Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық білім бөлімінің, аудандық «Мақтаарал» мәдениет үйінің біргелікте ұйымдастыруымен жас ақындардың арасында айтыс болып өтті. «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» тақырыбында онлайн режимінде өткен айтыстың басты мақсаты – оқушылар арасында ақынның шығармаларын дәріптей отырып, еңбектерімен таныстыру, айтыс өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру, сөз саптау, ұйқас құрастыру, тақпырлық пен шешендіктерін шыңдау болып табылатын жыр аламанына аудан мектептерінен жас ақындар қатысып, бақтарын сынады.
Барлық қауіпсіздік және санитарлық талаптар сақталып өткізілген сайыста жас ақындар туған елдің табиғаты мен ғұламаларын, ақынның шығармаларын, тапқырлықтарын жырға қосты. Ұтымды әзіл айтып, бір-біріне сұрақ қойды, құрмет көрсетті.
Жыр аламанының соңында жүлделі ІІІ орын алған «О.Бапышев» жалпы орта мектебінің оқушысы Жандос Дайрашов пен «Ы.Алтынсарин» жалпы орта мектебінің оқушысы Шеге Орынбасар, ІІ орын алған «Х.Доспанова» жалпы орта мектебінің оқушысы Альбина Идирисова мен «Абай» жалпы орта мектебінің оқушысы Ұлбосын Рахым және І орын иеленген «М.Ғабдуллин» жалпы орта мектебінің оқушысы Рахат Тоқсанбайға ұйымдастырушылардың арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Б.НАЙМАНОВ.
