көре алмаудан бастау алады емес пе? Сондықтан тойды қалтамызға, шамамызға қарап, ықшамдап өткізіп, қайта екі жастың алғашқы отбасылық өміріне көмек көрсеткен дұрыс.
Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.