Шымкенттен облыс орталығына қоныс аударған нотариаттық палата биылғы төл мерекесін Түркістанда атап өтті. Рухани шаһардағы Әділет департаментінің жанына жайғасқан орталық алдағы уақытта ел игілігі үшін қызмет жасамақ. Айта кетейік, нотариат – азаматтық құқықтар мен заңдық нысандарды куәландыру жолымен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін заң жүзінде бекітуге бағытталған нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын органдар жүйесі. Дәстүрлі түрде 22-інші рет тойланып отырған кәсіби мейрам аясында арнайы жиын өткізіліп, оған өңіріміздегі аталмыш саланың қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Өз кезегінде сөз алған облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев, облыстық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы Қайрат Қамбаров сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ, Әділет департаментінің атынан еселі еңбек еткен бірқатар мамандарға алғыс хаттар тапсырылды.
– Нарықтық экономикалық қатынастарға өту мен кәсіпкерліктің дамуына меншік нысанының алуан түрлілігіне байланысты Қазақстанда нотариат реформасы қажет болды. 1997 жылы 14 шілдеде «Нотариат туралы» заң қабылданды. Бүгінгі таңда нотариустер қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Осы мезгілде біздерге ауызбіршілік қажет. Әрбір аймақтың нотариустары дұрыс шешім қабылдауға өз септіктерін тигізуде. 2018 жылы Елбасының жарлығымен Түркістан облысы Нотариаттық округі болып бөлініп шықтық. Қазіргі таңда өңіріміздің нотариаттық палатасында 188 нотариус қызмет атқарады, – деді баяндама барысында Сарыағаш қаласының нотариусы Гүлжамал Жарылқасымова.
Сонымен қатар, облыстық нотариаттық палатаның төрағасы Раимқұл Исахов Республикалық нотариаттық палатаның атынан тағайындалған «Нотариаттық саладағы адал еңбегі үшін» төсбелгілері мен құрмет грамоталарын және алғыс хаттарын жұмысында жауапкершілікпен табандылық танытып көзге түскен білікті мамандарға беріп, төл мерекелерімен құттықтады. Жиынды қорытындылаған ардагер нотариус, қаламыздың «Құрметті азаматы» Назар Төлеген әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізіп, ауызбіршілікте жұмыс жасауға шақырды.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».




