ҚАЛА БАСШЫСЫ – ХАЛЫҚ ТІЛЕГІНДЕ

408 көрілім

Түркістан қаласы түрленіп түрлі кейіпке енген осы күнге дейін талай тарих таразысынан өтті. Бұл шаһарда қазақ халқымен қоса қазақ жерінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлестерін қосқан батыр бабаларымыз бен данагөй қарттарымыздың жерленгенін әсте естен шығармауымыз тиіс. Сондықтан қала басшылығына келген әрбір азамат өзіне артылған үлкен сенім мен жауапкершілікті абыроймен атқарып шығуға тырысады.

Түркістан киелі қала. Ер түріктің бесігі деп бұрыннан саналған шаһарымыз былтырғы жылдан бастап өз орнын оңтайлап алды. Облыстың орталығына айналған күннен қала кейпі ерекше әрге еніп, сағат сайын сұлуланып жатқанына көзіміз куә. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаламыз жайында: «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын» – деп өз ойы мен тілегін жеткізген. Биыл Рашид Аюповтың қала әкімі қызметін атқарып жүргеніне бір жыл болыпты.

Осы ретте шаһар басшысының еселі еңбегіне ерекше тоқталып айтып өткеніміз дұрыс болар. Тарихи туризмнің алтын бесігіне айналған Түркістан, отандық та, шетелдік те туристердің арасында аса танымал. Облыста туризмнің әлеуеті аса зор. Ежелден рухани астана ретінде саналып келген Түркістан жылына бір миллионнан астам туристі қабылдауға қауқары жетер кезеңге жақындап келеді. Қала туристерге сапалы қызмет түрлерін ұсына алады деуге болады.

Бүгінде Түркістанда құрылыстар қарқынды жүргізілуде.
Инвестициялар есебінен «Rixos», «Hampton by hilton», «Нұр-Әлем» фитнес орталығы, бес мың адамға шақталған мешіт құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыстар осы жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарлануда.

Түркістан аумағында жұмыссыздық деңгейі де жыл сайын азайып келеді. Жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында экономиканың түрлі салаларында жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта берсең жетерлік үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қала басшысы Рашид Аюпов облыс орталығын гүлдендірумен ғана шектелмей, қала тұрғындарының өмірін ыңғайландыру үшін де тиісті реформалар жасауда.

Қазіргі кезең бүкіл еліміз үшін қиын уақыт болып тұр. Соған қарамастан қаламызда құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұл да болса қала әкімінің үлкен жауапкершілігінің бір көрінісі бола алады. Өкінішке орай, COVID-19 дерті халық үмітін арқалаған шаһар басшысын да айналып өтпеді. Денсаулығына байланысты демалысқа шыққан Рашид Аюпов мырзаға күш-қуат тілеп, барша халық атынан тілеулестік білдіреміз. Қала басшысы бұл дертті де жеңіп шығып, ары қарай халықтың игілігі үшін еңбек етеді деп сенім білдіреміз. Төрт қақпалы Түркістанның төрінен Түркі әлеміне төрелік айту, Ұлы Дала Елінің ұрпағының еншісінде қала бермек.

Гүлсара ТОҚҚҰЛОВА,
Қожа Аxмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Түркістан облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы