ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

1  040 көрілім

Еліміздің келешегі – жас жеткіншектердің тәрбие мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің қадағалауын талап етеді. Себебі, психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алады.

Ендеше, қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековамен болған сұхбатта жасөспірімдер тәрбиесі жайлы айтатын боламыз.

– Ақмарал Үсенқызы жасөспірімдер арасында әлімжеттік мәселелерінің алдын алу шаралары туралы айтып өтсеңіз.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы Заңының орындалуы қалалық білім бөлімінің ерекше назарында тұрған ең күрделі және қатты алаңдаушылық тудырып отырған мәселелердің бірі. Жасөспірімдер мен балалар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу мақсатында көптеген шаралар атқарылып келеді десем қателеспеймін. Атап айтсам, Түркістан қаласының әкімі Р.Аюповтың қалалық полиция басқармасы және адами капиталды дамыту бөлімімен біріккен жаңа оқу жылына жұмыс жоспары бекітілген. Сонымен қатар, қала әкімінің өкімімен кәмелетке толмағандар туралы Заңнамаларын ескере отырып Түркістан облысының прокуратурасы, облыс әкімдігі, полиция департаменті және қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен «Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мен жолын кесу жөнінде 3 мобильдік топ құрылған. Құрамына прокуратура қызметкерлері, қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары, мектеп директорлары және полиция басқармасының мамандары кіретін топ жүйелі жұмыс атқарып келеді. «Түркістан қауіпсіз қала» бағдарламасы да жасөспірімдердің тәрбиесін жіті бақылап отырады. Ал, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Отбасылық сот» пилоттық жобасын жандандыру мақсатында ұйымдастырып келе жатқан «Отбасы құндылықтары» тақырыбындағы кездесулері де жастар тәрбиесіне зор әсер етуде. Сондай-ақ, жасөспірімдер мен балалар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу жұмыстарын жүргізуге көмекші топ ретінде қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларынан «Жас полиция» топтары және білім ошақтарының белсенді әкелері, қалалық қоғамдық ұйым мүшелері, ардагерлер және ақсақалдар кеңестерінің мүшелерінен «Әкелер мектебі» құрылған. Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің болашағы – жас өрендерімізді мәдениетті болуға, жастар арасындағы әлімжеттікті болдырмауға арналған.

– Қалалық адами капиталды дамыту бөлімі тарапынан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылды?

– Қазіргі таңда бөлімге қарасты 31 жалпы білім беретін мектепте 62 директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, мектептерге 10 полиция инспекторы және 6 аумақтық инспектор бекітілген. Олар педагогтармен бірлесіп профилактикалық іс шаралар жүргізеді. Атап айтар болсақ, қала мектептерінде прокуратура, қалалық полиция басқармасы өкілдерімен осы жылдың алғашқы 5 айында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» тақырыптарымен түнгі 16 рейдтер жүргізілді. «Мектеп, отбасы және мектеп оқушыларының психологиялық денсаулығы» тақырыбында жалпы мектептік ата-аналар жиналыстары, «Менің қауіпсіздігім» атты сынып сағаттары, «Ерте отбасын құру: артықшылығы мен зияны» тақырыбында ата-аналар және оқушылармен сұхбаттар, қалалық полиция басқармасы есебінде тұрған балалармен «Мен өз елімнің патриотымын» атты спорттық жарыс, «Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында кітап және фото көрмесі, жасөспірімдерге құқық бұзушылық, есірткі және психотроптық заттарды қолдану және сақтағаны үшін қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік туралы ақпарат беру мақсатында жоғарғы сыныптарға лекция, «Жас ұрпақты есірткі экспансиясынан қорғау және денсаулық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында байқау және «Түркістан қаласының жастары салауатты өмірді қолдайды» форумы өткізілді. Бұл шаралардың барлығына мектеп оқушылары жүйелі қатысып отырды.

Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен панасыздықтың алдын алудың табыстылығы оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына, сабақтан тыс және каникул кезіндегі демалыс уақытының тиімді ұйымдастырылуына және жүйелі түрде бақылау мониторингінің жүргізіліп отырылуына байланысты. Осы мақсатта 5 қосымша білім беру мекемелеріне 2627 бала қамтылған. Сонымен қатар, мектептерде ұйымдастырылған үйірмелерге өз қызығушылықтары бойынша 27795 оқушы, ал, спорттық секцияларға 18 300 оқушы қатысты.

Мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де қылмыстың алдын алуда алатын орны ерекше. Осы мақсатта мектептерде бейнебақылау камералары көбейтілді. 2020 жылы пилоттық жоба негізінде Түркістан қаласы адами капиталды дамыту бөліміне қарасты №9 Некрасов, №13 Ә.Науаи, №15 М.Жұмабаев мектеп-гимназиялары мен №26, №27, Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектептеріне жергілікті полиция бөлімінің жүйесіне қосу /интеграциялау/ ІР цифрлық бейнебақылау камералары орнатылды. №22 жалпы орта мектебінде ІР бейнебақылау камерасы мен турникет жүйесі қосылуда. №17 Ататүрік мектеп-гимназиясы мен №27 ІТ мектеп-лицейінде «Smart School» жобасы аясында қызметтер орналастырылды.

– Жалпы өткен оқу жылының соңғы төртінші тоқсаны қашықтан білім берумен өткізілді. Бұл дегеніміз оқушылар өз үйлерінен шықпай, ата-аналарының қөз алдында болды. Осы карантин уақытында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық әрекеттері орын алмаған болар. Әлде орын алды ма? Осыған сараптама жасап көрдіңіздер ме? Яғни сұрайын дегеніміз ата-ананың бақылауында болған жасөспірімдер келеңсіздікке бой алдырмайды деген ойымыздың дұрыс, дұрыс еместігін саралау болатын. Осыған қандай жауап айтар едіңіз?

– Қашықтан оқыту кезінде оқушылар үйде болғанымен, олардың тәрбиесіне қатысты шаралар тоқтатылған жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі шаралар ұйымдастырылып, оқушылар белсенділікпен қатысып отырды. «Біз бақытты отбасымыз», «Біз біргеміз» атты 5-7 сыныптар арасында ата-аналардың қатысуымен бір мезгілдік кітап оқу тәрбие сағаттары жүргізілді. 1мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай онлайн тәрбие сағаттары өткізіліп, кері байланыс ретінде оқушылар өздерінің бейнероликтерін жолдап отырды. Сондай-ақ, құттықтау роликтері, челлендждер, мақала жариялау, сурет байқаулары және т.б іс шаралар әлеуметтік желілерде белсенді жүргізілді. Мұндағы мақсатымыз – шығармашылық жұмыстарға баулу арқылы оқушылардың үйдегі бос уақыттарын тиімді пайдалану. Келеңсіз жағдай мүлдем болмады деп айта алмаймыз. Осы уақыт аралығында 1 ұсақ ұрлық орын алды. Жасөспірім арнайы есепке алынып, қазіргі таңда бұл іспен полиция басқармасы тергеу жұмыстарын жүргізуде.

– Жалпы бөлімге қарасты білім ошақтарында полиция тізімінде тұратын балалар саны, олармен қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең еткізіп отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұ­мысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар демалысқа шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құ­қықбұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күн тәртібінде тұр.

2020 жылдың маусым айына дейінгі дерек бойынша 28 оқушы қалалық полиция басқармасының жасы кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі бөлімде түрлі құқық бұзушылықтар бойынша профилактикалық есепке алынған. Түркістан қаласы әкімдігінің адами капиталды дамыту бөліміне қарасты мектептерден құқықбұзушылыққа бейім және тәрбиесі нашар 137 оқушы мектепішілік есепке алынған. Есепте тұрған оқушыларға тәлімгер бекітіліп, оларға қатаң бақылау жасалады. Мектептерде жасалған арнайы іс шара жоспары негізінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектепішілік үйірмелерге және мектепте өткізілетін түрлі іс-шараларға тартылып келеді.

– Олардың ата-аналарымен қандай жұмыс атқарылады?

– Әрине, мұндай жасөспірімдердің ата-аналарымен тығыз байланыс орнату, олармен тұрақты жұмыс жүргізу ең қажетті алғышарттардың бірі. Арнайы есепте тұратын оқушылардың өздерімен, ата-аналарымен мектеп психологтары, сынып жетекшілері үнемі байланысып отырады. Психологтар ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізіп келеді. Ондағы мақсатымыз – отбасындағы жағдайды анықтау, тиісті көмектерімізді ұсыну, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынас мәдениетін арттыру, қажетті кеңестерімізді беріп, мұндай жағдайдан жылдам шығуға көмектесу болып табылады. Сонымен қатар, «Әкелер мектебінің» отырыстарына, түрлі басқосуларға, мәдени шараларға шақыртылып, құқық қорғау қызметкерлерімен де жиі кездесулер ұйымдастырылады.

– Карантин уақытында осы балалар көзден таса қалып кеткен жоқ па? Қазір үш ай демалыс уақытында олармен байланыс үзілді ме немесе қосымша жұмыстар атқарылуда ма?

– Бөлімге қарасты барлық мектептерде ата-аналар чаты жұмыс жасайды. Мектеп әкімшілігі күнделікті жаңалықтарды, хабарламаларды осы чат арқылы ата-аналарға жеткізіп отырады. Сонымен қатар, ұстаздар осы чаттар арқылы оқушылармен байланысын үзген жоқ. Яғни, карантин кезінде бірде-бір оқушы назардан тыс қалмады деп айта аламын. Олардың сабаққа дайындығы, бос уақыттарын пайдалануы үнемі сынып жетекшісінің назарында болды. Мектеп әкімшілігі де тәртібі нашар және құқықбұзушылыққа бейім оқушылармен байланыс жасап отырды. 2020 жылы 12 тәрбиеге қиындық келтіріп, ерекше назарға алынған балалардың демалысын және сауықтырылуын тегін ұйымдастыруды қамтамасыз ету көздері қарастырылған болатын, алайда карантиндік мерзім орын алуына байланысты кейінге қалдырылды.

– Жәсөспірімдер мәселесі туралы өзіндік ой-пікіріңізді айтып өтсеңіз.

– Өкінішке қарай, соңғы кездері кейбір ата-аналар үшін өз міндеттерін орындау қиынға соғуда. Баланың рухани жəне адамгершілік тұрғысынан жақсы азамат болып қалыптасуында ата-ананың рөлі ерекше екендігін білеміз. Қазіргі таңда көптеген отбасыларда ата-аналар отбасын асырау қамымен жүріп бала тәрбиесінен алшақтап барады. Балаға өз уақытында көңіл бөлініп, тиісті деңгейде қамтамасыз етіліп отырса, ол отбасындағы перзент түзу жолмен жүреді.

– Сонымен қатар қаңдай ұсыныстарыңыз бар?

– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі! Бүгін біз оны қалай тәрбиелесек, болашағымыз сол деңгейде болатыны анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, кез-келген ата-ана өз перзентінің тәрбиесіне немқұрайлы қарамай, оның күнделікті жүріп-тұруына, бос уақытын қалай өткізетіндігіне, баланың қандай адамдармен араласатындығына жете мән беруі керек. Тіпті, экранда не тамашалап, ғаламторды қандай мақсатта пайдаланып жатқандығы да қадағалауды қажет етеді. Жасөспірімдердің желілерде қүнұзақты жағымсыз жаңалықтар іздеуі олардың дұрыс әлеуметтенуіне кері әсер етеді. Соңдықтан, қазіргі кезеңде алдымен әлеуметтік желілер бақылауға алынуы тиіс деп ойлаймын. Сонымен қатар, компьютерлік ойындар да бала психологиясына кері әсер етеді. Жастар арасындағы қылмысқа бейімділік те осындай ойындардың әсерінен деп ойлаймын. Сондықтан да ата-аналар, педагогтар бірлесе жұмыс атқарып, жас талшыбықтардың түзу өсуіне күш салуы қажет.

Сұхбаттасқан:
Ләззат САРЫБАЕВА,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы