ҚАЛА ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҚАРАШАҢЫРАҚ

954 көрілім

«Жаңа 1960 жыл» тақырыбында жарияланған басты мақалада:«Өткен 1959 жыл тамаша оқиғаларға толы. Космос ракетасы Айға ұшырылды. «Ленин» атом мұзжарғышы пайдалануға берілді. Совет адамдары халық шаруашылығының барлық саласында ірі-ірі табыстарға жетісті. Еңбекшілердің әл-ауқаттылығы жақсарды.

Бүкіл Совет халқы  сияқты ауданымыздың еңбекшілерінің де жаңа жылды лайықты жетістіктермен қарсы алып отырғанын айтсаңызшы!  Өндіріс және транспорт орындарының көпшілігі жылдық тапсырмаларды  толық және асыра орындады. Мақта дайындау жөніндегі міндеттеме артығымен орындалды. Өткен жылға қарағанда мал шаруашылығы өнімдері көп дайындалды. Мал саны анагұрлым артты» деп жазылған.

Қазақ халқының біртуар ақыны, жерлесіміз   Жұмабек Еділбаевтың «Ұлы уақыт» өлеңі жаңа жылдық нөмірдің бетін әрлеп тұрғандай.

«ҰЛЫ УАҚЫТ

Шіркін уақыт сырға толы қандайсың?

Бір сыдырғы жылжуыңнан танбайсың.

Кірпік қағар уақыттарды есептеп,

Ғасырларды ғасырларға жалғайсың.

Ескерткіші қалып жатыр әр айдың,

Өткен ізге мақтанышпен қараймын.

Тасқындаған табысымның мөлшерін,

Күнмен емес, сағаттармен санаймын.

Үлкен белес – өткен жылғы уақытым,

Болды айғағы алып күштің, қуаттың.

Миллион гектар айдынында дән сүйді,

Көк тамшысы, ашық ауа, шуақ күн.

Жоғары шық, жаңа жылым қонағым,

Құшағыңда сенің өсіп, толамын.

Ашсаң да есік аязды түн ақ қарда,

Жүрегімді ыстығыңмен орадың.

Аймаладық қол тимеген тұлғаңды,

Аппақ жүзің ақ күмістей нұрланды.

Қосылды да миллион дауыс ырғағы,

Ұлылығың, қасиетің жырланды.

Таңдандырмақ тағы сенің табысың,

Аз емес қой алдымызда тағы сын!

Партия айтса орындаймыз бәрін де,

Ардақтаймыз уақыттың намысын!

Ж.ЕДІЛБАЕВ».

Газеттің 3-нөмірінде «КПСС Орталық Комитетінің декабрь пленумының шешімдері аудан еңбекшілерін жаңа жеңістерге жігерлендіреді» деген тақырыпта ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің топтама материалдары берілген. Соның ішінде Карл Маркс атындағы колхоздың сауыншысы Т.Омарова «Үстіміздегі жылы әр сиырдан 1700 литрден сүт аламын» деп көтеріңкі міндеттеме қабылдаған.
Қалалық советтің Ү сессиясында қалалық Советтің председательдігіне М.Қасымбеков, орынбасарлығына М.Орынбетов бекітілгені хабарланған.
Ленин атындағы және «ХХ партсъезд» атындағы колхоздар ірілендіріліп, Ленин атындағы шаруашылық болып аталғанын, «Қазақстанның 30 жылдығы» артелі Чапаев атындағы шаруашылыққа қосылғаны айтылады.

Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші секретары Әшір Момынов аудандық Советтің депутаттығына ұсынылған. ҚКП аудандық комитетінің секретары Б.Бершінованың «Қыздар, техниканы меңгерейік» атты мақаласы №10 санда жарияланған.

Ақын, жазушысын құрметтеген елдің рухани байлығы артады. Қасиетті қалам иегерлерінің шығармашылықтарын баспасөз бетінде жиі шығарып тұрудың өзі халқының келешегіне жасалған игілікті іс болса керек.  Оның үстіне өлең-жырлар, жалпы  көркем әдебиеттің жазылғанына   қанша жылдар өтсе де  құнын жоғалтпайтыны анық. Жұмабек Еділбаевтың  өлең жырларын «Түркістан» газетінің сарғайған беттерінен оқып отырып осындай ойда болғанымыз рас.

«Жерлесіміз Еділбаев Жұмабектің екі кітабын Қазақтың көркем әдебиет баспасы жарыққа шығармақ. Жазушылар одағы талқылап, баспаға ұсынған екінші кітабына енетін «Адалдық пен айла» атты заң қызметкерлерінің өмірінен жазылған повесі жоғары бағаланды»деп арнайы анатация жазып, газеттің №15, 16, 17, 18 сандарында осы повестің «Сырласу» деген тарауынан үзінділерді    екі беттен беріп отырған. Ал, «Сыңар нәл» (тергеушінің әңгімесі) повесі  №26,29, 31,36, 39, 40, 41 сандарында жарық көрген.

«Арыс-Түркістан» каналының құрылысшылары өткен жылғы күзде Бөген су қоймасына су толтыра бастаған еді. Қазір мұнда судың деңгейі оны пайдалана бастауға мүмкіндік беретін алғашқы дәрежеге жетті. Суды ағызып жіберетін бас құрылыстың қақпалары көтеріліп қойылды. Су осы жерден көптеген арықтар арқылы егіс даласына ағуда» деп жазады газет 3 наурыздағы нөмірінде.

Биылғы жылдың екі айында редакцияға 400-ден астам хат түсіп, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда екі есе артқандығы хабарланған.
Қазақстан Компартиясының Х съезіне қатысуға 5 адам аттанған. Олардың ішінде «Коммунизм» колхозының механизаторы М.Әбенова, «Коммуна» колхозының звено жетекшісі З.Ісменова және Крупская атындағы колхоздың колхозшысы А.Жиенбаева бар.

Газеттің №29 саны «Биыл жүгерінің әр гектарынан 30 центнерден дән, 450 центнерден көкпая алу үшін күресіңдер!» Үндеуімен ашылған.

Аудандық универмаг (директоры Айсаев жолдас) қаланың орталық көшесінен өзіне-өзі қызмет ететін жаңа кітап магазинін ашып, игілікті іс жасады. Қазір магазинде 65 мың сомның 1200 түрлі кітаптары сатылуда» деп жазады газет тілшілері Ж.Мәмбетова мен М.Жұманов «Жаңа кітап магазині» мақаласында.

Газеттің 1 мамырдағы 35-нөмірінде «Коммунизмдік Ленин ордені иегері Майшай Әбенова ауданымыздың ең үздік механизаторы. Ол биыл колхоздан кетпенсіз, механизм күшімен баптауға 40 гектар мақталық жер алған болатын. М.Әбенова жолдас универсал тракторымен шитті өзі септі» деп жазады.

Газеттің 5 мамырдағы №36 саны «Партиямыздың қолқанаты» атты мақаламен ашылып, Советтік баспасөз күніне бір бет берілген. Осы санда «Қызыл Түркістан» газетінің жүлдесі үшін қазақша күрестен жарыс өтетіндігі хабарланған.

Сондай-ақ,  қарашаңырақ басылымның №43 санының   «Әдебиет пен өнер» бетінде жарияланған Елтай Бимаханбет көкеміздің  өлеңі арада 60 жыл өтсе де бүгінгі күннің  болмысын жырлап тұрғандай   әсер қалдырды. Ендеше, бірге оқиықшы.

«ҚАС ПЕН КӨЗ

(Мысал)

Бір көріксіз басқа,

Бітіпті көз бен қас та.

Екеуі дос-ақ

Көңілдері бос-ақ.

Қас сатушы болды,

Көз тексеруші болды.

Қас қу өзі,

Сүйенетіні көзі.

Алдымен бастыққа жақты,

Бухгалтердің де тілін тапты.

Түскен заттың тәуірін терді,

Оны бастық пен бухқа берді.

Қас қатысын бұлардан айырмады,

Олар да осы қалыптан айнымады.

Тексеруге көз барды,

Қай-қайдағыны қозғады.

Қас қысылды,

Көріп қысымды.

Сасқанынан қас – досым деді,

Мақұл ма осың – деді.

Көз аларды

Қас: айтты- дегенің болсын деді.

Көз: – тірегіңмін  деді,

Білсең, керегіңмін,-деді.

Сөйтіп, кілемді нұсқады,

Көз бұған онша ұрыспады.

Не керек қас көзге

Келіп сөзге.

-Бастық пен бұхаң

Олар – бөтен қорқам.

Сен кәдімгі көзімсің- деді,

Несін қорқамын, өзімсің-деді.

Ақыры қас мықтап орнықты,

Досы көп-ақ ол мықты.

Көз көруін қойды,

Өзі де әбден тойды.

***     ****     ***

Өз құлқынын ойлайтын,

Көптің мүлкін қоймайтын.

Қанша жесе тоймайтын,

Сауда орнында жебірлер

Кездеседі арам көңілдер.

Е.Бимағамбетов».

Шынында, Елтай көкеміздің осы өлеңі    бүгінгі таңда елімізде белең алған сыбайлас жемқорлыққа арналып жазылғандай.

Төл басылымның №44 санында  аудандық Советтің Ү сессиясы Ә.Сасбұқаевтың партия қызметіне ауысуына байланысты аудандық Совет атқару комитетінің председателі қызметінен босатып, аудандық Совет атқару комитетінің председателі етіп М.Исақовты сайлағаны хабарланған.

Сондай-ақ, «Жазушылармен кездесу» тақырыбында берілген ақпараттық  материалда қаладағы теміржолшылар клубында ауданның жұмысшы-қызметкерлері, колхозшылары Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, жазушы-академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Әуезовпен кездескені, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, ақын Омарбай Малқаров аудандық «Қызыл Түркістан» газеті жанындағы әдебиет бірлестігі үйірмесінің мүшелерімен кездесіп, пікір алмасқаны  жазылған.

«Қызыл Түркістанның» №46 саны да тың жаңалықтарымен қуантады. «Ауданға Ғ.Мүсірепов басқарған республикамыздың  бір топ көрнекті ақын-жазушылар келді. Қандай қуаныш десеңізші! Бұл топтың ішінде С.Мәуленов, Қ.Шаңғытбаев, Ә.Сатыбалдиев сияқты Қазақстанның көрнекті ақын-жазушылары бар. Қазақ әдебиетіне кейінгі жылдары араласа бастаған талантты жазушылар Ә.Әлімжанов, Ғ.Қайырбеков, Е.Ибраһим, Б.Аманшиндер де осылардың ішінде.

Ақын-жазушылармен өткізілген кеш қызықты өтті. Жиналғандар оларға шын пейілдерімен ризашылық білдірді. Ал, ақын-жазушылар болса Оңтүстік өмірінен, оның ішінде Түркістан жайлы очерк, циклді өлеңдер жазатынын айтты» деп жазады жергілікті тілші Мәмедәлі Жұмабек.

Газет осыған орай кездесуге қатысқан Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Берқайыр Аманшин, Еркеш Ибраһим, Жұмабек Еділбаев сынды ақын-жазушылардың өлеңдерін берген.

Түркістанды жырлаған ақын-жазушылардың өлеңдері қаншама жылдар өтсе де  адам жанына күш-қуат сыйлатын ерекше қасиетке толы екендігіне көзімізді жеткізіп тұрғандай.

«Өлкеміздің байлығы мол жасырған, Күтеміз біз жазуды оны ақыннан» деп айқайлатып айдар берілген беттегі ақын-жазушылар өлеңдерін бірге оқиық.

«Түркістан дәптерінен.

1.МҰНАРАЛАР

 Түркістанның аспанында тұңғиық,

Жерге балқып түсетіндей күн күйіп.

Сар далада ыстық сағым көтерген,

Қожа Ахмет мұнарасы тым биік.

О, мұнара ой саласың сен маған,

Бұл ескерткіш әлде қашан орнаған.

Қайран өнер игілігі халықтың

Ғасырлардың қанатында самғаған.

Сенен жүйрік, сенен ұшқыр не болмақ,

Тұрсың биік көз сиқырлап, ой арбап.

Бұл далаға құдіретті таланттар,

Талай келіп кеткендігін баяндап.

Адам көп қой талпынатын жоқты іздеп,

Олар солай өз өмірін өткізбек.

Өкінеді өнерпаздың аты мен

Бояуының түрін тапқан жоқпыз деп.

Үлес іздеп жердегі мол табыстан,

Сол бір жерде талай-талай жан ұшқан.

Таптырар ма, тағы қайта келер ме,

Бір-ақ туып, бір ақ өлген данышпан.

Қалсам кешір өзіме-өзім өкпелеп,

Мен мезгілді тоқтата алман өтпе деп.

Сендей ғажап мұнараның кірпіші,

Болу үшін қанша қайрат, от керек!

Бұл өмірге келгенім жоқ текке мен,

Туған жерден жалын жинап, от терем.

Мұнаралар, мұнаралар жердегі,

Бір кірпішің болу үшін серт берем.

2.ТҮРКІСТАН БА, ГҮЛСТАН БА

Бір гүл келіп көкірегіме орнаса,

Бір гүл келіп галстугін  байласа.

Бір гүл келіп мойыныма асылып,

Самал болып, шашым сипап ойнаса.

Мен қалайша өкінбейтін жөнім бар,

Түркістанды Гүлстан деп қоймаса.

Бір гүл келіп салтанатты сән кеште,

Салса шырқап сен сүйетін әнді еске.

Бір гүл келіп сусын беріп қолымен,

Бір гүл келіп серік болса кеңеске,

Айтшы ақын қалай дәтің шыдайды,

Түркістанды Гүлстаным демеске.

Асыл туыс, жомарт бауыр, ел ішім,

Қолымда асың, ауызымда жемісің,

Құлағымда жақсы сөзің, әзілің,

Өзің болдың бір керемет мен үшін.

Қарт Түркістан, жас Гүлстан, Нұрстан,

Дәл өзіңдей біз жасармыз жер үстін!

                           Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ.

ШАҒАНЫҢ БОЙЫНДА

Келген бетте Түркістандай қаланың

Барып қайттық көгалына Шағаның.

Өңірінен көрдік жасыл мақтаны,

Көрдік тағы өрнегін сұлу даланың.

Бал бұлақ екен өн бойы сонау Шағаның,

Бұлбұлдар тегіс сайрады бізге жаңа әнін.

Бұлақтар тасып, мөлдіреп атты аспанға,

Көңілді көкке тасытып кетті сол ағын.

Шағаның суы зәм-зәм бе екен,бал ма екен,

Шағаның жолы гүлдерге барар жол ма екен?..

Осындай жерден махаббат тапқан, ер жеткен,

Ұл мен қыздан бақытты сірә бар ма екен?!

Еркеш ИБРАҺИМ».

Осы орайда,   Ғабит Мүсірепов бастап келген ақын-жазушыларға қаламыздың жергілікті ақын-жазушылары  өздерінің ақ тілектерін өлең-жырмен жеткізгендері де біздің назарымыздан тыс қалмады.

«АҚ МАҚТАНЫ ЖЫРЛАЙЫҚ

(Аға жазушы Ғабит бастап келген ақындар сапарына арнаймын)

Сәлем, сәлем ақындар қауымына,

Алыстан арнап келген ауылыма.

Ерекше сәлем берем сезім толқып,

Құрметті Ғабекеңдей бауырыма.

Оңтүстігім «ақ алтынның» аймағы,

Жас арудай көрінесің майдағы.

Гүл жамылған, нұр жамылған даласы,

Дәулетімнің, сәулетімнің айғағы.

Қаратауда қабат-қабат қорғасын,

Дейді ақынға мені де бір толғасын,

Төрт түлік мал өңірімде қаптады,

Шөбі шүйгін, суы шырын болғансын.

Жасыл мақта бойын жазып жайқалды,

Жасыл алқап көк жиекті айқарды.

Сырбай аға, зор тұлғаңнан сыйымды,

Сол мақтаны жырлайтының байқалды.

Замандасым Ғафу менен Еркешім,

Талайдан-ақ отты жырды шертесің.

Жырлап кетші, жырлап кетші толғанып,

Оңтүстіктің қарақ ат көз көз еркесін.

Қуандық дос, тыңнан жазып еңбекті,

Енді бүгін оңтүстікке сермепті,

Мақташылар өмірінен қызықты,

Асқақ әнге текст жазып  бермекші.

Берқайыр дос, келген сонау Жайықтан,

Талай өлең жазып едің қайықтан.

Оңтүстікті ұмытпашы бауырым,

Көңілімді, өмірімді байытқан.

Өмір – дария, Сіздер – қайық жүзетін,

Дариядан інжу маржан сүзетін.

Сол маржанға санарсыздар бауырлар,

Ауылымның алға тартқан ізетін.

Сәлем, сәлем қаламдастар құрметті,

Қуанамыз екі тәулік бірге өтті.

Жерлесіміз редактор Әбен де

Газетінен қияр бізге бір бетті.

Тілегім сол, жыр толқысын, толқысын,

Сірә оқушы көрмей өтсін олқысын.

Ақ мақтаны жырлаңдаршы достарым,

Қоя тұрып сұлу қыздың шолпысын.

                           Жұмабек ЕДІЛБАЕВ.

                      ҒАБИТКЕ

Сөзің – жыр, лебізің күй  дарынды аға,

Жүректен от жалынды ағыт аға.

Арнай бер аянбастан өз халқыңа

Асқақ ой, асыл өрнек – балыңды аға.

Жүзің – жаз, жаның – жомарт  жарқын аға,

Шабытпен шалқып ұдай жарқылда аға.

Айтарым шәкірттік жас жүрегіммен:

Шарықта! Шарықтай түс, сарқылма аға!

                                   Н.НАЗАРОВ.

Газет «Жұмысшы, ауыл-село тілшілеріне көмек» айдарымен  шілде айының №56, 58 сандарында М.Әшірбаевтың «Заметка», Ә.Көпбаевтың «Корреспонденция» материалдарын жариялаған.

СССР Жоғарғы Советінің Жарлығы бойынша аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Хайрулла Башиков «Еңбек, Қызыл Ту» орденімен, Ленин атындағы мектептің мұғалимасы Райса Тихоновна Ярыгина «Құрмет белгісі» орденімен, №386 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Зылиқа Омарова «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен  наградталды,-деп жазылған №66 сандағы «Еңбектері бағаланды» атты ақпараттық материалда.

«Сертте берік тұрып, Отанға 10 800 тонна «ақ алтын» тапсырайық!» деген ұран газеттің 10 қыркүйектегі санында жарияланған. Осы айдар аясында газеттің №73-92 сандарында «Көпмыңшылардың қозғалысы кең өрістетілсін», «Хұрсия мен Зұлпия жарысқа түсті», «Қызыл керуен», «180 тонна үшін», «Отыңмыңшы», «Уәденің үдесінен шығамын», «Сертім – 25 тонна», «Уәде – 250 процент», «Әр адам 100 килограмнан», «Мақтаны жинау мен дайындаудың қарқыны арттырылсын», «Жарыс күші», «Озаттар саны өсуде», «Қырман басында», «Мақта дайындауда әрбір күнді, сағатты тиімді  пайдаланайық», «Ақ алтын айдынында», «Назира бір күнде 512 килограм мақта терді» тақырыбында мақта терімі жайында мақалалар жарыққа шығып, үздік терімшілердің еңбектері «Құрмет тақтасында» көрсетіліп отырған.

Сондай-ақ газеттің 92 санында жарияланған ақын Қаныбек Сарыбаевтың «Замана толғауы» атты толғауы бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтпағандай.

«ЗАМАНА ТОЛҒАУЫ

О мендік,  Қазақстан алтын мекен,

Шартарап шарлай шырқап, шалқып өтем.

Туғанмын игілігіне қарыздар боп,

Қадірмен қазақ деген халқыма мен.

Опырып, омырауын ақ даланың,

Жердің жеті қабатын ақтарамын.

Бүгінгі табиғатты табындырған,

Қазақ боп туғаныма мақтанамын.

Әндетіп домбырамды сабалаймын,

Тыңдаңдар ақыныңды ал ағайын.

Шежіре шешен шешей шертеді сыр…

Тарихтан бермен қарай жағалайын.

Өлкемнің өткенінен қозғаймын мен,

Демеңдер, шаттық өмір келген бірден.

Көшкен жұрт… айдалада аңызақтап,

Айырылған ботасынан боздап інген.

«Басынан Қаратаудың көш келеді

Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді…»

Кешегі қараң қалған қараңғыда,

Зарлының мұңы осылай ескен еді.

Қаңтарда қалтыратып күртік қотан,

Аяздың ауызына ұстап жыртық шапан.

Бишара мал соңында күн өткізіп,

Түндерде қой күзетіп мүлгіпті атам.

Жырымдап жалғаншы өмір алдарқатып,

Айрылмас ауыр бейнет алған сатып,

Қу тесік бір тамағын тойдырам деп,

Боранда бишара шал қалған қатып.

Осындай осындайда күндер өткен,

Өлкемде орнаған жоқ бірден көктем.

Бай, манап бабамыздың  қанын сорып,

Баласын тілім нанға ділгір еткен!  

Алысып мыңмен жалғыз алып адам,-

Абай да жыр көгінде қалықтаған.

Халықтың қамын жеген сондай ұлын,

Қысады құшағына тарих – анам!

Сөйлетіп ел атынан домбырасын,

Қалдырған Құрманғазы мол мұрасын.

Алып күй аспан астын күңренткенде,

Күрмеліп қойлы ауылға қонды лашын.

Ұққандай жас Жамбылдай жаршы ниетін,

Мұңайып зарлы дала күрсінетін.

О Ыбырай – жарық ойлы, сәулелі адам!

Сәуле іздеп бармады айтшы күрсіне кім?!

Ұстатпай бақыт деген қашағаның,

Жылаған жетім Сәбит жас адамың,

Сәбиттің мазаратта түнегенін,

Ойға алсам кәзір көзге жас аламын!

Ғасырлар қасарысқан бұлтты аспанға,

Жас дауыл нажағайын кілт шашқанда.

Тұтаса тұнжыраған түнгі түнек,

Жел қуған қаңбақтайын  сырт қашқанда.

Далада жатқан ұйықтап түнге зеңіп,

Келгенде Ленин бабам күн көтеріп.

Қосыла айбар шекті Аманкелді,

Түз кезіп сарбазымен тіл кезеріп. 

Күн туды көптеп күткен арайланып,

(Күткен-ді осы нұрды талай халық).

Желкілдеп жеңіс туы желбіреді,

Түн кетіп, нұрға шомды маңай жарық.

Октябрь! Бақыт бердің, дәулет бердің,

Еліме шұғылалы сәулет бердің!

Енді әкем байдың емес, өз егінін

Өсірді жарқылдатып дәу кетпенін.

Кешегі көне киіз, күркесінен,

Бықситын сексеуіл жоқ күн песіннен…

Қазағым қала барып, білім қуып,

Сөйледі үлкен өмір мінбесінен.

Келмейді уақытты алып сөзді ұзартқым,

Ішіне енгендей бір мен «жұмақтың».

Жапан түз жайнағанда, жас қала орнап,

Сенбеді өз көзіне өзі қарттың.

-Гүлденіп, қайта жасап, жаңғыр жапан!

-Деп жырын жаңбырлатты Жамбыл атам.

Куәсі екі өмірдің қария ақын,

Сұңқардай бабын тапқан саңқылдаған.

Дүние құдіретіңе тақ тұрамын,

Нақ кеше бала болып шапқыладым.

Ауылда арсалақтап, атой салып,

Шабушы ем қамшылатып ат құлағын.

Жасымнан той-думан мен ұнапты өлең,

Екеуміз барушы едік бір атпенен.

Қасымқан әкем тойда бас ұстаса,

Мен соның қабатында құлақ жегем.

Дүние құдіретіңе тақ тұрамын,

Кенет сен оқ түтетіп атқыладың.

Кетпенін маған беріп сүйікті әкем,

Соғысқа кетті…Мұңға батты жаным.

Дәл кеше жалын атып көкірегімнен,

Көзімнен жас аралас кек төгілген.

Құрбымды көтергенде әкесі кеп,

Мен сорлы жылап жатқам етпетімнен…

Уа, Отан жасасаң да отты мейірім,

Әкемді ойланумен өтті кей күн.

Мен көрген сол сойқанды еш ұрпақтар,

Ешқашан көрмесе екен деп тілеймін!

Жауменен жағаласып дабыл шеккен,

Халқы үшін соңғы қасық қанын төккен.

Мәншүкті, Әлияны, Төлегенді,

Партиям қайтпас қайсар жалынды еткен!

Әке ісін анам менен мен істегем,

Қос айдап, арық-атыз тегістегем.

Фашистік рейстакқа  туын қадап,

Ауылға қайтты ағалар жеңіспенен.

Еңсені басқан ауыр зіл тарқады,

Алға алып кетті бізді жылдар тағы.

Қайнатып бейбіт еңбек қазандарын,

Пісірдік тапқа Қызыл құмды, арқаны.

Тербеліп сайда мақта, дөңесте егін,

Даламнан созды завод өңештерін.

Көрдік біз долы бетпақ беткейінде,

Су барып, мақта бітіп, төл өскенін.

Бұрынғы бедеу жатқан жері атамның,

Біздерге бермесіңді бере қалдың.

Көтердік тың даладан тың миллиард,

Орденді Қазақстан ер атандың!

Жортатын тек баурын жазып елік,

Қойнауын Қаратаудың қазып едік.

Кенді тау елді тауға айналды да,

Тулаған тірлік туды сазы келіп.

Бал бұлақ, бақшалы өңір, асыл көрік,

Бұл жердің сұлу еді жазы нелік.

Мұқтардың өзі аралап ат қойған соң,

«Кентауды Қаратаудың тажы» дедік.

Жамылған жасыл желек даламыз бар,

Ғажайып гүл жазира қаламыз бар.

Қамқоршы партияға жаны разы,

Ержеткен қазақ халқы – анамыз бар!

Келмейді уақытта алып сөзді ұзартқым,

Өзі деп қиялдаған мен «жұмақтың».

Бүгінгі гүл жайнаған күнді көріп,

Сенбейді өз көзіне, өзі қарттың.

О, мендік, Қазақстан байтақ елім,

Неткен сен сұлу едің, жайнақы едің!

Дәл сендей дүниеде күн сәулелі,

Жер жоқ деп бар дауыспен айтар едім!

Өмірдің өрмелеумен шатқалаңын,

Алғы күн, азығыңды ап барамын!

Адамзат болашағын қалап жатқан

Қазақпын! Мен сол үшін мақтанамын!

Малым бар қаптап жатқан өріс толы,

Бағым бар сақтап жатқан жеміс қорын.

Жаным бар ақтап жатқан ел сенімін,

Келемін батыл аттап жеңіс жолын!

Қазағым қырыққа кеп қылшылдадың,

Тойыңа толғап келді жыршыл жаным

Қиқая таусылмайтын қырықтағың,

Япырай қандай болмақ мың жылдағың!

О, мендік Қазақстан еркең едім,

Тірлікте бір сен үшін тер төгемін!

Бүгінгі сенің тойың, менің тойым,

Тост ұстап тебірентіп, тербелемін!

                             Қаныбек САРЫБАЕВ».

Аудандық ХХҮІ партия конференциясы сайлаған ҚКП аудандық комитетінің бірінші ұйымдастыру пленумы болды» деп жазады газеттің 23 қарашадағы 94-нөмірінде, Пленум ҚКП аудандық комитетінің бірінші секретарлығына Ә.Момынов жолдасты, екінші секретары етіп А.Мамутов жолдасты, үшінші секретары етіп Ж.Шойбеков жолдасты сайлады.

Жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 60 жыл толуына орай ақын Қаныбек Сарыбаевтың «Бостандық», «Сәбитке» деген өлеңдері «Қазақ ССР-нің 40 жылдығына», «Замана толғауы» деген толғауы жарияланды.

Газеттің 102 нөмірдегі «Пионерлердің бағалы бастамасы» деген мақалада аудан пионерлері 1961 жылы 10 300 құс, 2300 қоян өсіру, 300 тонна металл сынығын жинау, 450 пионер нұсқаушыларын даярлау және 10 километр келетін көше бойларына ағаш отырғызуға міндеттенгені жазылған.

Қаладағы 1 май алаңынан жаңа кең экранды кинотеатр салу қолға алынды.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы